БАҒАНЫ ӨСІРГЕНДЕРГЕ – МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ АЙЫППҰЛ!
Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдаулет Жұмаситовтің мәліметінше, еліміздегі қант өндіруші Алматыдағы «Көксу қант зауыты» ЖШС, «Азық-түлік келісім шарт» ҰҚ» АҚ келіссөз жүргізілді.
— Мәселен, қазір мамыр-маусым айларында аталған мекемелермен 1200 тоннадан астам қант тасымалданған, — дейді ол. – Қазіргі таңда қант қорының азаюына байланысты алдағы бір айға 680 тонна қант алдыру үшін келісімшарт жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес шілде айында өңірге тасымалдау күтілуде. Бүгінде қант бағасы супермаркеттерде 495-527 теңге аралығында сатылуда.
Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көтерме бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қоса алмайды. Мұндай заң бұзушылық фактісі тіркелген жағдайда оларға әкімшілік айыппұл салынады. Егер тұтынушы қант немесе басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз көтерілгенін байқаса, қалалық немесе аудандық әкімдікке сауда жасаған түбіртекті өткізіп, арыз түсіре алады. Түбіртекте дүкеннің мекен-жайы, өнім атауы мен бағасы көрсетілуі тиіс. Мұндай жағдайда кәсіпкерге ҚР Әкімшілік Кодексінің 204 бабы 4 тармағы бойынша алдымен ескерту, кейін 30 000 – 900 000 теңге аралығында айыппұл салынады.
Бүгінге дейін облыс бойынша бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге қатысты алты шағым түскен. Бұл істер назарға алынып, 1 кәсіпкерлік субъектігі қатысты тексеріс жүргізілді. Ал, қалған 5 арыз бойынша тексеруге қаулы дайындалуда. Сонымен қатар әкімдік өкілдері тұрғындардан шағым түскен жағдайда ғана тексеру жұмыстарын жүргізіп, сауда объектілеріне 15% жоғары үстеме баға қосқаны үшін тиісті шара алу мүмкіндігі бар.