Жарнама
Экономика

БІЗДІҢ СЫНШЫМЫЗ – ТҰТЫНУШЫ

 

КЕШЕГІ КҮЙБЕҢ ТІРЛІКТЕН – БҮГІНГІ БИІК БЕЛЕСКЕ

— Нұрадин Шамшатұлы, өңірде жылу энергиясын тарату қалай басталып еді?

— Көп нәрсенің құны таразыға тартылғанда білінеді. Тарихтың бастауына көз салғанда, өткен ғасырдың орта шенінде қалада қызмет істеген 55 қазандықтың негізінен  қара маймен қыздырылғанын, соның салдарынан төңірегіне қою түтін таратып, экологиялық ахуалды әбден асқындырғанын айтар едік. Әсіресе, жылу науқаны кезінде бұл қазандықтарға айрықша күш түсіп, бар қуатын сарқа жұмыс жасайтын. Сол кездегі қала аспанының қандай күйде болғаны көнекөздердің әлі де жадында шығар. Қазандықтардың жаны түгілі, күллі қалада демалу мүмкін емес еді ғой.

Содан алпысыншы жылдары Гурьев жылу орталығы пайдалануға берілді. Әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамту қажеттігі туындады. Қаланың әр бөлігінде бір-бірден қазандық орнатқаннан гөрі, осындай тәсілдің тиімділігі туралы айтыла бастады. Бұл экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да сол кездің талабына сәйкес келетін еді. Әрі орталықтандырылған жылу жүйесі бұл бағыттағы жұмысты басқаруда да жеңілдік туғызды.

Сөйтіп, өзіне жылу жүйелері мен ғимараттарының техникалық қамтылу, одан әрі қызмет істеу және тұрғындарды қамтамасыз етуміндетін алатын тұтас құрылым пайда болды. Гурьев жылу-электр орталығы осылай құрылған-ды. Бұл туралы маған дейін менің әріптестерім де айтып өткен-ді.

Енді, осы орталық құрылымның құрамдас бөлігі ретінде жылу энергиясын тарату мекемесі керек емес пе? Бір кәсіпорынның әрі жылу шығарып, әрі оны тұтынушыға жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Сөйтіп, 1974 жылы Гурьев жылу-электр орталығы кәсіпорнының базасында «Гурьевэнерго» басқармасы құрылды. Бұл, сайып келгенде, алғашқы жылу энергиясын тарату мекемесі болатын.

Оның бастапқы жұмыс жасау кезінде қорында небәрі бірнеше шақырымдық қана жылу желісі бар еді. Әйтсе де, сол кезде қалада құрылыс қарқынды жүргізіліп, бірнеше көппәтерлі үйлер жедел қатарға қосылды. Солардың бәрін орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету қажеттігі туындады.

Әсіресе, 1974 жылы қаладағы құрылыс ерекше қарқын алып, қазіргі Авангард ықшамауданына дейін магистральды жылу желісін тартуға тура келді. Ал, 1978 жылы осындай желілер Вокзал маңы ықшамауданын да қамтыды. Сол сәттен бастап жылу желісінің оның орталық көзінен қашықтығы 11 км құрады. Бүгінде магистральды жылу құбырының жалпы ұзындығы 40 шақырымнан асады. Бұл шағын уақыттағы аз  жетістік емес.

Ал, 1994 жылы аудандық қазандықтың қатарға қосылуына байланысты қаланың оң жақ бөлігінде орталықтандырылған жылумен қамту қызметі екі құрылымнан жүзеге асырыла бастады. Бұл да жеңіл шаруа емес еді. Жаңа технологияны меңгеруге, тың техникаларды қолданысқа енгізуге тура келді. Міне, осы істің бастауында болған Уәли Мизамғалиев, Леонид Ли, Еламан Ильясов, Аманжол Аяпбергенов, Қуаныш Борин, Евгений Агапов тәрізді талантты инженерлерді бүгінде ерекше құрметпен атауға болады. Ал, қарапайым еңбек адамдары Кадим Елеусінов, Виктор Валышев, Геннадий Зверов, Василий Пастухов, Балабай Тауров, Аққали Серіков, Қуанәлі Бегайдаров, Владимир Есенбаев, т.б. төккен тері текке кеткен жоқ.

— Оның бер жағында кейбір құрылымдық өзгерістер болды.

— Содан 1997 жылы жылу жүйелері кәсіпорны «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының филиалы болып, соның бір өндірістік буынына айналды. Әрине, кезінде мұндай құрылым да сол сәттегі қажеттіліктен туындаған-ды. Ол уақытында өзін ақтады деуге де болады.

Әйтсе де, бір жылдан соң «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы өз алдына отау тігіп, дербес шаруашылық нысанына айналды. Мұндай қажеттілік жылу энергиясын шығару мен таратудың тиімділігін арттырып, тұтынушылар талабын толығымен қанағаттандыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру керектігінен туындады. Расында да, жылу энергиясын шығару бөлек те, оны шығынсыз тарату тіпті басқа шаруашылық нысаны еді ғой.

