Жарнама
Экономика

Бір тиыннан – екі теңге

Елдің бірнеше өңірін аралап келе жатқан «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты экспедиция мүшелері облыс тұрғындарының хал-ахуалымен танысып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстармен танысуда. Экспедиция сапары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызының жетекшілігімен Махамбет ауданынан басталды.

Жайық бойындағы жақсылықтар

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүзеге асып жатқан кәсіпкерлік нысандарын аралап жүрген экспедиция мүшелеріне бағдарламаның орындалуы туралы баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие беру, шаруа қожалықтарының иелеріне берілетін субсидия жөнінде тұшымды ақпараттармен бөлісті. Оның айтуынша, аудандарда кәсіпкерлер мен қожалық иелеріне, сондай-ақ кәсіп ашуға ниеті бар жандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілген.

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындар бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке ресімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме неғұрлым төмен. Мәселен бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдік инфляция деңгейін ескерсек, 2,5 пайыздық несие өте тиімді. Несие немесе микронесие мерзімі – бес жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – жеті жылға дейін. Сондықтан ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін мұның маңызы зор, — деді бөлім басшысы.

Басқарма өкілінің айтуынша, микрокредит қаржысының мақсатты жұмсалуы да қадағаланады. Сенім білдірілген өкіл саналатын «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді.

– Микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуына үнемі мониторинг жасалады. Қарыз мақсатты жұмсалмаса айыппұлдар, қаржыны мерзімінен бұрын қайтару секілді шаралар қарастырылған, — деді Т.Ғұбайдуллин.

Игілігі мол «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеңілдетілген несиеге ие болған жас кәсіпкерлердің бірі – Махамбет ауылының тұрғыны Ерасыл Ерболатов 8 миллион теңгеге жуық несие алып, ауданнан наубайхана мен шағын маркет ашыпты. Қазір күніне 100 бөлке нан пісіретін наубайханада бес адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпкер өзге де нан өнімдерін дайындауды жоспарлаған. Ал, кәсіпкердің шағын маркет сөрелерінен дәстүрлі жеміс дақылдарынан бөлек, экзотикалық жемістер мен көкөністерді де табуға болады. Жас кәсіпкер бағдарлама шартында кепілдің болуы көп жастардың басты мәселесі екенін жасырмады.

Тағы бір махамбеттік Әсел Мадаминова осы жобаға қатысып, кәсібін дамытқан. Ол үш жылдан бері өз үйінен тез дайындалатын тағамдарды тапсырыс бойынша дайындапты. Сұраныстың артқанын байқаған жас кәсіпкер жеке нысан ашуды көздейді. «Ауыл аманаты» жобасын естіген ол бағын сынап көреді. Осылайша оның жобасы үздіктер қатарынан табылып, кәсіпкер тұрғындардың сұранысына ие «Айс кофе» кофеханасын ашады. Таңғы сағат сегізден түнгі он екіге дейін жұмыс істейтін аудандағы тұңғыш нысан болғандықтан бүгінде «Айс кофенің» тұтынушылары көбейіп келеді.

– Ойымды жолдасым да бірден қолдай кетті. Шаруамыз оңынан үйлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 8,6 миллион теңге несиеге қол жеткіздік. Оны кофеханаға арналған шағын ғимарат салуға, кофемашина, кофе ұнтақтауға арналған аппараттарды алуға жұмсадық. Кофе дәндерін ресми дилерден аламыз. Ерінбей еңбектенген адамға өкімет тарапынан қолдау бар. Енді кәсібімізді дамытуды көздеп отырмыз, — деді жас кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпке икемі бар азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігі мол. Ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған ауданның тұрғындары көбіне мал шаруашылығына сұраныс білдірген.

