Жарнама
Экономика

Байырғы кәсіптің бүгінгі ахуалы

Жыл сайын шілде айының екінші жексенбісінде елде Балықшы күнін атап өту дәстүрге енген. Кәсіби мереке қарсаңында байырғы кәсіп иелерінің тындырған істері, жалпы балық шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігіі жайында сөз қозғап, жетістік-кемшіліктерді саралап шыққанды жөн санадық.

Ресми дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыста балық аулаумен тұрақты шұғылданатын 18 шаруашылық субъектісі бар екен. Оларға осы мақсатта 31 тартым учаскесі бекітілген. Ал 27 учаске резервке қойылыпты. Бұл тартымдардың 18-і – Каспий теңізінің терістік бөлігінде, 7-еуі Қиғаш, 2-еуі Жайық өзенінің аумағында. Салада барлығы 4 мыңға жуық адам жұмыс істесе, оның 650-і тұрақты жұмыста, қалған 3200-ден астамы маусымдық жұмыстарға тартылған.

Былтыр Жайық-Каспий су бассейнінен ауланған 10 541 тонна «су маржанының» 6 мың тоннадан астамы – көктемгі, 4,5 мың тоннаға жуығы күзгі маусымда игерілген.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғалидың сөзіне қарағанда, кейінгі кезде Жайық өзенінде көксерке, сазан, ақмарқа, жайын және шортан балықтарының түрлері айтарлықтай азайған. Оның негізі себебі – Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі салдарынан балық жүретін су арналарының бөлініп қалуы. Әсіресе, Жайық өзені деңгейінің 2019-2022 жылдары тым көп төмендеуі жағдайды біраз күрделілендіріп жіберген.

Тауарлы өндіріске – кең өріс

Десек те, атыраулық ақ айдын төсіндегі ерлердің байырғы кәсіптен тауып отырған нәсіптері де аз емес. Мәселен, былтыр ау қоржынының олжасына айналған балықтың басым бөлігі немесе 8200 тоннаға жуығы өңделіп, 5000 тоннаға тарта балық Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Украина, Израиль, Грузия, Германия, Польша және Словакия елдеріне экспортталыпты.

– Соңғы жылдары облыста тауарлы балық өсіру бағытына ден қойылып, соның арқасында 2023 жылы үш, 2024 жылы бір кәсіпорын іске қосылды. Бұлардың қатарында «Тілекші» ЖШС, «Сағиева», «Байшуақ» шаруа қожалықтарын айтуға болады. Қазірге дейін бұл шаруашылықтарда өсірілген 374 тонна тауарлы балықтың 69 тоннасы – бекіре тұқымдас балық. 60-тан астам адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Тауарлы балық өндірісіне маманданған шаруашылық субъектілерінің қатары «Сaspian Royal Fish», «Каспий Бекіресі Лимитед» ЖШС, басқа да кәсіпорындармен толықты. Олардың да ортақ іске қосып отырған үлестері мол екенін айтқан ләзім. Алдағы үш жылда тағы да 8 шаруашылықты тауарлы өндіріске көшіру көзделіп отыр, — деді басқарманың бөлім басшысы.

Балық шабақтан өседі

Былтыр жазда «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауыты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1,052 миллион, табиғат пайдаланушылардың қаражаты есебінен келтірілген зиянды толтыру мақсатында «Сaspian Royal Fish» ЖШС-нің тоған шаруашылығында өсірілген 1,6 миллион дана бекіре шабағы табиғи ортасы – Жайық өзеніне жіберілді. Алайда, зауыттың материалдық-техникалық базасының нашарлығы мен мүмкіндігі шектеулі болғандықтан мемлекеттік тапсырыс орындалған жоқ. Бұл дегеніңіз – 5 миллион дана бекіре шабағы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының жобасы қолға алынды. Және бір мәлім жайт, осы жылы Махамбет ауданындағы «А-Дана» шаруа қожалығы базасында жылдық қуаты 85 мың тонна болатын тауарлы балық және 15 миллион дана бекіре балығының шабағын өсіруге мүмкіндік беретін өндіріс орнын ашу жоспарға енгізіліпті.

