
Ауыл тұрғындары асыға күтіп жүр…
Облыс орталығымен қатар аудандарда да біраз нысанның құрылыс жұмыстары қарқын алған. Біз бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан сұрап білдік. Айталық, Индер ауданындағы Аққала ауылында заманауи талаптарға сай келетін жаңа балабақша құрылысы жүргізілуде. Бұл әлеуметтік маңызды нысан 90 бүлдіршінді қабылдайтын болады.

Бүгінде бұл жұмыстармен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен мердігер «Гранд Мастер» ЖШС жұмыс жасауда. Жоба осыдан екі жыл бұрын сәуір айында қолға алынған. Жалпы аумағы 1991,21 шаршы метр болатын нысанның басты ерекшелігі – топтық ұяшықтарда. Олардың әрқайсысы ұйықтауға арналған, киім ауыстыру бөлмелерден, буфеттен және санитарлық тораптан тұрады.
Жаңа балабақшаны ауыл тұрғындары көптен күткен болатын. Бұл бір жағынан жас ұрпақтың тәрбиесіне жасалған игі қадам болса, екіншіден ауылдағы жұмыс орындарының артуына мүмкіндік бермек.
Бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалмақ
Исатай ауданына қарасты Томан ауылында балаларға арналған заманауи балабақшаның құрылысы жүруде. 80 бүлдіршінді қабылдауға арналған екі қабатты балабақша 3 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды күндізгі уақытта қабылдауға арналған.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен «Гранд Мастер» ЖШС қолға алған жобаның құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Қосқабатты балабақша заман талабына сай жабдықталмақ.
Жобаның басты мақсаты – ауыл балаларының сапалы білім алып, тәрбиеленуіне, толыққанды дамуына жағдай жасау. Балабақшада әрқайсысы 20 балаға арналған төрт топ құрылады. Мұнда бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалмақ.
Заманауи оңалту орталығы салынады
Атырау қаласында ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл – өңір үшін әлеуметтік маңызды жобалардың бірі.
Орталықтың құрылысын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен «Батыс альянсСтрой» ЖШС салуда. Осыдан екі жыл бұрын басталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы, үй жағдайына жақын орта құруға бағытталған. Бұл жоба олардың жасы мен денсаулық жағдайына бейімделіп отыр.
Жоспар бойынша орталық бес блоктан, бір бақылау-өткізу бекетінен және техникалық ғимараттан тұрады. Әр блок өз функциясына сай бөлінеді. Сондай-ақ ғимаратта қоймалардан өзге, техникалық қызмет көрсету пункті, слесарлық шеберхана және тегершік жөндеу орны орналасатын болады. Оңалту орталығы іске қосылған кезде өңірдегі ерекше жандарға қолжетімді әрі сапалы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсетіліп, олардың қоғаммен толыққанды өмір сүруіне жол ашылмақ.
Таңдайда – таңғажайып кешен
Махамбет ауданындағы Таңдай ауылында жастар мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына серпін беретін заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл – ауыл спортының дамуына бағытталған ірі әлеуметтік жоба.
Құрылыс жұмыстарын басқарма тапсырысымен «Сұңқар Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Кешеннің жалпы аумағы 671,43 шаршы метрді құрайды.
Бұл спорт кешені әмбебап зал ретінде салынуда. Мұнда шағынфутбол, баскетбол, волейбол, сондай-ақ бокс, күрес түрлері (классикалық, еркін, самбо, дзюдо) бойынша жаттығу және дайындық өткізуге мүмкіндік жасалады. Кешенде барлық жағдай жасалған. Оқу-жаттығу сабақтары кезінде бір мезетте екі спорт түрінен 48 адамға дейін қатыса алады. Ал жарыстар кезінде әр спорт түрі жеке өткізіледі. Мәселен, баскетбол, волейбол немесе шағынфутбол бойынша сайыс кезінде 4 команда (әрқайсысы 12 адамнан) бәсекелесе алады.
Барлық жаттығу бөлмелері мен қосымша кабинеттер заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылатын болады.
Спорт кешені ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасамақ. Сондай-ақ болашақ чемпиондардың алғашқы қадамы осы кешенде басталуы бек мүмкін.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