Биыл Махамбет ауданында 13,5 шақырым жол салынады
Бұл туралы аудан әкімі Ринат Жанқылыш мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауданда барлығы 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық, 260 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Республикалық жолдардың 100 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 95,9 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
— «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы Ақтоғай, Талдыкөл, Бейбарыс ауылдарының ауылішілік автомобиль жолдарын және Аққайың ауылының кірме жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, өткен жылы Таңдай ауылының 2 км ішкі жолы тротуарымен қоса күрделі жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сарытоғай ауылының 10,9 шақырым ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 7 шақырым асфальт және 1,8 шақырым жау жүргінші жолы төселді,-деді ол.
Сонымен қатар Р.Жанқылыш аудандық бюджет есебінен Махамбет ауылы ішінде 300 шаршы метрді құрайтын 9 жерден шұңқырлық жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Бұған қоса аудан бойынша 80 дана жол белгілерін орнатуға, 23 дана жасанды жол кедергілерін орнатуға жоспарлануда. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі маусым айының алғашқы аптасы.
Аудан әкімінің айтуынша, Жалғансай ауылының 9,6 км ауылішілік автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысы басталды. Ал, Талдыкөл ауылының 9 шақырым, Ақтоғай ауылының 3,2 шақырым кірме жолын, Алға, Таңдай ауылының 5,2 шақырым ауылішілік автомобиль жолдарын жолын күрделі жөндеуге тиісті қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алулар өткізілуде.
Бұған қоса аудандық әкімдігімен «Проект Строй Инжиниринг» ЖШС-мен меморандум жасақталып, бір жобамен Ортақшыл, Есбол, Еңбекшіл ауылдарына және Сарайшық ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Жобаның аяқталу мерзімі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.