
«…БІЛМЕЙ ҚАЛДЫҚ?!» Ал заңсыз, артық аударылған ақшаны неге кері қайтармаған?
Мұнайлы өлкеде «онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру және спорт ұйымдарындағы қаржылық заңсыздықтардың беті ашылды. Осылайша, қазына қаражатының мақсатсыз жұмсалу деректері анықталып отыр. Мониторинг нәтижесі бойынша бюджеттік мекеме қызметкерлеріне артық аударылған ақша мемлекетке кері қайтарыла бастады.
Ашықтық пен есептілік – елдің даму тетігі
Иә, мемлекет қаржысы – елдің даму тетігі, халықтың әл-ауқатын арттыру құралы. Бұл қаражат – әрбір салық төлеушінің адал еңбегімен жиналған қор. Сондықтан оның әрбір тиыны ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Десек те, кейбір жағдайларда бюджет ақшасын тиімсіз пайдаланып, оны оңды-солды жұмсау деректерінің анықталып жатқанын естіп, біліп жүрміз. Мұндай келеңсіздіктер ел дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жұртшылықтың мемлекетке деген сенімін төмендететіні сөзсіз. Өйткені, қаражаттың жеткіліксіздігі мектеп, аурухана, жол салу секілді жобаларды жүзеге асыруда кедергі келтіріп отырған жайы бар. Ал сондай кезеңдерде қаражаттың орынсыз іс-шараларға, көрсетілмеген қызметтерге, жалған жобаларға жұмсалып жатқанын естігенде «әттеген-ай» деуден өзге амал қалмайды.
Қазына қаражатының дұрыс әрі тиімді пайдаланылуы – мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігіне тікелей байланысты. Демек, қаржының нақты жоспармен бөлініп, тиісті бақылауға алынуы – мемлекеттік органдардың басым бағыты болуы тиіс. Бүгінде цирфландыру мен ашық бюджеттік порталдар арқылы бюджет ақшасының қайда, қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік бар.
Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, «онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесі арқылы өңірдегі 63 білім беру, 8 дене шынықтыру, спорт ұйымы, 6 денсаулық сақтау мекемесіне мониторинг жасалып, нәтижесінде 132 млрд. теңгеге нақты тексеріс жүргізілген. Яғни, мемлекеттік аудит нысандарына шықпай-ақ электронды түрде қаржылық бақылау арқылы жедел шаралар қабылдауға, бюджет ақшасының негізсіз пайдаланылуына жол бермей, жымқыру деректерінің алдын-алуға мүмкіндік берілген. Тексеріс барысында есептелген ақыларды бірнеше рет аудару, іссапар шығындарына негіз болмауы, 1С бағдарламасымен қызметкерлердің жеке мәліметтерін қате енгізуі салдарынан 37 млрд. теңге заң бұзушылық фактілері анықталған.
11 млн. теңге жалақы төлепті
Мәселен, былтыр С.Шәріпов атындағы Доссор мектеп-интернатының бас есепшісінің карт-шотына жалақы түрінде 8,1 млн. теңге және мектеп директорына 11,7 млн. теңге бюджет қаржысы бойынша заң бұзушылықтар анықталып, артық аударылған ақшаны қазынаға кері қайтару үшін хат-хабарлама жолданған. Осылайша, бас есепшіге өткен жылғы еңбекақыдан артық аударылған 2 млн. 421 мың теңге, 51 мың теңге іссапар шығыны, 250 мың теңге сыйақы, директорға жіберілген 217 мың теңге, 593 мың теңге сыйақы кәсіпорын шотына аударылып, бүгінде бюджетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ осы мекемеге жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар қызметкерге қаражаттың артық аударылғаны белгілі болды.
Осындай кемшіліктер Исатай аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерден де анықталған. Айталық, аталған аудандағы екі орта мектепте бір есепші қызмет атқарып, өткен жылы жалақы көлемінде бір білім беру ұйымынан 3 млн. теңге, екінші мектептен 2 млн. 900 мың теңге артық қаржы аударылыпты. Қазір заңсыз аударылған ақшаны бюджетке кері қайтару шаралары қолға алыныпты.
