Жарнама
Экономика

БАЛЫҚШЫЛАР КООПЕРАТИВІ: ІЗДЕНІС ПЕН ІСКЕРЛІК ІЗДЕРІ

— Сәбит Мұғалиденұлы, Елбасымыз Қазақстан  халқына  арнаған кезекті Жолдауында ел экономикасын дамытуда келелі міндеттер қойғаны белгілі. Бұл Жолдау сіздің ұжым мүшелеріне  қандай серпін  туғызды, әңгімемізді алдымен осы бағытта өрбітсек…

— Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім,  реформалар, дамуы» атты Жолдауын, еліміздің барлық мекеме, ұйымдары сияқты, «Амангелді» балық  шаруашылығы  өндірістік кооперативінің ұжымы да зор құлшыныспен қарсы алды. Қазіргі кезде экономикалық дағдарыс әлемді шарпып тұрғанда арқаны кеңге салуға болмайды. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне  баса назар аударуы көкейіміздегі толғандырған ойларымызды дөп басты. Соның ішінде әрбір аймақтың жеткілікті азық-түлік қорын жасақтауы міндеттелгені де өте орынды болды.

Азықтың ең қажетті бір түрі – балық өнімдері. Бүгінде кооператив балықшылары биылғы жылға қабылдаған балық аулау жоспарын мерзімінен бұрын 100 пайызға орындады. Яғни, Каспий мен Жайық өзенінен көктемгі және күзгі маусымдарда «су маржандары» көптеп ауланып, мемлекетке сапалы күйінде өткізілді. Маусым кездері балықшылар жаңадан ауланған балықты қала тұрғындарына тірілей күйінде арзандатылған бағамен сатуды ұйымдастырды. Сондай-ақ, отыздан астам өңделген балық өнімі түрін шығаратын цехымыз бар. Ондағы жүзден астам балық өңдеуші ауланған балықтарды тұздап, кептіріп, ыстап, республикамыздың өзге өңірлеріне, тіпті, ТМД, Еуропа елдеріне де экспортқа шығарады. Өнімдер халықаралық сапа сертификатымен  шығарылады.

Қазіргі кезде кооперативте екі жүздей балықшы балық аулаумен  айналысады. Олардың арасында Өсербай Сәлімов, Бекен Құспанов, Аман Сәлімов және басқа да теңіз тарландары Каспийден балық ауласа, Өтеген Есалиев, Қалиден Медетов Жайық өзенінен ел ырысын молайтуға өз үлестерін қосып жүр. Сонымен бірге, біздің мамандар «Атырау-Бекіре» зауытында көзі азайып бара жатқан бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын өсіруге де қолғабысын тигізуде. Жылма-жыл бірнеше мыңдаған бекіре тұқымдас балықтың шабағы өсіріліп, Жайық өзеніне  жіберіледі.

— Кооперативтің мұндай жоғары жетістікке жетуінің сыры неде?

— Ұжым мүшелерінің ынтымақта еңбек етуінде дер едім. Оның үстіне ұжымның жоғары жетістіктерге жетуінде кооператив төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Әмірғалиевтің еңбегі ерекше. Ол жыл сайын тартым мәселесін оңтайлы шешіп, ау-құралдары, су ыдыстары, жанар-жағармаймен жеткілікті қамтамасыз етеді. Мұның өзі  кооперативтің маусым кезінде балық аулаудың жоспарлы тапсырмасын асыра  орындауға өз ықпалын тигізуде. Осы орайда балықшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсарғанын да айта кеткен жөн. Әрбір балықшы астына бір-бір жеңіл автокөлік  мініп, сәнді де, жайлы үйлерде тұрады.

— Сөз орайында алға қойған жоспар-мақсаттарыңызды да біле отырсақ…

— Мақсатымыз – балық шаруашылығын одан әрі кеңінен дамытып, ел ырысын бұрынғыдан да еселей түсу. Осы орайда  жаңадан теңізден, сондай-ақ, Қиғаш бойынан балық аулауды қолға алмақшымыз. Тағы бір атап айтарымыз, алдағы уақытта қалбырға салған балық өнімдерін алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Алматыда жиырма жерде сауда орындарында біздің балық өнімдері сатылымда болса, таяу күндері бұл өнімдер Астана тұрғындары үшін де қолжетімді  болады.

— Сәке, өзіңіз де білесіз, соңғы жылдары балық қоры күрт азайып кетті, мұның себебін неден дейсіз?

— Сауалыңыз орынды. Мен – балықшы әулетінің ұрпағымын. Атамыз сонау колхоздастыру кезінде Амангелді атындағы колхоздың алғашқы мүшесі болып, балықшы,  бригада жетекшісі, одан колхоз басқарма төрағасының орынбасары болыпты. Әкеміз Мұғалиден де, біз де атакәсіпті жалғастырудамыз. Сондықтан болар, Каспий мен Жайық өзенінің бүгінгі проблемасы мені де ерекше мазалайды. Ал, нақты сауалыңызға келсек, балықтың күрт азайып кетуіне түрлі факторлар да әсерін тигізуде. Соның ішінде браконьерлік пен Жайық өзені суының ластануы, тайыздай бастауы, теңізде өндіріліп жатқан көмірсутегінің де әсері бар.

Екінші үлкен мәселе – Жайық өзеніне құятын су мөлшерінің соңғы кездері өте азайып кеткендігі. Бұрын көктем сайын Жайық өзені көтеріліп, жағалауды су басып кететін еді, қазір бұл жоқ. Су көп болса, көктемде балықтың өсуіне қолайлы жағдай туатын. Жайық бойындағы балық уылдырық шашатын орындарға су келіп, шабақтар тез өсіп, өнетін. Кейін олар Каспий теңізіне қайтып, ондағы балық қорын молайтатын. Жайықта су болса, ол өзінің арнасын өзгертіп, жолын тауып тұрады. Су аз  болса, балыққа уылдырық шашатын қолайлы жер табылмайды. Шабақтардың өсімі осыдан келіп күрт азайып кетіп жатыр. Каспийден Жайық өзеніне құятын тұстағы сағалар аршуды керек етеді. Өйтпеген жағдайда теңіздегі балық Жайық өзеніне кірмейді. Бұл – баса назар аударатын мәселе.

                                               Сұхбаттасқан:  

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button