Жарнама
Экономика

АТЫРАУДЫҢ АУАСЫН КІМДЕР БҮЛДІРІП ЖАТЫР?

  ТҮНДЕ ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАНДАР 

Бұдан біраз жыл бұрын академик Мұфтах Диаров газетімізге берген кезекті сұхбатында «Мен бір күні атыраулықтар ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» деген-ді. Кейін республикалық ақпарат құралдарына тарап кеткен қадірменді қарттың осы сөздері қазір де мәнін жойған жоқ. Әсіресе, мұнай өңдеу зауытымен қоңсы қонғандар тынысты тарылтатын жағымсыз иістен зардап шегіп келе жатқандарын үнемі айтып жүр.

Өткен жылы редакциямызға шағымданған Гайдар көшесінің тұрғыны Мұрат Шәштиев бірнеше жылдан бері зауытпен көрші екендіктерін, таңға жуық ауаға шіріген жұмыртқаның иісі тарайтындығын айтқан-ды. Ал, мұндай иіс, мамандардың тұжырымдауынша, күкіртке тән. Сондай-ақ, «Тұрғындар қалашығы» ықшамауданының тұрғыны Гүлнәр Көшбаева да таңға таяу ауаға өткір газ иісінің таралуынан шошып оянатынын, сол күні басы ауырып шығатынын айтады. Міне, соның бәрі зауыттан таралып жатқан жоқ па? Кәсіпорын басшылығы өздерін қаншама ақтағанымен, өндіріс ошағының төңірегіне зиянын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Жергілікті экологтардың зауытты қала ауасын бүлдіруші кәсіпорындардың алдыңғы легінде атауы  сондықтан. 

Тұрғындардың толассыз шағымына орай ілгергі жылдары түнгі мезгілде зауыт айналасының ауасына мониторинг жүргізілген-ді. Әйтсе де, әлдекімдер бұл шараны кәсіпорын жетекшілеріне айтып қоя ма, әлде өзге себебі бар ма — әйтеуір, біраз уақытқа дейін тексеріс еш нәтиже бермеді. Дегенмен, тұрақты қадағалау арқылы алдыңғы жылы түнгі мезгілде бірнеше мәрте олқылықтардың орын алғандығы анықталды. Бұған Аджип ҚКО компаниясының қала аумағында ауа сапасын зерттейтін автоматты стансалар орнатуы да оң ықпал етті. 

Сонымен, алдыңғы жылғы 24 тамызда 01.43 және 02.24 сағат аралығында зауыт маңында күкіртті сутегінің ауаға таралуы рұқсат етілген деңгейден 1,5 есеге асып түскен. Ал, 28 тамызда бұл көрсеткіш 1,8 есені құраған. Күкіртті сутегінің шамадан тыс көп мөлшері былтырғы 17 тамызда Химпоселок, «Авангард» және «Тұрғын үй қалашығы» ықшамаудандарында да тіркелген. Экологтар мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болатындығын айтады. 

Оның үстіне, өткен жылғы 25 қарашада зауыт қызметкерлері экологиялық талаптарды аяққа таптап, мазут сақтауға арналған №22 резервуарды бумен тазалаған. Соның салдарынан да ауаға зиянды қалдықтар шығарылған. Кейін, прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген тексеру нәтижесінде, зауытта жоғарыда айтылған №22 резервуардан басқа №№20 және 141 резервуарлар да осындай әдіспен тазаланғаны анықталды. Бұдан артық заң талаптарын бұрмалаушылық болар ма? Жалпы, бұдан біраз жыл бұрын басталған зауыт төңірегіндегі ауаны зерттеу шарасы кейін түрлі себептермен соңына дейін жеткізілмеді. Кейбір деректерге қарағанда, мәселе қаражатқа келіп тірелген тәрізді. 

Үш-төрт жылдан бері бұрынғы химия зауытының орнында «Om Trade Oil» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі тауарлы мұнайды өңдеумен шұғылданып келеді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бір зауыттың зардабын шегіп отырған тұрғындарға енді екіншісі қосылды. Өйткені, экологтардың айтуынша, осы өндіріс ошағынан да түнгі мезгілде ауаға шамадан тыс  көмірсутегі қалдықтары тарайды екен.  Оған күкіртті сутегі иісін қоссаңыз, іргелес үйлер адамдарының саулығынан не қалушы еді?