Сөйтіп, жаңа кәсіпорынға бүкіл магистральдық және кварталішілік желілерімен 38 орталық жылу тіректері берілді. Сол кезде жөндеу-пайдалану басқармасы да таратылып жатқан-ды. Енді соның да міндетін біз атқаратын болдық.

Расы керек, кәсіпорын алдына күрделі міндет жүктелді. Ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдары күллі республикаға тән қиыншылықтарды біз де бастан кештік. Өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары әлі есте. Қажетті қондырғылар жетіспеді, тесік тұрбалардан далаға тараған жылу тұтынушыға жетпеді. Жұртшылықтың ретті ренішіне тап болдық. Жасыратын несі бар, тесілген тұрбаны бітейтін тетік таба алмай, ағашпен жауып та жүрдік қой. Күнделікті күйбеңнен бас көтере алмадық. Содан қазіргі биікке көтерілгеніміз кейде өң мен түстей әсер қалдырады.

ЕҢСЕ КӨТЕРГЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ  БАҒДАРЛАМА

— Соңғы жылдары кәсіпорын өзіне бірнеше инвестициялық бағдарлама қабылдады.

— Шындығын айтқанда, біздің еңсемізді көтерген де осы инвестициялық бағдарлама. Соңғы үш-төрт жылда «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегеновтің басшылығымен «Атырау жылу-электр орталығының» қуаты бірнеше есе арттырылды. Тек қана электр емес, жылу энергиясының да қоры өсіп, тұтынушылардың қандай тапсырысы болса да өтеуге тұрарлық деңгейге жеткізілді. Мұның бәрі толағай табыс емес пе? Ендеше, қыруар қаржы жұмсалып, осындай ірі жобалар межеге жетіп жатса, жылу энергиясын тұтынушыға шығынсыз тарату талабы да туындамай ма? Міне, біз өз жұмысымызды осы міндет үдесінен қайта құруға ұмтылдық. Сөйтіп, уәкілетті органдармен бірлесе отырып, өзімізге нақты инвестициялық бағдарлама қабылдадық.

Ал, осы бағдарлама қалай жүзеге асады? Оған қаржы қайдан алынады? Турасын айтайын, оның құрамдас бөлігінің бірі болып тариф аталады. Яғни, оған өзгерістер енгізіледі. Бірақ, бұл ретте не көзделеді? «Монополистер байып жатыр, халықтың қалтасына түсуде» деген теріс түсінік те жоқ емес. Мұндай желсөзді таратушылар мәселенің мәнісіне терең бойламайды. Өзіңіз айтыңызшы, қазір көшеде жарық тұрбадан далаға кетіп жатқан ыстық суды байқайсыз ба? Үйді емес, көшені «жылытып» жатқан жылуды көресіз бе? Кезінде, ішінде «Атырау» газеті де бар, БАҚ өкілдері бізді жан-жақты сынап жатты. Еш ренішіміз жоқ. Шындығында, жұмысымызда көптеген кемшілік болды. Басымызға тартсақ, аяғымызға жетпейтін қысқа көрпе күрмеуге келмеді.

Міне, осындай қиындықтардың бәрінен бізді инвестициялық бағдарлама құтқарды. Соның аясында атқарылған шараларды қайталап жатпайын, олар кезінде газет беттерінде кеңінен жарияланды. Өйткені, біз ашықтық саясатын ұстандық. Жұмсалған қаражаттың нендей жағымды жаңалықтарға ұласқанын жұртшылықтан жасырғанымыз жоқ. Жылына бірнеше рет жоспарлы түрде уәкілетті және мемлекеттік құрылымдардың басшылары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысқан медиа-турларда жасалған жұмысымызды жайып салып, барлық жаңа нысандарымызды көрсетіп шығамыз. Бұл – мақтаншақтығымыз емес, атқарған ісіміздің есебі.

— Қазір қаланың сол жақ бөлігінің сұранысы толық қанағаттандырылды ма?

 — Солай айтуға негіз бар. Жайық үстіндегі орталық көпірдің астындағы магистральды жылу құбыры өткен ғасырдың орта шенінде тартылған-ды. Содан бері қалада қаншама өзгерістер болды. Бүгінде облыс орталығының әуежай беті нағыз құрылыс алаңына айналған. Мұнда қаз-қатар тізілген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайда болды. Тұтас ықшамаудандар бой көтеруде. Шетелдік компаниялардың кеңселері бар. Міне, солардың бәрін жылу энергиясымен жеткілікті қамтамасыз ету үшін байырғы құбырдың әлсіздігі сезілді. Ол жаңа нысандар түгілі, бұрынғы тұтынушылардың да қажеттілігін өтей алмады. Шұғыл ауыстыруға тура келді. Ал, бұл жеңіл шаруа ма еді?

