Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ облыстың бас басылымына эксклюзивті сұхбат берді…

whatsapp image 2021 10 01 at 16.15.36 Шаһар шырайы

Қазан айының алғашқы жексенбісі – Қала күні. Атырау қаласы биыл 381 жасқа толып, бұл мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен орайлас келіп отыр.

Әрине, шаһарда жасалып жатқан игілікті істер де ауыз толтырып айтарлықтай. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жолдардың жөнделуіне баса көңіл бөлінді. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, шаһардың шырайын келтірер сәулетті де сәнді, заманауи үлгідегі ғимараттар сап түзеді. Жол-көлік инфрақұрылымы, қалаішілік жолаушы тасымалы жақсартылып, автобус парктерінің материалдық-техникалық базасы нығайды.

Ал, болашақта жүзеге асырылатын жоба-жоспарлар туралы біздің тілшімізге Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ (суретте)  арнайы уақыт бөліп, сұхбат берген еді.

Кәріз суы кәдеге жарар күн жақын

– Қайрат Құлымұлы, әр жылдың елді елең еткізер ерекше жаңалығы, айрықша орын алар оқиғасы болады ғой. Әңгімемізді содан бастасақ?

– Өте орынды сауал. Санаулы күндерден соң тұсауы кесілетін Жайық өзенінің сол жақ жағалауындағы кәріздік тазарту станциясының іске қосылуы – жылдың ең жағымды және айтулы жаңалығы болмақ. Бүгінде жобаға сәйкес станцияның монтаждау жұмыстары толығымен бітті, енді жүйелерді жіберіп-реттеу шаралары жуыр-да аяқталады. Қазірдің өзінде мұнда сынама ретінде алғашқы тазартылған су да алынды. Мамандардың сөзінше, ол тиісті сапа параметрлеріне сай келеді. Енді станцияны мейлінше аз адаммен автоматтандырылған жұмыс режиміне көшіреміз.

Бұл бағдарлама ағынды суды өткізу көлемі мен жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алынған суды ультра-күлгін түспен өңдеу – тазартудың ең соңғы сатысы. Одан әрі тазартылған су булану алаңдарына айдалады. Болашақта сол суды өнеркәсіп ошақтарының қажетіне пайдалану көзделіп отыр. Мысалы, бастапқы кезде тәулігіне 15 мың тонна тазартылған су алынса, онда KPI компаниясына су беруге болады. Ал, егер алдағы жылы тартылуы тиіс 8 шақырым қосымша құбыр пайдалануға берілсе, әуелі Атырау мұнай өңдеу зауытына, одан әрі Атырау жылу-электр орталығына өңделіп, тазартудан өткен суды жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның өзі, сөз жоқ, Жайық өзенінен алынатын суды үнемдейді.

whatsapp image 2021 10 01 at 16.15.37 2

Қазір қала бойынша жинақталатын ағынды (лас) судың көлемі – 20 мың текше метр, жазда 30 мың текше метрге дейін жетеді. Станцияның жобалық қуаты тәулігіне 70 мың тонна кәріз суын өңдеуден өткізуге есептелген. Бастапқыда осының өзі де қалаға үлкен резервті қалыптастырады. Сондай-ақ келешекте станция арқылы Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан ағынды су тазартылады. Осылайша кәсіпорын біртіндеп, коммерциялық негізде немесе инвестициялық әлеуеті жоғары, заманауи өнеркәсіптік технологиялар өндірісімен айналысатын компаниялардың біріне сенімгерлік басқаруға беру жолымен жұмыс жасауы да ықтимал. Мысалы, Қарабатандағы интеграцияланған газ-химия кешені алаңына берілуі мүмкін. Ал, мұнда электр қуаты өндірілетіні белгілі.

Түпкі нәтиже – бюджет қаржысын үнемдеп, оған қоса жұмысшы-қызметкерлер санын екі есеге дейін қысқартып, басқа да қаржылық шығындарды үнемдеу.

