БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – ӘЛЕМДІК САУДАҒА ШЫҒУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ
— Алдымен, Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі ерекшелігіне тоқталсаңыз.
— Аталған ұйымға мүше мемлекеттер өздері жауапкершілікке алған ортақ қағидатты ұстанып, сауда-саттық жүйесінде бекітілген бірыңғай тәртіптерді қолданады. ДСҰ – елдер арасындағы еркін сауда мен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алатын, мүше мемлекеттері арқылы халықаралық сауда ережелерін қалыптастыратын халықаралық ұйым. Жоғарыда айтылғандай, негізгі мақсаты бірыңғай сауда жүйесін құру болып табылатын ұйым көпжақты келіссөздер бойынша қатысушы-мемлекеттермен өзара келісілген қағидаттарды басшылыққа алып, олардың бір-бірімен әділетті және еркін бәсекелестік шартында сауда жасасуын қолдайды, соған жағдай жасайды. Ұйым шеңберінде ашықтық қағидаты да қатаң қаралады. Айта кетерлігі, ұйым ережелері саясаттан тыс, тек қана сауда-экономикалық мүдделер мен мәселелерді реттейді.
— Бұл құрылым қазақстандық тұтынушылар үшін нақты не бере алады?
— Ұйымға мүше елдерді алып қарар болсақ, бәсекелестік артып, тауардың түрі молайып отыр. Сондықтан, бұл жерде тұтынушының ұтары көп. Бұның жекелеген мемлекеттер, алпауыт трансұлттық компаниялардан бастап қарапайым халық үшін де маңызы өте зор. Өйткені, ұйым аясында сауда тетігі ажыратылып, тауарлар белгіленген тәртіп шеңберінде еркін айналымға түседі. Соның нәтижесінде бәсекелестік күшейіп, баға мен сапада озғандар дүниенің сапырылысқан саудасында алға шығады.
— Қазір арқаны кеңге салып, жайбарақат жүретін кез емес. Өйткені, мұнайдың бағасы құлдырап, ұлттық валютамыздың құнсыздануы себепті тауар бағасы мен қызмет көрсету құны да өсіп отыр. Осы орайда ел экономикасына әлемдік сауда қауымдастығы нендей өзгерістер әкелуі мүмкін?
— Қазақстан үшін экономикаға шетелдік инвестицияны көптеп тарту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, соңғы он жылда еліміз 208 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Тек 2014 жылдың өзінде ғана еліміздің экономикасына келген тікелей шетел инвестициясы 23,9 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни, тұтастай алғанда, елімізде соңғы жылдары инвестициялардың тұрақты өсімі тіркеліп келеді. Ал, дүниежүзілік ұйымға мүше еліміз үшін мұның өзі инвесторлар тартымдылығы тұрғысынан қосымша күш болмақ. Шетелдік сыртқы капиталдың көптеп келуінен пайда болатын артықшылықтар айтпаса да түсінікті.
Тек бұл ғана емес, Қазақстанның инвесторлары да ДСҰ-ның мүше мемлекеттеріне емін-еркін кіре алады. Сонымен қатар, әлемдік сауда режиміндегі алыс-беріс пен барыс-келіс кезінде туындайтын дау-дамайлар да халықаралық деңгейде мойындалған сапада шешімін табады. Яғни, Қазақ елі де сауда саласында дауларды шешудің әлемдік тәжірибесіне қадам жасайды деген сөз.
— Ал, ұйымға мүше елдерге қандай талаптар қойылады?
— Ең бірінші талап – жалпыға ортақ тең құқылық. Бұл ретте ДСҰ-ның барлық мүшелері бір-біріне саудада неғұрлым қолайлы жағдайды ұсынуы тиіс. Мұның өзі ұйымның бір мүшесіне берілген преференциялардың қалған барлық мүшелеріне де ортақ екендігін білдіреді. Яғни, сауда-саттықта «үлкен, кіші мемлекет» деген болмайды, елдердің бәрі тең қағидатқа мойынсұнады. Екіншісі – өзара әрекеттестік. Осы бойынша екіжақты саудадағы шектеуді азайту жөніндегі барлық әрекет екінші тараптан да қолдау тауып, өзара әрекеттестікке айналуы тиіс. Үшіншіден, мөлдірлік. Бұған сәйкес, ұйым мүшелері өзінің ұсынатын сауда ережелерін толықтай ашық жариялауы шарт.
Төртінші бағыт – қолданыстағы міндеттемелер жүйесін құру. Яғни, ұйымға мүше елдердің сауда тарифтері жөніндегі міндеттемелерін елдердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы емес, негізінен алғанда, ДСҰ-ның басты органдары реттейді. Ал, қандай да бір елдің нақты секторында сауда жағдайы нашарлайтын болса, осыдан зардап шеккен тарап басқа секторлардан өзіне өтемақы талап ете алады. Бесіншіден, қорғаныс «қақпақшалары». Бұған сәйкес, кейбір жағдайларда үкімет сауда шектеулерін енгізе алады. Аталмыш сауда ұйымының келісімі оның мүшелеріне тек қоршаған ортаны қорғауда ғана емес, сонымен қатар, адамдар денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді сақтауда да шараларды қолдануға қолайлы жағдай туғызады.