Немесе Вокзал маңы ықшам-ауданына тартылған ескі құбырды жаңарту үшін темір жолдан өтуге тура келді. Көлік қозғалысына байланысты «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының Астанадағы басшылығынан рұқсат алынды. Екі ортада қаншама қатынас хаттар жолданды. Өзге де жұмыстарды жүзеге асыру үшін ұйымдастыру шараларын ұтымды өткізуге тура келді.

Кезінде кейбір тұтынушылар үйлеріне дербес қазандықтар орнатып, біздің қызметімізден бас тартқан-ды. Әрине, бұл – олардың құқы. Кім сапасыз қызметке сенім білдіреді? Ал, қазір сол тұрғындардың көбі кері оралып жатыр. Демек, тұтынушылар саны да артуда. Ал, біз тағы да қатарымызға қосылушыларды жылу энергиясымен жеткілікті қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.

ЕР ЕСІМІ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНЕДІ

— Ұжым жөнінде айта кетсек. Сайып келгенде, бүгінгі биіктік солардың күшімен алынды емес пе?

— Әрине. Алдымен, білікті инженерлер Жанұзақ Абулғапаровты, Ерқосай Оразалиевты, Әлібек Темірғалиевты, Андрей Жандинді атар едім. Олар шын мәнінде кәсіпорынның барлық тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін мамандар. Пайдалану аудандарының басшылары Владимир Кольцов, Жолдас Қазанбаев, Забир Киікбаев, жылу инспекциясының басшысы Анатолий Дауылбаев, инженер-инспектор Иван Лавриненко, т.б. – мекеменің мақтаныштары. Әрине, қатардағы еңбек адамдарынсыз түк те бітпейді. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа күйіп дала жағдайында бар шаруаны тындыратын да солар. Осы орайда газбен дәнекерлеушілер Орынбасар Баймақашев, Александр Пермяков, эксковатор машинистері  Олег Зеликов, Базарбай Тәшімов, жүргізушілер Сергей Голованов, Мәжит Зыналиев, автокраншылар Павел Кехаев, Масқар Әбілов, Нұрболат Өтеғалиев, Қайрат Қаракенжин, т.б. есімдерін ерекше атар едім. Жалпы, кәсіпорында қызмет істейтін 650-ден аса адамның бәрін де озаттар санатында санаймын. Олардың бірі көп жылдардан бері, екіншісі аз ғана уақыт еңбек етсе де, ортақ мақсат жолында жұмылғандар. Біз олардың бәрін мақтан тұтамыз.

Қазір біздің қорымызда 420 шақырымдық жылу желісі бар. Сонымен қатар, 44 орталық жылу қондырғысы мен екі сорғы стансасын қамтамасыз етеміз. Осы имараттардың бәрін тәжірибелі мамандармен бірге жас кадрлар да қамтып отыр. Өмір заңы – қарттарды жастар алмастырады. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, бүгінде ұжымның өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Үлкендер кішілеріне қамқорлық танытады, білгенін үйретеді. Сөйтіп, ізбасары ретінде орнында қалдырады. Сырттан маман іздеп жатқанымыз жоқ. Бәрі де осы жердің тұрғылықты адамдары.

«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамында үш қызметкер «ҚР-ның еңбек сіңірген энергетигі» атағына ие. Тағы екі маман еліміздің Құрметті энергетигі саналады. Сонымен қатар, жиырма шақты қызметкер-облыстық энергетикалық жүйенің ардагерлері.

Еңбек адамына тұрмыстық және өндірістік жағдай туғызу – біздің міндетіміз. Осы орайда олардың жұмыс орындарында киініп-шешінетін шкафтар орнатылды, тоңазытқыштармен жабдықталды, салқындатқыштар қондырылды. Кәсіпорын қызметкерлері Алматы қаласындағы «Көктем» сауықтыру үйінде демалады. Олардың балаларының да жазғы демалысын ұтымды ұйымдастырып отырмыз. Ардагерлеріміз ұдайы қамқорлыққа ие. Ешбір мерекелік шаралар олардың қатысуынсыз өтпейді. Сыйлығымызды ұсынып, қаржылай қолдау көрсетеміз. Бұл ретте «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов мырза да барлық бастамамызды қолдап келеді.

Кәсіпорын жыл санап техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып отыр. Міне, бірнеше жылдың жетегінде еш апатсыз жұмыс жасап жүрміз. Оған, әрине, инвестициялық бағдарлама аясында жабдықтарымызды жаңғыртып, қондырғыларымызды жаңартқанымыз себеп. Осы жылы да қомақты іс тындырдық. Алдағы уақытқа да үлкен жобаларды жоспарлап отырмыз. Демек, келешек биіктерге ұмтылудамыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button