Жарнама
Экономика

Ауыз су жүйесі – ауыл экономикасының тетігі

Ауылдық өңірлердегі экономикалық өркендеудің негізі – халықтың өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда ең маңызды қажеттіліктің бірі – таза ауыз суға қолжетімділік.

Азғыр, Сүйіндік, Асан секілді ауылдарды орталықтандырылған сумен қамту мақсатында мемлекеттік деңгейде бірнеше кезеңмен ауқымды жобалар қолға алынды. Су тарту жұмыстары 1995 жылдан бастау алып, бүгінге дейін ондаған жылдар ішінде түрлі мердігер ұйымдар арқылы іске асқан. Жалпы жобаға шамамен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

Жобаның бірінші кезеңі «Қоянды» топтық ұңғымасынан Сүйіндік ауылына дейін магистральды су құбырын тартудан басталды. Кейінгі жылдары осы бағыттағы жұмыстар Асан, Үштаған ауылдарына дейін жалғасып, су тазарту қондырғылары мен ауылішілік желілер орнатылды. Алайда экономикалық есептеулер мен жобалау сапасының жеткіліксіздігінен, бұл нысандардың бірқатары бүгінде толық қуатында жұмыс істемей тұр.

Мәселен, Қоңыртерек ауылындағы су тазарту станциясы пайдалануға берілгенімен, іс жүзінде бос тұр. Тұрғындардың айтуынша, магистральды құбыр жүйесі техникалық сынақтан толық өтпей, кей жерлерде пластик құбырлар жарылып қалған. Бұл техникалық ақаулар жобаның тиімділігін төмендетіп, салынған инвестицияның қайтарымсыз күйде қалуына себеп болған.

Экономика тұрғысынан алғанда, мұндай нысандардың толық іске қосылмауы – бюджеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалу қаупін туғызады. Сонымен қатар, жергілікті халықтың уақыт пен қаржы шығынын арттырып, ауыл өмірін күрделендіреді. Сумен қамту саласындағы кез келген олқылық – әлеуметтік қана емес, инфрақұрылымдық және экономикалық проблема екені айқын байқалады.

Салаға бағытталған мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы үшін болашақта жобаларды қатаң техникалық бақылау, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және жергілікті қауымдастықтардың пікірін ескеру аса маңызды. Су – тек тіршілік нәрі ғана емес, ауыл экономикасын тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button