Облыстық білім беру басқармасы тарапынан аталған мекемелерге ұсынылған хабарламалар тиісінше орындалмай, Еңбек кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруге хат жолдадық. Бүгінде атқарылған жұмыстар туралы ақпарат күтіп отырмыз. Осындай жағдайлар №43 жалпы білім беретін орта мектеп, Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, С.Зиманов атындағы №37 орта мектеп, Н.Балғымбаев атындағы №42 орта мектеп, Ө.Атамбаев атындағы №8 орта мектеп, Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп, №44 мектеп-гимназиясында да орын алып отыр. Өкінішке қарай, бір есепшінің бірнеше мектепте жоғары жүктемемен жұмыс жасап, Еңбек кодексі талаптарының бұзылып отырғанын да айтпай кетпеске болмайды. Облыстық білім беру басқармасы өңірде есепші мамандардың жетіспейтіндігінен осындай мәселе туындағанын жеткізді,-дейді Саягүл Сапарова.
Жүктеме де, жұмыссыз есепші де көп
Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмыссыздар есебінде тұрған есепші, экономист, қаржыгерлердің тізімін сұратыпты. Белгілі болғандай, облыс орталығында 431 есепші, 89 экономист, 55 қаржыгер, Жылыойда – 30, Индерде – 8, Исатайда – 10, Құрманғазыда – 40, Қызылқоғада – 23, Мақатта – 12, Махамбетте – 36 маман жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Демек, осы арада тағы бір сауалдың басы қылтияды. Бір есепші бірнеше жүктемемен жұмыс жасайды, ал ресми дерек бойынша жұмыссыз отырған есепшілер көп.
– Облыс орталығындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп қызметкерінің карт-шотына жалақы түрінде биыл қаңтар айында 1 млн. 627 мың теңге мөлшерінде бюджет қаражаты аударылған. Анықталған тәуекел бұзушылық бойынша 26-қаңтарда аталған қызметкердің карт-шотынан 1С бағдарламасымен «қазынашылық клиент» арқылы банктегі жеке сәйкестендіру коды қате кетіп, артық аударылған 813 мың теңге айырмашылық қате кетуіне байланысты кәсіпорын есепшотына кері қайтарылды. Осындай қате аударымдар Жылыой ауданындағы №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектеп, №5 Абай атындағы орта мектептен де анықталды. Тіпті, басқарма қызметкерлерінің де карт-шоттарынан қате кетіп аударылған заң бұзушылықтар көп кездесті,-деді департаменттің бөлім басшысы.
Сондай-ақ Атырау облысы обаға қарсы күрес станциясының қызметкерінің карт-шотына 20-наурызда 9 млн. 750 мың теңге қаражат аударылғаны анықталған. Мекеме мамандарының түсіндіруінше, бұйрық бойынша жүктелген механиктің лауазымдық міндетін қосымша атқарғаны үшін төленетін қосымша жалақы пайыздық көрсеткішпен қате есептеліп, 9 млн. 606 мың теңге артық аударылған. Бұл ақша мекеменің шотына кері жіберілген.
«Келеңсіздіктер бойынша жіберілген хабарламаларға әкімгерлердің берген жауабына қарасақ, барлығы қате аударып қойғандығын алға тартқан. Бірақ қателессе неге «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесімен анықтағанға дейін бірде-бір қызметкер артық қаражатты өз еріктерімен қайтармаған?» — дейді сұхбаттасушымыз.
Басқарма басшыларының қаржы мәселесімен айналысатын орынбасарларының айтуынша, көптеген денсаулық сақтау, білім беру мекемелері екінші деңгейлі банкпен жұмыс істейтіндіктен кейбір қаржылық операцияларды қадағалап отыруға мүмкіндік бола бермейді екен. Сондықтан жалақы және басқа да шығындарды қазынашылық департаменті арқылы өткізу мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Ол, әрине, уақыттың еншісінде.
Тобықтай түйін
Иә, бюджет қаржысы кім көрінгеннің қалтасында кететін ақша емес. Мемлекеттік жүйенің сапалы түрде жүзеге асуына жұмсалатын қаражат мақсатына қарай игерілуі тиіс. Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Мақсұтов атап өткендей, қазынамызға заңсыз қол сұғуға болмайды. Жүйелі жұмыс заң аясында іске асуы қажет.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: turkystan.kz