Жарнама
Экономика

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІНЕ – ЕРЕКШЕ ЕКПІН

Көнбіс, шыдамды да шүкіршіл халық емеспіз бе, қапелімде жұрттың, құлағдар болған жайға абдырап қалып жатпағанын көріп, имандай шыным, таң қалатын да жөніміз жоқ еді. Бұнысы бейқамдық емес, бұндай құқайды халқымыз бұған дейін де бірнеше мәрте көрген жоқ па еді?! Сол сынақтардан да аман өтті, мұратқа жетті.

Көрген бейнетіміздің берген зейнетіне жарап қалған ардагерлер әулетіненбіз, осындайда өткен өмір өткелдеріне бойлап, ойға шомып кететініміз бар.

…Төл тарихының бастауларында талай-талай тар жол тайғақ кешулерден өткен халқымыз, шынында, не көрмеді? Құдайға шүкір, тәуелсіздігімізге тәу етіп, тынысымыз кеңіп сала берді. Тоқшылық, жақсылық заманның ырысы мен тынысына, шаттығы мен шапағатына кенеліп қалдық. Өшкеніміз жанып, жоғалтқанымыз түгенделіп жатыр.

Ел мұраты – еңбек, ол бәрін де жеңбек. Елбасымыз бұдан былай ауыл шаруашылығы өндірісіне екпін қою керек деп айтты. Біздіңше, сол – ең дұрысы! Төскейде төрт түлік мал өріп, мыңғырып жатқаны – қазақтың құты емес пе?! Өлмес тірліктің өзегіне осы бастан баса мән беру керек. Өзім атакәсіпті мұрат тұтып, өмір бойы мал бақтым. Одан қор болғаным жоқ, мерейім өсті, мәртебем биіктеді. Еңбегімді елім елеп, ер атандырды. Ең бастысы – ел байлығының еселене түсуіне бойымдағы күш-қайратымды сарқа жұмсап, үлес қосып, береке-тірлік негізі берік қаланғанына риза боламын.

Айтайын дегенім, тоқшылықта көрген дағдарыс елдің тоқ бүйірін соншалықты қабыстыра қоймас. 2007-2009 жылдардағы дағдарыстар да әнәбір қиналта қойған жоқ қой. Олардан Елбасының игі бастамаларын бірлесе жүзеге асырып, тапсырмаларды мүлтіксіз орындау арқылы шықтық. Дамудың даңғыл жолындағы даңғайыр ел екенімізге бүгінде бүкіл әлем көз тігіп, экономикалық ынтымақтастық үрдісіне ұмтылыс үстінде.

Рас, бұл жолғы әлемдік дағдарыс бұрынғыдан басқарақ, күрделі әрі ауыр өтетін сыңайлы. Соған орай Елбасының тапсырмасымен ел Үкіметі әлемдік дағдарыстың біздің экономикамыз бен қоғамымызға соққы күшін әлсірету үшін табанды да жедел әрекетке көшіп жатыр. Қиын кезеңнің қыспағына бәріміз болып қарсы тұруымыз керек. Күш біріктіріп, ауыртпалықты еңсеру — өмір заңдылығы. Бұл – қиындық атаулыны жеңудің бірден-бір жолы.

Сайып келгенде айтарым, Елбасының дағдарысты еңсеру үшін берген тапсырмалары өте орынды. Әсіресе, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағдарламасы көңілімізден шығып отыр.

Кісенбай АСАБАЕВ,

белгілі малбегі, Социалистік Еңбек Ері.

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button