АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ – АЙРЫҚША ҚОЛДАУ
Әсіресе, ірі қара мал басын арттыруға арналған «Сыбаға» бағдарламасына ауыл адамдарының ықыласы айрықша. Бұл бағдарлама бойынша кепіл мүмкіндігіне қарай, 1-30 млн. теңге аралығында он жыл мерзімге заңды тұлғаларға, шаруа қожалықтарына және жеке кәсіпкерлерге несие беріледі.
Қарыз алушылардың төлем қабілеті ескеріледі. Сонымен қатар, салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегінің және «жағымсыз несиелік тарихының» болмауы да маңызды. Малды ұстау үшін қажетті инфрақұрылымның жеткілікті болуы талап етіледі.
Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облысымызда 624 мүйізді ірі қара малы алынды. Айталық, Атырау қаласы бойынша «Ақсай» шаруа қожалығы 62, Құрманғазы ауданынан «Қазиев Р» шаруа қожалығы 41, Махамбет ауданынан «Арман» шаруа қожалығы 44, Қызылқоға ауданынан «Нұр-Ай» шаруа қожалығы 60 бас мал сатып алды.
Асылтұқымды қой басын өсіруге арналған «Алтын асық» бағдарламасымен 1-30 миллион теңге аралығында жеті жылға несие алуға болады. Сонымен қатар, екі жыл кәсібін кеңейтуге мүмкіндік бар. Яғни, «несие каникулы» қарастырылған. Әрине, кепілдік мүлік болуы шарт. Сатып алынған мал санына қарай, оларды әрі қарай асылдандыру жайы да ескерілген. Мәселен, асылтұқымды қошқар сатып алынғанда, оның біреуіне 8 мың теңге беріледі. Ал, отарға қосқанда селекциялық жұмыс үшін саулық басына 1500 теңге субсидия қарастырылған. Негізгі талапқа келсек, екінші деңгейлі банк алдында несие алушының ешқандай қарызы болмауы тиіс. Сонымен қатар, алғашқы жарнаға қажетті соманың 30 пайызы немесе соған тең келетін қой басы есепке алынады. Кепілге ауыл, аудан, қаладағы жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік, несиеге алған немесе шаруаның өзіндегі бар малы, жер телімі кірістіріледі. Несие аналық саулық пен асылтұқымды қошқарға, негізгі техникалық құралдарды жөндеуге немесе сатып алуға, айналым қаражатын толтыруға беріледі. Мұның бәрі – отарлы мал басын, олардың өнімділігін көбейтуге бағытталған іс.
Бiр саулыққа берiлетiн несие 25 мың теңгеден аспауы керек. Бағдарламадағы тағы бiр жеңiлдiк – қой құнын арзандатуға, ет өндiруге, селекциялық жұмыс жүргiзуге байланысты мемлекеттiк субсидия тағайындалғаны. Сондай-ақ, қожалықта 600-ден аса қой болса, оларға қажет жемшөп өндiру техникасына кеткен шығынның 50 пайызына мемлекет есебiнен субсидия төленеді.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша былтыр 3 821 қой сатып алынды. Несиеге мал алушылардың қатарында Қызылқоға ауданындағы «Ақшелек» (254), «Есенбаев Ш» (304) шаруа қожалықтары, Индер ауданынан «Жарсуат» өндірістік кооперативі (380), Жылыойдан «Алжан» (350) және Құрманғазыдан «Қуанышкереев» (104) шаруа қожалықтары бар.
Жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған «Құлан» бағдарламасындағы негiзгi талап – жылқының жасы 12-36 ай аралығында болуы шарт. Несие алушының өзінде жоспарланған мал санының 30 пайызы немесе оны сатып алатын қаражаты болуы керек. Ал, бұл үшiн берiлетiн несиенiң ең аз мөлшері 4,5 миллион теңгеден басталады. Несиенi өтеу мерзiмi – 10 жыл. Кәсіп иесінің үш жылға дейін несиені төлемеу мүмкіндігі қарастырылған.
«Құлан» бағдарламасы бойынша өткен жылы 944 жылқы сатып алынды. Мысалы, Индер ауданынан жеке кәсіпкер К.Көшеков 44, Қызылқоға ауданының «Айтөре» шаруа қожалығы 22 жылқы малын иеленген.
«Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Алдағы уақытта осы үш бағдарлама аясында сомасы 18 283 000 теңгеге бағаланған алты өтініш мақұлданып, оны қаржыландыру жоспарлануда. Ал, 83 950 000 теңге қаражат жұмсалатын жеті шаруа қожалығының сұранысы әзірге қаралуда», — дейді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Махамбет Латипов.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.