
Базалық мөлшерлеме инфляцияның қарқын алуына байланысты көтерілді
Базалық және маусымдық инфляция жылдық мәнде тиісінше 14,2% және 16,9%-ға жетті, — деп хабарлайды Aikyn.kz
Қазақстанда инфляция өсіп келеді: ақпан айында ол жылдық мәнде 9,4%-ға жетті. Бағалардың өсуі барлық санаттар бойынша байқалып отыр. Атап айтқанда бұған қызмет көрсету секторындағы тарифтердің өсуі айтарлықтай үлес қосты. Айлық инфляция тарихи орташа көрсеткіштерден едәуір асып түсті.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл ішкі сұраныстың жоғары болып, мемлекеттік қолдау шараларының және тұтынушылық несие беру көлемінің артуының (2024 жылдың қорытындысы бойынша +33,5%) нәтижесі.
Нәтижесінде реттеуші инфляцияның жеделдеуіне жауап ретінде базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім инфляцияның жеделдеуін алдын алуға бағытталған. Себебі бағаның өсуі мен халықтың инфляциялық күтулері нығая түсуде.
Мәселен, 2025 жылғы ақпанда халықтың инфляциялық болжамдар тағы да 13,7%-ға дейін өсті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада сарапшылардың үштен бірі базалық мөлшерлеменің өсуін болжады. Мамандарда көрсеткішке дәл осы инфляция ықпал ететінін атап өткен. Бұл ретте Ұлттық банк бағаға қысым тек ішкі факторлардан ғана емес, сыртқы факторлардан да күшейіп отырғанын хабарлады.
«Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Бұл ретте болжамдарға назар аударсақ, инфляция 2027 жылға дейін жоғары деңгейде сақталады. Ұлттық банк алдағы жылдарға арналған инфляцияға қатысты болжамын өзгертті.
«2025 жылы инфляция 10-12% шегінде, 2026 жылы – 9-11% деңгейінде болады деп күтілуде. Тек 2027 жылға қарай инфляция 5,5-7,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін», – деп хабарлады бас банк. Бұл қатаң ақша-несие саясатының, мемлекеттік шығыстарды қысқартудың және салық реформаларының нәтижесі болмақ. Алайда тәуекелдер әлі де жоғары: жанармай бағасының өсуі, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі, ТКШ реформалары және Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі жағдайды қиындатуы мүмкін. Осы факторларды ескере отырып, Қазақстан экономикасының өсуі бойынша 2025 және 2026 жылдарға жасалған болжам 4,2-5,2% деңгейіне дейін біршама төмендеген.
«Осындай қайта қарауға бірқатар факторлар, соның ішінде мұнай өндірісіне қатысты Үкімет болжамының төмендеуі себеп болды. Ал мұнай секторының қалпына келуі жағдайындағы ішкі сұраныстың оң динамикасы 2025-2026 жылдары экономиканың өсуін қолдайды», — деп хабарлады Ұлттық банк.