БАСТЫ МЕЖЕ – ОТЫЗДЫҚ
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі отырысында Мәжіліс депутаты Алмас Ұзақұлы Елбасының халыққа жолдаған Жолдауына жан-жақты талдау жасап, әр бөліміне жеке-жеке тоқталды. Стратегиялық құжатты халық арасында түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.
— Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанның алдағы уақыттағы дамуының жаңа деңгейін сипаттап берді. Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту, оны несиелендіруді тоқтатпау. Ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – өнімдер нарығының дұрыс жолға қойылмауы. Бұл жерде ешқандай делдалсыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығын жолға қою керек. Мемлекет басшысы бұл турасында стратегиялық құжатта қадап айтты.
Алға қойған мақсаттарды орындау үшін ғылым мен білім қажет. Президенттің бұл жолғы Жолдауының ерекшелігі – ғылымды дамытуға аса мән берді. Отандық ғалымдардың көбі қазір ұйымдастырушылық жұмыстармен, дәріс берумен ғана айналысады. Алдағы уақытта осы салада да серпіліс болады деп ойлаймын, — деген халық қалаулысы одан әрі Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракцияның бүгінгі таңдағы атқарған жұмыстары жайлы баяндады.
«Парламенттегі бір жыл ішінде көптеген заң жобалары қаралды. Кәсіпкерлердің құқын қорғауға қайшы келетін кейбір заң жобаларына қарсылық та білдірдік. Сонымен бірге, Елбасы Жолдауында айтылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері де назардан қалмады. Бұған әлі де үн қосамыз. Елдің жағдайын ойлау – басты міндетіміз» деп сөзін жалғаған Алмас Ұзақұлы одан әрі елдегі бүгінгі жағдай – теңге бағамының өзгеруі турасында да ойын білдірді.
Жиын барысында сөз алған облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары Жолдауда көрсетілген тапсырмалар төңірегінде – жұмыссыздықты азайту, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың табысын арттыру, әсіресе, жастар мәселесіне көңіл бөлу, бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар туғызу секілді мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың қызметіне лайықты жағдай жасау, бәсекелестігін арттыру мемлекет дамуына жол ашатыны туралы да әңгімеледі.
* * *
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын бұқара арасында насихаттау мақсатында өңірде іссапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Атырау политехникалық колледжі ұжымымен де кездесті.
Кездесуге қатысушылардың сан алуан сауалдарына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев жауап беріп, жастарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын, оны еліміздің әрбір жас азаматы қолдайтындығына сенім білдірді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.