«Сасық сайдан» құтыламыз

– Ел аузында «Сасық сай» атанып кеткен Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын кәріз суының булану алаңын жою – Сіз айтқан мәселемен сабақтас тақырып. Бұған қатысты жасалып жатқан жұмыстар бар ма?

– Бұл бағытта үш жылға жоспарланған жұмыс бар. Қазір арнайы жоба дайындалып, оның алғашқы кезеңі биыл бас-талып та кетті. Зауыт булану алаңының өзіне тиесілі бөлігін, қала әкімдігі өзіне еншілеген үлесін құрғатумен айналысып жатыр. Осы мақсатқа құжаттама негізінде қаралған қаржының жалпы сомасы 1 мил-лиард 300 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 300 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Тендер өткізуде кейбір проблемалар туындағаны да рас. Дегенмен, мәселенің барлығы шешімін тауып, ретке келтірілді.

Көп кешікпей, оң жақ жағалаудан салынуы жоспарланған кәріздік тазарту станциясының құрылысы да басталады. Құрылысы 2023 жылға дейін жоспарланған күрделі нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталған, жұмысты бас-тап кетуге әзір тұр. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, қаладағы «Қара квадрат» деп аталатын тағы бір булану алаңынан құтыламыз. Мұнда тәулігіне шамамен 20 мың текше метр кәріз суы тазартылып, тал-теректі суаруға пайдаланып, қалғанын Сары өзек немесе Бақсай каналына айдау жоспарланған.

Қалай десек те, Жайықтың екі бетіндегі кәріздік тазарту станцияларының іске қосылуы экологиялық ахуалды жақсартып, атмосфералық ауаны тазартуға, өзеннен және «Қиғаш–Маңғышлақ» магистралды су ағызғысынан келетін судың тұтыну көлемін төмендетуге, ең бастысы, таза суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ауылда асфальтсыз, жарықсыз көше қалмайды

– Атырау қаласы аумағындағы ауылдардың жағдайы, оларға жол салу, соның ішінде көшелерді асфальттау, түнгі жарықтандыру мәселелері қашан шешіледі?

– Биыл қалаға қарасты ауылдық округтерде 227 көшеге (жалпы ұзындығы – 134,2 км) жол салынуы тиіс. Атап айтқанда, «Еркінқала-2», «Атырау-1», «Ақсай-2», «Тасқала-3», «Дамбы-2», «Талқайраң-2», «Балауса», т.б. шағынаудандар қамтылған. Былтыр барлығы 77 көшеге тасжол төселсе, биыл орталықтағы 5 көшенің жолы (9,8 км) қайта жаңғыртылуда. Осы уақытқа дейін ұзындығы 5,9 шақырымды құрайтын Канцев, Бейбарыс, Мәденов көшелеріне жаңадан жол (7,4 млрд. теңгеге жуық) салынды. Қазір жүргізіліп жатқан Балықшы мен Зарослый шағынауданына дейінгі аралықтағы жол жөндеу жұмыстарын 2022 жылы аяқтау көзделген.

Өткен жылы қаланың 22 көшесіне 34,6 шақырым түнгі жарықтандыру желісі тартылды. Биыл  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы басталған қаладағы 185 көшеге (148,5 км) жарық жүргізу жұмыстарын келесі жылы бітіру межеленген. Сонымен қатар, 2021 жылы қала мен оған қарасты ауылдардағы 200 көшеге жаяу жүргінші жолын (тротуар) салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген, 203 шақырымдық бұл жобаның жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан шығуы жоспарланып отыр.

Субұрқақтар іске қосылады

– Соңғы кездері қаладағы субұрқақтар жайы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл туралы не айтасыз?

