Жарнама
Экономика

Балық шабақтан өседі

Балық шаруашылығындағы маңызды жұмыстардың бірі — шабақтарды құтқару. Бұл шаралар тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да аса өзекті. Себебі су айдындарындағы балық қоры — халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, өңірлік экономиканың бір тармағы болып саналады.

Облыс өңірлерінде бұл жұмыс жоспарлы және жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы маусым айында Құрманғазы ауданында көктемгі өр суының салдарынан бөлініп қалған жайылмаларды ау құралдарымен сүзу арқылы барлығы 1,9 млн. данадан астам балық шабағы құтқарылып, табиғи өсіп-өну ортасы — Шарон және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Қызылқанат, көксерке, мөңке, сазан, шортан, қаракөз, табан, жайын сынды балық түрлері болашақта өсіп-өніп, Атырау облысының балық шаруашылығы экономикасына үлес қосады.

Бұл жұмыстар Құрманғазы балық инспекциясы бөлімі мамандарының қадағалауымен жүзеге асырылды. Іске «Е. Сәрсенбаев» ШҚ, «Каспий таңы» ӨК, «Каспий балық» ӨК, «Тілекші», «Амангелді», «Ш. Сүлейменов» ЖШС-нің қызметкерлері тартылды. Барлығы 85 адам, 17 техника жұмылдырылып, бұл іс-шаралар жергілікті тұрғындар үшін уақытша жұмыс орындарын ашып, табыс көзіне айналды.

Махамбет ауданында да осындай жұмыстар жалғасын тапты. «Атырау–Орал» тас жолының Жалғансай ауылы тұсындағы жайылма судан 200 мың дана мөңке шабағы құтқарылып, табиғи мекені — Жайық өзеніне жіберілді. Бұл болашақта өңірдегі балық кәсіпорындарына шикізат ретінде оралып, қайта өңдеу және экспорттық әлеуетті арттырады.

Сондай-ақ, «Атырау–Астрахан» тас жолы бойындағы жайылмадан мелиоративтік балық аулау жұмыстары жүргізілді. Ауланған 3139 кг балық — көксерке, сазан, жайын, мөңке, алабұға сынды түрлер — нарыққа шығарылып, ішкі сауда айналымына қосылды. Бұл – жергілікті азық-түлік нарығындағы сұранысты қанағаттандыруға, бағаны тұрақтандыруға және бюджетке салық түсімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашевтің айтуынша, биылғы жыл басынан бері облыстағы су көздерінен 11,5 млн данаға жуық балық шабақтары құтқарылып, табиғи өсіп-жетілу аймақтарына жіберілген. Бұл шаралар болашақта кәсіптік балық аулаудың көлемін көбейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және балық өңдеу саласын жандандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта инспекция мамандары бекітілген учаскелерде бақылау-қадағалау шараларын белгіленген кестеге сәйкес жалғастыруда. Бұл шаралар табиғатты қорғаумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button