Жарнама
Экономика

АТЫРАУЛЫҚ ЕГІНШІЛЕРГЕ — 315 МЛН ТЕҢГЕ СУБСИДИЯ

Бір ғана егін шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету мақсатында қабылданған 4 бюджеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде биыл облыс бойынша 315,9 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, бұл сома былтырғыдан (307 млн. теңге) 9 млн. теңгеге артық. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу шығындарын субсидиялауға – 248,8, сатып алынған тыңайтқыштардың құнын өтеуге – 50, пестицидтерге жұмсалған қаражатты қайтаруға – 5 және тұқым шаруашылығы шығындарын жабуға – 12 млн. теңге қаралыпты.

–Жалпы, биылға егіншілік саласын субсидиялауға байланысты бекітілген бюджеттік бағдарламалар қағидаларына салалық министрлік арқылы бірқатар өзгерістер енгізу жобасы дайындалып та қойылған. Дегенмен, әзірше ол нақты жүзеге аспағандықтан, қолданыстағы ережелер ешқандай өзгерісіз, сол күйінде қалдырылатын болды. Ал, субсидиялар осы мамыр айынан бастап төленуде.

Тұтастай алғанда, егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарына уақытылы қамданғанымен,  ауа райының қолайсыздықтарына орай науқан жылдағы мезгілінен кешеуілдетіп басталды.

Соңғы апталарда толассыз жауған жаңбыр маусымдық жұмыстардың кестеге сәйкес жүруіне кедергі келтіруде. Десек те, бұған қарап дихан қауымы қол қусырып та отырған жоқ. «Судың да сұрауы бар» дегендей, қалай еткенде де қазынадан берілетін қомақты қаражаттың қайтарымы болуы керектігін олар жақсы түсінеді, — дейді Амангелді Сағидоллаұлы.

Айтпақшы, көктемгі дала жұмыстары үшін шаруа қожалықтарына жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отыны мен минералды тыңайтқыш мәселесі де оң шешімін тапқан. Ал, жылыжай шаруашылықтарында өсірілген көкөніс, атап айтқанда, қияр мен қызанақ дақылдары қазірдің өзінде пісіп-жетілуде.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button