АТЫРАУЛЫҚТАР ЖАРЫҚТАН ТАРЫҚПАЙДЫ
Шығындар үлесі азайып отыр
«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті Айбар Рахманов атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Қазіргі уақытта электр жүйелері мен подстансаларды жаңарту мен қайта қалпына келтіру шаралары жүріп жатыр. Жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары жүз пайызға орындалды. 2010 жылдан бастап 238,672 км жалаң сым жүйесі арнайы оқшауланған сымдармен алмастырылды. Жөндеу жұмыстары тұрғындардың айтуымен және жоспарлы жұмыс кестесі арқылы жүзеге асады.
Бұл істер ағымдағы жылда да өз жалғасын табатын болады. Ал жұмсалған шығындар үлесі инвестициялық бағдарлама басталғанда 19 пайызды құраса, қазір 16 пайызға азайып отыр. Бұл – біз үшін үлкен көрсеткіш, — дейді Айбар Дүйсебәліұлы. Өндірістік-техникалық қызмет басшысы Тілеужан Мендалиевтің берген мәліметі бойынша, жоспардағы барлық энергонысандар күрделі жөндеуден өткен.
Баға бұрынғы қалыпта
«Баға жайына келер болсам, «Атырау-Жарық» АҚ бағаны көтеру бағытында әдеттегідей ұсыныс жасады, бірақ монополияға қарсы комитет қабыл ала қоймады. Бүгінгі тариф өзгерген жоқ, сол бұрынғы 4,76 теңгені құрайды. Төлемдердің бәрі де электр жүйелерін жаңарту мен жөндеуге жұмсалатын болады» дейді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, электр энергиясы тасымалына күн райы да оң, теріс әсерлерін тигізіп отырады. Осы жылы тасымалданатын электр энергиясының көлемі сағатына 1 млрд.417 мың киловатт көрсеткішке жетеді деп болжануда. «Атырау-Жарық» ұжымы апатты жағдайлардың орын алмауы үшін бар күш-жігерімен жұмыстануға дайын.
Ең көп тұтынушымыз – кәсіпорындар
Кәсіпорындардың иесі болып табылатын заңды тұлғалардың электр энергиясын анағұрлым көп мөлшерде қолданатынын тәжірибе көрсетіп келеді. Жіліктеп шағар болсақ, тұрғындар 30 пайыз, ірі кәсіпорын мекемелері 40 пайыз және қазыналық ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер қалған 30 пайыз электр энергиясын пайдаланады екен. Бұрынғыдай қожайынсыз қалған электр жүйелері қазір қала бойынша мүлде жоқ, барлығы коммуналдық меншікке өткізілген.
2014 жылы электр энергиясын коммерциялық тіркеудің автоматты жүйесі енгізілді. А.Рахмановтың айтуына қарағанда, мұндай жаңа жүйе апатты жағдайлардың орын алу қаупін сейілтіп, шығындар көлемінің азаюына өз көмегін тигізбек. Былтыр тек бір ғана техникалық ақаудың орын алғаны болмаса, тұрғындар электр энергиясынан қол үзіп көрген емес.
Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда
— Өткен жылы адам өлімімен аяқталған өндірістік жарақаттар орын алған жоқ. Мақат аудандық электр стансасында бір жұмысшымыз қарапайым техникалық қауіпсіздік ережесін бұзып, бағанадан құлады. Қазір жағдайы қанағаттанарлық. Осы орайда жылма-жыл «Новад-Иншуранс» секілді сақтандыру мекемелері арқылы жұмысшылармен міндетті сақтандыру бойынша келісім-шарт жасалып, барлық жұмысшымыз қаржылай сақтандырылды.
Жыл сайын қызметкерлер білім-білігін жетілдіру мақсатында арнайы оқыту курстарынан өтеді. Атап айтқанда, осыған дейін еңбек қорғау мен қауіпсіздігі бойынша 46, қауіпті өндіріс нысандарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудан 149 және өрт қорғанысынан 85 адам оқу-жаттығу курстарынан өтті, — деді мекеменің еңбек қорғау қызметінің басшысы Жәнібек Жекенов.
Жұмысшыға барлық жағдай жасалған
Акционерлік қоғамның өндірістік қамтамасыз ету бойынша вице-президенті Рашид Байбосынов: «Жұмысшылар үшін еңбек жағдайын жақсарту бағытында көптеген шаралар қолға алынды. Барлық кезекшілік құрам ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Аудандарда жаңадан қызмет нысандары ашылды. Онда демалу, медициналық тексерістен өту т.б. қызмет көрсету түрлері қарастырылған. Денсаулыққа зиян келтіретін жұмыстарда жасайтын қызметкерлер түгелдей сүтпен қамтылады. Жыл сайын қызметкерлерге емдеу-сауықтыру кешендеріне және олардың балаларына жазғы демалыс орындарына барып демалулары үшін жолдама беріледі.
— «Атырау Жарық» АҚ-да барлығы 1368 адам қызмет етеді. Былтырғы көрсеткіш бойынша мамандардың белгілі бір себептермен қызметтен кету үлесі 14 пайызды құрады. Жоғары оқу орындарында электро-энергетика бағытында оқитын жұмысшы балаларының оқу ақысы да төленеді. Көп балалы қызметкерлердің отбасына материалдық көмектер көрсетіліп, мүгедек балалары болса, дәрі-дәрмектерін алып беруге қаражат бөлінеді, — дейді кадр бөлімінің басшысы Гүлмира Макенова.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.