Бейбіт атом: Тұрақты даму кепілі
«Атом» деген атынан ат үркетін «нәзік» мәселе қазір қоғамның қызу талқысында. Өйткені, жұрт өткен күннің еншісінде қалған апаттардың зардабын жиі айтады. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде ашық жария талқылаулар мен тыңдаулар өтіп, қос тараптың орамды ой-пікірлері ескерілуде. Ал, бұл маңызды тақырыптың соңғы нүктесі жалпыхалықтық референдумда қойылмақ. Жуырда өңірге жұмыс сапарымен келген Энергетика министрлігі өнеркәсіп және атомдық энергетика департаментінің директоры Ғұмар Серғазинмен кездесіп, осы тақырып ауқымында сұхбаттасқанбыз.
– Шыны керек, жұртшылық атом индустриясының қауіпті екенін айтудан кенде емес. Ал, оны дамыту несімен тиімді?
– Өзіміз де күн сайын көріп-біліп жүргеніміздей, электр энергиясына сұраныс артып келеді. Сарапшы-мамандардың айтуынша, ол 2030 жылға қарай 136 млрд. кВт/сағ, ал, 2050 жылы 172 млрд. кВт/сағ-қа дейін өсетін болады. Сол себепті, сұранысты қанағаттандыру мен тозған электр станцияларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Болжам бойынша 2030 жылға қарай 11-12 ГВт ток тарата алатын жаңа қондырғылар қажет болса, 2050 жылға қарай 32-36 ГВт ток тарататын жаңа қондырғылар керек.
Бәрінен бұрын, елімізде АЭС-тың салынуы бізді өзге мемлекеттердің энергия көзінен тәуелділіктен арылтады. Яғни, ешкімге жалтақтамай, электр энергиясының қуатын өзіміз өндіреміз. Екіншіден, АЭС салынған кезде оның құрылысына қарапайым тас қалаушыдан бастап қазақстандық мамандар тартылады.
Рас, атом электр станциясының құрылысына 10 мыңға тарта адам тартылады. Олардың әрбірі отбасымен келсе, бұл аумаққа отыз мыңға тарта жан келетінін көрсетеді. Демек, инфрақұрылым салынады, шағын және орта бизнес те қанатын кеңейтеді. Сондай-ақ, біздің өнімдеріміз әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін атом электр станциясынан алынған энергия көзі арқылы жасалуы тиіс. Өйткені, мұндай тауарлардың бағасы да қолжетімді болады.
– АЭС салу жайы референдумда белгілі болмақ. Бұл мәселе оңынан шешілген жағдайда оның құрылысын қандай компаниялар жүргізеді?
–Иә. Егер жұртшылық жалпыұлттық референдум кезінде атом электр станциясын салуды қолдаса, онда мұндай іргелі жобаны жүзеге асыруға төрт ірі мердігердің бірі таңдалуы мүмкін. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Ресей, Франция, Қытай елдерінің осы салада тәжірибелі, мықты кәсіпорындары бар.
Әрине, бүгінде халықты экологиялық проблемалар алаңдатады. Оны өзіміз де жақсы түсініп отырмыз. Дегенмен, атом электр станциясына қарағанда көмір өндіретін кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері көп болып отыр. Қазірдің өзінде мұндай зауыттар 70 пайыздан астам атмосфераға қалдық шығарады. Ал, атом электр станциясынан шығарылатын зиянды қалдықты 0 пайыз деп нақты айта аламын. Әлем елдері АЭС-ті экологиялық энергия екенін мойындап отыр.
Дүние жүзінде 451 атом электр станциясы бар. АҚШ-та – 100, Францияда – 58, Жапонияда – 54, Қытайда – 35, Ресейде 10-ы энергия өндіріп тұр. Әлемнің барлық елі атом электр станциясының «жемісін» көріп келеді. Осылайша, АЭС үздіксіз энергия тетігі болып табылады.
–Біздің оған мамандарымыз жеткілікті ме?
– Жалпы, атом электр станцияларын салқындатуға және басқа мақсаттарға пайдаланатын «тіршілік нәрінің» көлемі жылу электр орталықтарына қарағанда әлдеқайда төмен. Атом электр станциясы бір жылда құрылысы аяқталатын үй емес. Оны пайдалануға берудің өзіне 10 жылға тарта уақыт керек. Оған дейін біздің елде осы салаға қажетті мамандардың бірнеше буыны даярланып шығады. Оның үстіне, мердігерлер өздерінің оқу орталығында да оқытады.
Атомдық энергетика бізге таңсық сала емес. Тіпті, бұған «мұрнының иісі бармайтын» мемлекеттер атом электр станцияларын салуға жұмыстанып жатқанда, біздің жаңашылдықтан қашпағанымыз жөн деп санаймын.
Сұхбаттасқан Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Сурет: kazgazeta.kz