– Атырау қаласында 31 субұрқақ бар. Оның 28-і жұмыс жасап тұр. Үшеуін күрделі жөндеу қажет. Оны 2022 жылға жоспарлап отырмыз. Қазір А.Құнанбаев көшесі, Құрманғазы және Қ.Смағұлов алаңдары, Құрманғазы атындағы мәдениет үйі, «Жеңіс» саябағы және Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының алдындағы – барлығы 9 субұрқақтың құрылысы қолға алынды. Оның бесеуіне жоспарланған жұмыс толықтай аяқталды. Қалған төртеуінің құрылысына қатысты техникалық акт жасалып, атқарылатын жұмыстың сметасы қайтадан есептеліп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Алдағы жылы бұлар да іске қосылады.

Ескі қаланың ертеңі

– Ескі қаланың бүгінгі жағдайы қандай, ертеңі не болмақ?

– Әрине, бұл да күн тәртібінде тұрған мәселе. Осыдан төрт жыл бұрын ескі қаланы бұзу үшін 2017-2020 жылдарға арналған жоспар бекітілді. Оның өзі бірнеше кезеңге бөлінген. Бұзылуға жататын аумақ қаланың Құрманғазы, Афанасьев, Есенов және Жарбосынов көшелерімен шектелді, ауданы – 195,7 гектар.

Әрине, бұл жұмыс Атырау қаласының Бас жоспарына сәйкес, екі кезеңде жүзеге асып жатыр. Бірінші кезеңде белгіленген 262 нысанның 254-і коммуналдық меншікке алынып, иелеріне 7,3 млрд. теңге өтемақы төленді. Қалған 8 нысан кезең-кезеңімен бұзылады. Бұзылған ғимараттар мен тұрғын үйлердің орнына Тұңғыш Президент паркі, 2000 орындық мектеп, балабақша, Достық үйі, мұрағат, мұражай ғимараттары мен көп қабатты элиталық үлгідегі тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған.

whatsapp image 2021 10 01 at 16.15.37 3

Сонымен қатар, осы аумақтағы Атырау өлкесінің мәдени және тарихи маңызы бар мұраларының тізіміне енгізілген ғимараттарды сақтап қалудың да шараларын назарда ұстап отырмыз.

Қуат көзі көбейеді

– Қаланы тұрақты және сенімді электр қуатымен қамту жайы да атыраулықтарды алаңдатып отырған мәселенің бірі…

– Оныңыз рас. Бұл да жылдар бойына «жырға» айналған өзекті мәселенің бірі екені жасырын емес. Дегенмен, оны да оңтайлы шешудің жолдарын қарастырудамыз. Тек былтырдың өзінде осы мақсатқа 50 дана электр трансформаторы сатып алынды. Оларды ең қажетті учаскелерге орнаттық. Бірінші кезекте жүктемесі шамадан тыс көбейіп кеткен Жұмыскердегі ескі подстанция жаңартылды. Ол «Балауса-1», «Балауса-2», «Өркен-1», «Өркен-2», «Еркінқала-1», «Еркінқала-2», Ракуша ауылдарындағы жарықтың жағдайын жақсартуға септесті. Биыл тағы да 50 трансформаторды сатып алып, аса қажетті деген нүктелерге қоюды жоспарладық.

Оның үстіне ескірген, құлағалы тұрған бағаналарды ауыстырып жатырмыз. Зарослый елді мекенінде жаңадан салынып жатқан үйлерге былтыр электр жарығы мәселесін демеушілікпен шешіп бердік. Трансформаторларды сатып алуға «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы да демеушілік көмегін көрсетті.

Тағы бір жағымды жаңалық – биыл «Береке» шағынауданында 25 мегаватттық жаңа подстанция іске қосылады. Ақжар ауылының қасында жаңадан салынып жатқан Талғайраң елді мекеніне және көп қабатты үйлерге арналған қуаты дәл сондай подстанция пайдалануға беріледі. Келесі жылы жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, болашақта әуежай маңындағы ашық подстанцияны қуаты 16 мегаваттық жаңа шағын станциямен алмастырмақпыз.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет. 

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз