Бюджеттің қалыптасуы өңірден басталады
Жолдауда баса назар аударылып, басымдық берілген бағыттың бірі бюджет саясатына, оның қалыптасуына қатысты болды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл салада қордаланған мәселелердің түйінін тарқату үшін ең алдымен жаңа салық кодексі қабылдануы қажет. Мұның өзі бюджет жүйесін реформалап, жаңа жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бюджетті қалыптастыру үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түспек.
Бұған қоса, халыққа Жолдауында Президент бюджет саясатының тиімділігіне қол жеткізу үшін қашан да жаңа мүмкіндіктер мен тың тәсілдерді пайдалану қажеттігін алға тартып отыр. Соған байланысты ел Үкіметіне бірқатар мен министрліктер жекелеген аймақтар үшін пилоттық режимдегі толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізу жөнінде нақты тапсырма да берілді.
Осы жерде бюджеттің өзі салықтан құралатынын ескерсек, жаңа экономикалық үлгіге көшкен жағдайда өңірлердің осы мәселе төңірегіндегі дербестігін көтеруге күш салу керектігін де естен шығармаған абзал. Атап айтар жайт, осыған дейін де қолданыста болып келген корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін немесе жинақталатын кірістердің белгілі бір бөлігін өңірлердің өзіне беру тәжірибесі оң нәтиже көрсеткеніне көзіміз жетті.
Сайып келгенде, бюджеттің қалыптасуы өңірден қалыптасатыны мәлім. Сөйтіп, аймақтарға дербестік беру арқылы біртіндеп жергілікті бюджет құрылымындағы республика қазынасынан бөлінетін трансферттің үлес салмағын мейлінше азайтуға жол ашады. Тек сонда ғана өңірлер өздерінің салықтан құралатын бюджетке иелік ету мәселесіндегі дербестігін сезінері сөзсіз. Соған сай бақылауды да нығайтқан артық емес.
Ғилаж БЕКМҰҚАНОВ,
қаржы саласының ардагері,
Атырау қаласы