Облыс орталығынан 30 шақырымдай қашықтағы Алға ауылынан шығыс бағытқа қарай 15 шақырымдай жерде Егіз арнасының іргесіндегі «НұрАрыс» шаруа қожалығының құрылғанына он шақты жыл болыпты. Басында ірі қара мен ұсақ жандық өсірген шаруалар былтыр осы жоба аясында 8 миллион теңгеге 10 түйе сатып алған. Қожалықтың төрағасы Марал Әуелбаевтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеуі бірінші рет екен. Бүгінде сауылған түйе сүтін сатып отыр, тіпті тұрақты тұтынушылар да бар. Басты мәселе – электр жарығы мен техниканың жоқтығы жұмыстың жандануына қолбайлау болуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына өтінім қабылдау басталғанын айтты. Оның айтуынша, лизингпен техника және отандық көлік жабдықтарын алғысы келген фермерлер биылдан бастап өтініш бере алады. Ол үшін мемлекет 100 миллиард теңге бөліпті.

– «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы елімізде өндіріліп құрастырылған отандық ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған. Өтініштер компанияның Telegram-боты арқылы қабылданады. Өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінде тұтынушы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на қажетті құжатты өткізуі тиіс, — деді Т.Ғұбайдуллин.

Шырайы кірген малды өңір

Келесі күні таңда экспедиция мүшелерімен бірге төрт түліктің мекені – Қызылқоға ауданына аттанып, сәске уақытында аудан орталығына жеттік. Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге бір топ ауыл тұрғыны жиналды. Еркін форматта өткен кездесуге қатысқан депутаттар мен ардагерлер ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ойларын білдіріп, Сәуле Мешітбайқызымен пікір алмасты.

Елдегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту туралы ұсынысын білдірген аудандық мәслихаттың депутаты Есенбай Нұров пайымды пікірін айтты.

Аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық өкілдігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Алтынзер Баймұратова 27 тұрғынның жоба арқылы несие алғанына тоқталып өтті. Осылайша аудан көлемінде ауыл тұрғындарының өз кәсіптерін ашып, бұрынғы ісін кеңейтуге қолдау жасалуда. А.Баймұратованың айтуынша, ауылдық жердегі тұрғындардың табысын арттыруды көздеген аталған жоба аясында 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені алуға 50-ден астам тұрғын қызығушылық танытыпты. Қазір құжаты мақұлданған 27 адамның жобасының жиынтық құны 224 миллион теңгеге бағаланған.

– Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жүзеге асырыла бастаған жобаға Миялы ауылының тұрғындары белсенділік танытса, Мұқыр мен Сағыз ауылдық округінен 4 тұрғын, Жангелдин, Көздіғара, Тайсойған, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінен бір-бірден несие ресімделді. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл аударған 23 тұрғынның ұсынысы қаржылай қолдау тапса, өзгелері жылыжай, көлік жуу, жеңіл және «ГАЗель» автокөліктерін алып, кәсіптерін жалғауда. Осы жобаға қатысуға ниетті азаматтардың қатары да өсіп келеді. Енді жобаның ашылуын күтіп отырмыз, — деді Алтынзер Бағытжанқызы.

Аудан әкімі Қанат Әзмұханов кәсіпкерлікті дамытудың қиындығы болғанымен, «Ауыл аманаты» жобасы жұмыссыз отырған азаматтар үшін қолынан келетін істі үйде отырып-ақ іске асыруға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

Күн еңкейе Ақтөбе облысымен шектесетін Сағыз ауылына жетіп, аталмыш жоба бойынша кәсібін дөңгелентіп отырған Өтеғали Мүтиевтің көлік жуу орталығына тоқтадық. Жас кәсіпкер үнемі ізденіс үстінде екен.

Экспедиция мүшелерін күтіп алған ауылдық округ әкімінің орынбасары Әйгерім Кеңесованың айтуынша, ауылда ілгерілеушілік көп. 8 мыңдай халық тұратын округтің жылдық бюджеті 1 миллиард теңгеден асыпты, ал әкім аппаратында 9 маман жұмыс істейді.

Мұнайлы өңірдегі сапарының межелі күнінде Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қабылдауында болып, бүгінгі жастар тәрбиесі, кітап пен газет-журнал оқу үрдісін қалыптастыру, руханияттың жай-күйі хақында емен-жарқын пікір алысып, құнды ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button