«Балық шабақтан өседі» десек, балық шаруашылығындағы маңызды жұмыстардың бірі – шабақ құтқару. Бұл шаралар тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да аса өзекті. Өйткені, су айдындарындағы балық қоры – халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Облыс бойынша бұл жұмыс жоспарлы және жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл маусым айында Құрманғазы ауданында көктемгі өр суынан бөлініп қалған жайылмаларды ау-құралдарымен сүзу арқылы барлығы 1,9 миллион данадан астам балық шабағы құтқарылып, Құрманғазы балық инспекциясы бөлімі мамандарының қадағалауымен табиғи өсіп-өну ортасы – Шора және Қиғаш өзендеріне жөнелтілді. Іске «Е.Сәрсенбаев» шаруа қожалығы, «Каспий таңы», «Каспий балық» өндірістік кооперативтері, «Тілекші», «Амангелді», «Ш.Сүлейменов» ЖШС-інен барлығы 85 адам, 17 техника жұмылдырылды. Бұл шаралар жергілікті тұрғындар үшін уақытша жұмыс орындарын ашып, табыс көзіне айналды.

Махамбет ауданында да осындай жұмыстар жүзеге асты. Жалғансай ауылы тұсындағы жайылма судан 200 мың дана мөңке шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілген. Бұл болашақта өңірдегі балық кәсіпорындарына шикізат ретінде оралып, қайта өңдеу және экспорттық әлеуетті арттырады.

«Атырау-Астрахан» тасжолы бойындағы жайылмадан да мелиоративтік балық аулау жұмыстары жүргізілді. Көксерке, сазан, жайын, мөңке, алабұға сынды бағалы балық түрлері нарыққа шығарылып, ішкі сауда айналымына қосылды. Бұл – жергілікті азық-түлік нарығындағы сұранысты қанағаттандырып, бағаны тұрақтандыру және бюджетке салық түсімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері облыстағы су көздерінен 11,5 миллион данаға жуық балық шабағы құтқарылып, табиғи өсіп-жетілу аймақтарына жіберілген. Бұл шаралар болашақта кәсіптік балық аулаудың көлемін көбейтіп, экспорттық әлеуетті арттыруға және балық өңдеу саласын жандандыруға мүмкіндік береді. Қазір инспекция мамандары бекітілген учаскелерде бақылау-қадағалау шараларын белгіленген кестеге сәйкес жалғастырып жатыр. Бұл шаралар табиғатты қорғаумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

Қай сала да қолдаумен алға басады

Мезгілдің өзі меңзеп отырғандай, бүгінде қай саланың да мемлекеттің қолдауымен дамитыны белгілі. Бұл үрдіс балық шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Соның айғағындай, балық өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар қажетті техника мен құрал-жабдықты сатып алуға салынған инвестициялық шығындардың 25%-ы мемлекет есебінен өтеледі. Инвестициялық субсидиялауды, сонымен бірге балық питомниктеріне, көптауарлы, торлы және су айналымы тұйықталған балық өсіру шаруашылықтарына арналған техника мен жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу мақсатында қолдану жағы да қарастырылған.

Осындай ақпараттармен бөліскен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғалидың түсіндіруінше, мұндай қолдау түрі балықтарды олардың биологиялық әртүрлілігін сақтай отырып өсіру, яғни аквамәдениет өнімдерінің өзіндік құнын төмендету мақсатында тауар өндірушілерге де беріледі екен. Атап айтқанда, қазынадан қаралған қайтарымсыз қаражат есебінен бекіре, албырт, тұқы, жайын, лат, цихлида, аравана сияқты балық түрлерін және шаянтәрізділерді өсіру кезінде жемге жұмсалған шығындардың 30% және балық өсіру үшін биологиялық негіздеме дайындау, шабақтар, дәрілік препараттар мен құнды балық түрлерінің аналық тобын сатып алу және ұстауға жұмсалған шығындардың 50 %-ына дейін өтеледі.

