
Атыраулық кәсіпкерлер салық реформасын талқылады
Мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков келіп, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Басқосудың басты тақырыбы салық жүйесіне енгізілетін жаңашылдықтар болды. Бүгінде осы мәселеге қатысты бизнесмендердің ұсыныс-пікірлерін ескеру мақсатында Үкіметте 6 жұмыс тобы құрылып, өңірлерді аралауға кіріскен.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен кеңесте салық реформасы, атап айтқанда, салық салу жүйесіндегі өзгерістер, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және дифференциалдытәсілді енгізу мәселелері талқыланды.

Вице-министр Үкіметтің ҚҚС базалық ставкасын 16 пайыз деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салалар үшін 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату туралы ұсынысымен таныстырды.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер өз ұстанымдарын білдіріп, бизнеске түсетін салмақтың артуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Арнаулы салық режимін және бөлшек сауда салығын трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің өкілдері бизнес үшін тәуекелдерді барынша азайтуға және салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстар жасады.
Вице-министр Қазақстанға салық жүйесін жаңғырту қажет екенін, бірақ бұл үдеріс кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай құрылымда болуы керектігін атап өтті. Ол реформаны одан әрі талқылауда бизнес өкілдерінің пікірлері міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, салық жүйесін реформалаудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеу мақсатында бизнес-қауымдастықпен консультацияларды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