Берешек пен Келешек

s6BWyCE7 Экономика

«Бүкіл әлем бойынша біздің мемлекеттік қарызымыз ең төмен. Ол жалпы ішкі өнімнің он пайызына жетпейді»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

 s6BWyCE7

 

Алайда, мамандар мұның әлемдік деңгейде қалыпты көрініс екендігін айтады. Өйткені, дүниежүзілік қауымдастыққа кіріп, экономикалық байланыс орныққандықтан, алыс-беріс болып тұрады. Мәселен, мұнайы мол мемлекеттер де бір-біріне «қара алтын» тасымалдап жатады. Өздерінде жетпегеннен емес, сауда-саттық осылай қалыптасқандықтан. Соған сәйкес өзара азды-көпті қарыздары болады. Мәселен, Ұлыбританияда әр тұрғынға таразылағанда 150 мың доллар борыш бар көрінеді. Бұл көрсеткіш Бельгия, Норвегия мен Финляндияда 100 мың долларға жетіпті. Әрине, осы орайда адам саны да есепке алынады. Өйткені, борыш бәріне тең бөлінеді ғой. Сондықтан, Ресей мен Қытайдың көрсеткіші төмендеу. Алайда, АҚШ елінің жалпы қарызы 14 трлн. делінеді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Қайткенде де, ақпарат көздерінің дерегі сондай.

Берешегімізді бағамдап отырған себебіміз – оның ұлттық валютаға қатыстылығы. Өйткені, сыртқы борыштың бәрі доллармен алынған. Сондықтан, АҚШ ақшасымен келген қарыз теңгемен таразылағанда бірнеше есе қымбатқа шыққалы тұр. Осы орайда анау жылы қажетті тыңайтқыштарды шетелден алған атыраулық фермердің кейін доллар көтеріліп кеткенде ақшасын қайтара алмай, банкротқа ұшырағаны есімізге түседі. Табиғи байлығы мол Қазақстан мұндай күйді бастан кеше қоймас. Бірақ, белді бекемірек байлауға тура келер.

Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, қай елдің де сыртқы борышы болуы – қалыпты құбылыс. Бұл – әлемдік қарым-қатынаста жиі кездесетін нәрсе. Бірақ, оның да шегі болуы шарт. Әйтпесе, алдымен, елдің тұтас қауіпсіздігіне қатер төнеді, өзге мемлекетке тәуелділікті тудырады. Сондықтан сырттан алынатын қарыз Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің 50 пайызынан аспауы тиіс.

Оның үстіне, қыруар қарыз ел өнімдерінің бір бөлігін тысқа тасымалдау қажеттігіне соқтырады. Қазақстан жағдайында көбіне көмірсутегі шикізатымен есептесуге тура келеді. Қазір, жасыратыны жоқ, ең ірі саналатын Теңіз бен Қашаған және Қарашығанақ кеніштері бойынша мемлекеттің алған міндеттемесі бар.

Сонымен қатар, сыртқы қарыздың көптігі, оның жоғары пайыздық өсімі мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді. Борышы басынан асатын елмен кім терезесі тең қарым-қатынас орнатады? Бәрі басынғысы келмей ме?

Ақырында, созылмалы тапшылық туып, макроэкономикалық тұрақтылық бұзылады. Осы орайда бағалы қағаздар бойынша жоғары пайыздың қалыптасуы шетел капиталын көптеп тартуға мүмкіндік беретінін  ескерген жөн. Бірақ, бұл да сыртқы борыштың өсуіне соқтырады. Әйтсе де, шетел инвестициясын отандық бағалы қағаздарға тарту – Ұлттық валютаға сұранымды жақсарту және оның халықаралық бағамын көтеру жолы. Дегенмен, мұндай жағдайда экспорт қымбаттап, импорт арзандайды. Демек, сыртқа тауар шығару көлемі қысқарып, ішке бұйым әкелу ауқымы артады. Сауда тепе-теңдігі бұзылады. Мүмкін халық қолжетімді бағаға ие болар. Бірақ, өз өніміміз өтпей, өндірісіміз тұраласа, бюджет қалай толығады? Сонда жалақы мен зейнетақы, жәрдемақы мен өзге де мұқтаж жандардың төлемақысы немен өтелмек?

Біраз қарыз екінші деңгейдегі банктерде қалыптасып отыр. Оларды кеудеден итеріп, нарық толқынына жеке қоя беру мемлекетке де тиімді емес. Қанша дегенмен, тұтас елдің экономикалық әлеуеті оның қаржы институттарының қуатына да қатысты болады. Сондықтан, олардың қызметін қалыптастыру бағытында бірқатар іс тындыруға тура келеді. Бүгінде бірқатар қаржы құрылымдары өзара күш біріктіріп жатса, кейбірі қызметін мүлдем тоқтату алдында тұр. Елбасы бұл бағытта банктердің заңсыздықтарға жол бергенін, акционерлер тарапынан халық жинағын талан-таражға салушылық орын алғандығын ашық айтты. Егер тексеру тереңірек жүргізілсе, талай былықтың беті ашылуы да ықтимал.

Бүгінде жұртшылықты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біраз қаражаттың түрлі әлсіз буындарды бекітуге жұмсалып жатқандығы ойландырады. Қазір осы қаржылық ұйымда 8,9 трлн. теңге жинақталыпты. Биылғы өткен мерзімде 1,1 трлн. теңге түскен. Мамандардың айтуынша, кіріс шығыстан төрт есе көп екен. Осындай ахуал алдағы бес жылда сақталмақшы көрінеді. Ендеше, жиналған қаражаттың ел экономикасына жұмыс жасағаны  жөн. Егер іс ілгері басса, зейнетақы қорына инвестициялық табыс түседі. Тек, әрине, абай болған абзал. Әйтпесе, дүдәмал жобаға жұмсалған қаржы – далаға аққан сумен тең.

P.S. Сонымен, доллар және теңгенің қазіргі арасалмағын, әлемдік қаржы нарығында қалыптасқан ахуалды, оның себебі мен салдарын біраз сараладық. Әрине, ұлттық валютамыздың да айы оңынан туар күні әлі алда екені даусыз.

Сыртқы борыш дегеніміз – шетелдік кредиторларға қатысты белгілі бір күнге, белгіленген мерзімде өтеуге жататын елдің қаржылық міндеттемелерінің сомасы.

Меңдібай Сүмесінов

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз