
Ауыл шаруашылығы – экономика локомотиві
Облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шеңберінде өңірдің табиғи-климаттық және ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында суару және суландыру жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында бұл шаралар 2025 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретіндігі айтылған. Атап айтқанда, су инфрақұрылымын жаңғырту нәтижесінде егіс алқаптарының көлемі 10 462 гектардан 12 554,4 гектарға дейін немесе 20%-ға, ал жайылымды суару алқаптары 1 181 гектардан 1 800 гектарға дейін немесе 52,8%-ға ұлғаяды. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейін жақсартады.
Нәтижесінде ет өнімдері бойынша ішкі нарықты қамту үлесі 50%-дан 65%-ға, сүт өнімдері бойынша 35%-дан 50%-ға, картоп бойынша 45%-дан 60%-ға дейін өседі деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жалпы алғанда, өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 11%-ға өсіп, қазіргі 86,5 млрд теңгеден 96 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
Мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер болжанып отыр. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ірі қара мал басының саны 180,3 мың бастан 207,3 мың басқа дейін немесе 15%-ға, қой мен ешкі 579,7 мың бастан 614,4 мың басқа дейін немесе 6%-ға, жылқы 91,7 мың бастан 114,6 мың басқа дейін немесе 25%-ға, түйе 32,9 мың бастан 35,3 мың басқа дейін немесе 7,5%-ға өседі деп күтілуде. Сонымен қатар 915,5 мың гектар жайылымдық жерге тұрақты су жеткізу қамтамасыз етіледі, бұл мал шаруашылығының тұрақты әрі қарқынды дамуына ықпал етпек.
Экономиканың аграрлық секторын дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Жалпы сомасы 19 624 млн теңгені құрайтын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын жоюға және өңірлік нарықтардағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 357 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде, бұл өңірдегі еңбек нарығына оң әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан шаралар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналдырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосады.
Алмас ҚАБДОЛ