Баспанаға қол жеткізетін бағдарлама
Атырауда осы жоба аясында 89 өтініш мақұлданып, 64 адам несие алды
«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы баспанаға мұқтаж жандардың бағын ашқалы тұр. Осы жоба аясында Атырау облысында 1553 млн. теңгеге 131 өтінім қабылданды. Соның 89-ы мақұлданып, 64 адамға несие беру туралы шешім қабылданды. Займның көлемі 802,2 млн. теңгені құрайды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аталған бағдарламаның Атырау облысында орындалысы туралы арнайы жиын өткізді. Жаңа жобаның халықтың қалың жігі үшін тұрғын үй сатып алуға жаңа мүмкіндіктер беретіні даусыз. Осыған орай жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берген Нұрлан Асқарұлы «бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда болады» деп атап айтты.
Салымшы кірісін растауы қажет
Елбасы Жолдауындағы басты міндеттің қатарындағы тұрғын үй несиелеу жобасының ерекшелігі, сыйақы мөлшерлемесі 7, бастапқы жарнасы 20 пайыз құрайды. Қарыздың мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Дегенмен, банктің салымшының кірісін растауы қажеттігі туралы шарты көпшілікке кедергі болуда. Жуырда Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев осы проблеманы көтерді. Оның айтуынша, кейбір банктер төлемшінің бес жылға дейінгі несиелік тарихын зерттейді.
– Мәселен, тұрғын 30 мың теңгенің тоңазытқышын сатып алады. Қарызының 3 мыңын уақытында төлемесе, несиелік тарихы бұзылады. Базаға тіркеледі. Көптеген отандасымыз осы себептен бағдарламаға қатыса алмай отыр, — деді Сенат депутаты.
Алдағы екі жылда елімізде 15 мың пәтер пайдалануға беріледі. Соның барлығы осы жоба ауқымында жүзеге асады. Осылайша, жаңа бағдарлама жайлы да жаңа қонысқа жол ашпақшы. Дегенмен, көп жағдайда қарыз алушы өзінің кірісін растай алмайды. Мұны Ұлттық банк басшылары жоққа шығармағанымен, олар екінші деңгейлі банктерге азаматтардың несие тарихын зерттеу мәселесі бойынша қысым жасай алмайды екен.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банктер үшін сомасы аз қарыз бойынша несие тарихының нашар болуы проблема емес.
– Бағдарламада егер қарыз алушы ипотекалық қарыз бойынша дефолтқа жол берсе, онда аталған несие, егер оның құрылымын қайта қарау және кредит параметрлерін жұмсарту туралы келісімге келу мүмкін болмаса, ол банкке қайтарылатыны нақтыланған, — дейді төрағаның орынбасары. Оның баяндауынша, банк сол несие үшін алған қаржы сомасын кері төлейді. «Түптеп келгенде, несие тәуекелі банкке әсер етеді. Әр банк қарыз алушының несие тарихын өз тәжірибесіне сүйене отырып зерттейді» деді ол.
Үйсіздің үй алуына мүмкіндік бар
Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Бақыт Когуловтың пікірінше, «7-20-25» жобасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан өзгешелігі бар. Мұнда халыққа ипотекалық несие алудың жаңа ережелері ұсынылып отыр.
– Жобаның жүзеге асуына байланысты жергілікті жерде алқалы жиындар өтті. Мәселелер пысықталды. Дегенмен, жасыратыны жоқ, жұртшылықтың төлем қабілетіне қатысты мәселе бар. Кейбір тұрғындар шағын көлемде несие алып, кейін оны уақытында төлей алмай жатады. Осыдан соң бұл банкке өтінім берушінің қаржылық тұрақтылығына ерекше әсер етіп, бағдарламаға қатыса алмай қалады. Екінші мәселе – 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаны төлеудің қиындығы, — деді Бақыт Бектұрғанұлы.
Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион, басқа өңірлерде 15 миллион теңге болып бекітілді. Сол көлемдегі пәтер алу үшін атыраулық 5 млн. теңгені санап беруі керек. Мұндай соманы табу жалақыға қараған жандарға оңай емес. Сондықтан, Атырау облысында алғашқы жарнаны азайтудың амалы қарастырылуда. Бұл Мемлекет басшысының әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы төлемді ішінара субсидиялауды, ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын көбейтуді тапсыру міндетінен туындап отыр.
Жарнаны азайтудың жолдары қандай?
Ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста алғашқы жарнаны азайтудың екі түрі қолға алынбақ. Әлеуметтік көмек немесе пайызсыз ссуда тұрғын үй аларда несие алушының төлейтін 20 пайыздық көлемдегі алғашқы жарнасын азайтуды көздейді. Әлеуметтік көмек несие алушыға бір реттік 1 млн. теңге көлемінде беріледі. Екіншісі – пайызсыз ссуда берудің, алғашқы жарнаның 10 пайызын 15 жылға дейін бөліп беруді қарастырудың мүмкіндігі. Жергілікті биліктің алғашқы жарнаны төлеу бойынша көрсетілетін көмегі тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіндегі адамдарды азайтатыны анық.
Ұлттық банктің еншілесі «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ халықты «7-20-25» бағдарламасына көптеп қатыстыру мақсатында тың бастамаларды қолға алып жатыр. Соның бірі – онлайн режимінде жүзеге асатын шара. Осы заманның озық әдісі тұрғындарды ертелі-кеш сабылтып жүру азабынан құтқарады.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, Атырау облысында тұрғын үй секторын дамыту үшін 3892 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2164 пәтерлік 34 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Пәтерлері «7-20-25» және «Нұрлы жер» ипотекалық несиелеу бағдарламалары бойынша сатылатын 19 коммерциялық көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қолға алынды. Келесі жылы 4368 пәтерлік 50 тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Мәселені зерделей отырып байқағанымыз, жұртшылықтың «7-20-25» бағдарламасына қатысуы әлі жеткілікті деңгейде емес. Еліміз бойынша осы мақсатта заем алушылардың 6 пайызы ғана ең жоғары сомада несие иеленген. Олардың қатарында, әрине, атыраулықтар да бар. Рас, бұл – халыққа өте қолайлы әлеуметтік жоба. Ол банк алдында өзінің төлем қабілетін дәлелдеген, жұмыс жасайтын отандастарымызға қолжетімді. Сондықтан, қаржы құрылымының басшылары бағдарламаның ел арасында кеңінен насихатталуына маңыз беруі қажет-ақ.
- «7-20-25» бағдарламасымен ипотека алғандардың 60 пайызы айына 100 мың теңгеден кем төлейді.
- «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірде-бір қайтарылмаған қарыз жоқ. Қазақстандықтар 44,5 млрд. теңге сомасына өтініш берген. Банктер оның ішінен сомасы 30 млрд. теңге болатын 2513 өтінімді мақұлдаған.
- «7-20-25» бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда 100 мыңнан аса отбасы баспаналы бола алады.
- Қазақстандықтарға «7-20-25» сертификаты берілмек. Бұл сертификат бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр.
Азамат Базарбаев