— Өз кезегінде, аймақ өндірісшілері ДСҰ-ндағы серіктестеріне не ұсына алады?
— Есіңізде болса, өткен жылы Атыраудағы жүн өңдеу фабрикасы Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде таныстырылды. Түйе және қой жүнін өңдейтін кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 400 мың қума метр өңделген жүн өнімін шығару. Алдымен, ДСҰ осы фабриканың аяғынан тұрып кетуі үшін мол мүмкіндіктер жасамақ. Керек десеңіз, өнімді сатылымға шығаруға байланысты итальяндық әріптестермен келісім-шарттар да ресімделіп қойды. Өзіңізге белгілі, еуропалықтар табиғи таза өнімге зор қызығушылық танытады. Мысалы, түйе жүнінен тоқылған жамылғы олардың арасында жоғары сұранысқа ие және құны да аса арзан емес екен. Мұнай-газ өнеркәсібі үшін күрделі құрылғыларды жасап шығаратын «АтырауМұнайМаш» ЖШС бар. Кәсіпорын басшылығы сауда ұйымына кіргеннен оңды өзгерістер күтеді.
— Бірақ, әлемдік бәсекелестікке түскен отандық тауарлар кейін өзіндік құнын өтей алмай, соның салдарынан сапасы күрт кеміп кетпей ме?
— Бұл ретте, шығыны көп ауыл шаруашылығы аздап қиындыққа тірелуі мүмкін. Аталмыш сала мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді. Ол үшін бәсекеге қабілетті болудың амалын ойластыру қажет. Айталық, Жылыой ауданындағы «Бақай» ауыл шаруашылығы мекемесінің «Бақай құс» бөлімшесі кәсіпорынға кіріс келмесе де, жұмыртқа өндірісін тоқтатпауда. Ол кезде Атырауға көрші мемлекеттен өзіндік құны төмен жұмыртқалар әкелініп жатты. Тек ресейлік рубль құнсызданғаннан кейін ғана жағдай түзеліп, баға ретке келді. Бүгінде отандық өнімге сұраныс артты. Бірақ, өндіріс қуаты аз. Сол сияқты, ресейлік бәсекелестердің жанында отандық ет өнімі де келісі 900 теңгеге дейін арзансыды. Алайда, малды өсіріп, күтіп-баптауға кететін шығын есебі бұл бағаға сәйкес келмейтінін ескере бермейміз.
— Өзекті әңгімеңіз үшін рахмет!
*Сіз не дейсіз?
Ғалым ХҰСАЙЫНОВ,қаржылық сарапшы:
— Еліміз арзан, әрі сапалы тауарларды
тұтынуға қол жеткізеді. Оның ішінде, елдегі
ұялы байланыс операторларына қатысты мәселе бірінші кезекте өзгеріске ұшырайды. Яғни, ұялы байланыс пен интернет біршама арзандап, қолжетімді бола түседі. Осыған байланысты телекоммуникация қызметтері секторы ырықтандырылады.
Әлімжан БАЛЖІГІТОВ, кәсіпкер:
— Қазақстан әлемдік сауданың нарығына ене бастады. Енді еліміздегі шағын және орта бизнес иелерінің өз өнімдерін дүниежүзілік нарыққа ешбір кедергісіз шығаруға мүмкіндіктері бар. Әрине, баға мен сапа жағынан бәсекеде озық болатын тауарларға еш кедергі жоқ. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер жаһандық сауда нарығына өтеді. Бұл үшін ұйымның басқа мүшелері өз елдерінде қазақстандық тауарларға да бірдей кепілдіктер береді.
Мөлдір ДОСҚАЛИЕВА, Кеден одағының импортын әкімшілендіру бөлімінің бас маманы:
— Осынау ұйымға кіру арқылы біздің еліміз тауардың 3877 түріне кедендік баж мөлшерлемесін төмендетуге қол жеткізді. Есте ұстайтын маңызды нәрсе, еліміз алыс шетелден арзан бағамен тауар тасымалдамауға міндеттенген. Ал, тасымалданған жағдайда, төмен мөлшерлемемен алынған тауарлар бірыңғай кедендік тарифпен жіберілуі тиіс. Яғни, баға айырмашылығы теңестірілуі керек. Тауарды тіркеу, сату, экспортқа шығару алдында ең алдымен оның белгіленген хаттама тізімінде бар-жоғына көз жеткізіп алған жөн.
Сұхбаттасқан:
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.