Мемлекеттік қолдаудың бұрыннан тәжірибе енген тиімді түрінің бірі – жеңілдетілген несиелер жаңадан пайдалануға берілген немесе жұмыс істеп тұрған жобаларды, оның ішінде жылына 25 тонна және одан жоғары көлемде балық өсіретін шаруашылықтар мен тәулігіне кем дегенде бір тоннадан кем емес балық өңдеу мүмкіндігі бар субъектілерге беріледі. Нақтырақ айтқанда, мұндай қолдауды бірінші кезекте балықты тереңдете өңдеуге және сақтауға ниетті кәсіпорындарға көрсету мақсат етілген.

Субсидия берудің де тәртібі бар

Сарапшы мамандардың мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қолдаудың ең бір өміршең және тиімді тәсілі саналатын субсидиялаудың да өзіне тән тәртібі бар екен. Ол Үкімет қаулысымен бекітілген агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру бағыты шеңберінде несие және лизинг міндеттемелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қағидаларымен реттеледі. Аталған тәртіп шеңберінде балық өсіруді заңнамалық деңгейде дамыту мақсатында бірнеше шара қабылданған. Бірінші – су айдындарын балық аулаудан оны өсіруге ауыстыру қағидаларын бекіту. Екінші – шарт жасасу мерзімін нақты 49 жыл етіп белгілеу. Бұған дейін оның мерзімі 5-49 жыл аралығына дейін болып келген-ді.

Айрықша назар аударуға тұрарлық жаңалықтың бірі – осы уақытқа дейін балық өсірумен айналысатын шаруашылық субъектілеріне қойылып келген артық талаптар жойылған. Бұдан былай бизнес субъектілері бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер телімдерін балық өсірумен шұғылдануға ниетті шаруашылық құрылымдарына сатумен байланысты шығындардарды төлеуден босатылады.

Сонымен бірге су қорғау аймағында балық өсіру шаруашылықтарын орналастыруға енді шектеу жоқ. Ал, өндірістік балық аулау субъектілеріне бекітілген су айдындарында немесе учаскелерінде торлы шаруашылық ұйымдастыру құқығы беріліпті. Және бір мәлім болғаны, аумағы 0,15 гектарға дейінгі балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу талап етілмейтін болды.

Тобықтай түйін

Шынында, аталған шаралар қазыналы өлкенің басты байлықтарының бірі – «су маржанын» кәдеге жаратып, экономикаға қосар үлесін арттыруға бағытталған батыл қадамдар. Басты мақсат – мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан бағдарламаларды жүзеге асырып, көрсетілген көмек пен қолдауға нақты іспен жауап беру, сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізу. Ал, өндіріс пен ғылымды ұштастырса, заманында Атыраудың атын алысқа танытып, айдынның мұзбалақтары мен еңбектің нағыз ерлерін шыңдаған байырғы кәсіптің бағын қайта жандыруға толық мүмкіндік бар.

Дәулетқали АРУЕВ

Сіз не дейсіз?

Әбілқайыр МҰҚСАНОВ, балық шаруашылығы саласының ардагері:

– Әрине, өткенді аңсау, кеткенді кері қайтару дұрыс та, мүмкін де емес шығар. Әйтсе де «өткенсіз бүгін жоқ» демей ме дана халқымыз. Сол айтылғандай, өзен жағалаған елдің тіршілік көзіне, кәсібі мен нәсібіне айналған балықшы ұжымдары тарап, елдің даңқын асырған тоқсан жылдық тарихы бар отандық балық өнеркәсібінің алыбы – «Атыраубалық» акционерлік қоғамының жұмысын тоқтатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Осында еңбек жолымызды бастап, ғұмырымыздың саналы бөлшегін өткізгендіктен, ол бізге қашан да ыстық.

Өткенді қайта оралту мүмкін еместігіне көзіміз жетті. Шаруашылықтармен арадағы іскерлік байланыс пен тығыз қарым-қатынас үзілді. Уақыт пен заман талабына сай ұжымшарлардың орнын өндірістік кооперативтер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпшіліктер басты. Ендігі үміт те, балық шаруашылығының болашағы да солардың қолында, ынтасы мен ниетінде. Тек сонда ғана күткендегідей нәтижеге қол жеткізіп, саланы жаңа леп, жаңаша үрдісте өркендетіп, өрге бастыруға болатынына сенім мол, үміт зор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button