 САУЛЫҒЫ СЫР БЕРГЕНДЕР 

Денсаулық демекші, атыраулықтардың саулығы сыр беріп, жыл санап түрлі дертке ұшырағандар саны артып келе жатқандығы жөнінде бұған дейін де жазған едік. Қазіргі деректер де көңіл көншітпейді. Әсіресе, ересектер арасында тыныс алу органдары ауруына ұшырағандар  көп. Мәселен, 2011 жылы 11846 адам осындай сырқатқа тап болған. Соңғы жылдары қан айналымы бұзылғандар саны алты есе артқан. Жалпы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, барлық аурудың 23 пайызы қоршаған ортаға байланысты екен. Соның ішінде қатерлі дерттің пайда болуы төрттен бір жағдайда орын алады. Мұның бәрі алаңдатарлық жай емес пе?

Сонау жылдары Сарықамыста болғанымызда жергілікті тұрғындар үстерін жара қаптап кеткендігін айтып еді. Бір қызығы – ауылдан жырақ кетсе, әлгі қотыр белгілері де өздігінен жоғалады екен. Мұны ар жағындағы Теңіз кенішінің әсері емес деп айта аласыз ба? Бүгінде аталмыш ауыл жоқ, оның тұрғындарының бір бөлігі Атырауға, екіншісі Жаңа Қаратонға көшірілген. Бірақ, біраз жылдан бері күкірт иісі бойларына сіңіп қалғандар сауығып кетті ме екен? Жел кеніш жақтан соққанда сол күкірттің иісін өзіміз де жұтқан едік. 

Өткен жылы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы қатарға қосылды. Рас, ол Атырау аумағында емес, отыз шақырымдай қашықта. Бірақ, экологтардың айтуынша, жел шығыстан соққанда күкіртті сутегі иісі қалаға небәрі 15 минутта жетіп келеді екен. Оның үстіне, бізде жел көбіне шығыстан соғатынын және оның бірнеше күнге созылатынын ұмытпалық. 

Жел демекші, мамандардың анықтауынша, ол Атырауға қай жағынан соқса да түрлі қалдықтардың көңірсіген иісін алып келеді екен. Қала жан-жағынан өндіріс ошақтарының қоршауында қалған. Мәселен, мұнай өңдеу зауыты, «ППС Ойл Трейд» жуу стансасы, «Каспийпромстройнедвижимость» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай базасы, асфальтбетон зауыты, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, мұнай құбырлары басқармасы, т.б. Міне, солардың бәрінен тараған түрлі қалдықтар ауа арқылы қалаға лап қояды. 

Бұдан үш-төрт жыл бұрын облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен мұнай өңдеу зауыты мен өзге де өндіріс ошақтарының атыраулықтардың саулығына қалай әсер ететіндігіне кешенді тексеру басталған-ды. Ол әлі аяқталған жоқ, бірақ, соның өзінде 2007-2011 жылдары күкіртті сутегінің ауаға тарауы, әсіресе түнгі мезгілде рұқсат етілген мөлшерден 140 есе артық болыпты. Сонда біз не жұтып жатырмыз?

 «АҚЖАЙЫҚ-7» ЖАБЫЛА МА? 

Экологтар қала ауасын бүлдіріп, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарып жатқан кәсіпорындар қатарында «Ақжайық-7» мекемесін де атаған-ды. Таратылған соңғы мәліметке қарағанда, облыстық экология департаменті оның қызметін тоқтату туралы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотқа арыз түсіріпті. Табиғат сақшыларының айтуынша, осы өндіріс ошағында көптеген кемшіліктер анықталған. 

Мәселен, өткен жылғы қазан-қараша айларында кәсіпорынның санитарлық қорғаныш аймағының шекарасы мен оның сыртында жүргізілген атмосфералық ауаны зерттеу нәтижесі бірқатар өте зиянды қалдықтардың шамадан тыс екендігін көрсеткен. Атап айтқанда, былтырғы 10 қарашада түнгі 02.00-03.00 сағаттар аралығында күкіртті сутегі мөлшері рұқсат етілген деңгейден 70 есе артық болған. Сонымен қатар, әлсіз желдің өзінде санитарлық қорғаныш аймағының сыртында 400-500 метр қашықта да күкіртті сутегі жиынтығы 15-25 еседен асып түскен. 

Міне, осындай және өзге де кемшіліктері үшін экологтар аталмыш өндіріс ошағын жабуды және оны қала сыртына көшіруді талап етіп отыр. Ол қаншалықты орындалады, оны уақыт көрсетеді. Өйткені, бір-ақ сәтте ұжымдағы жарты мыңға жуық адамды жұмыстан босату да жеңіл емес. 

Жалпы, бұған дейін де экологтар қоршаған ортаға залалды қалдықтарын шығарып жатқан кәсіпорындарды жабуға талай оқталғанымен, сайып келгенде, бұл-оңай шаруа емес. Біріншіден, осы өндіріс ошақтары өз қызметі арқылы жергілікті бюджетке қомақты түсім түсіріп отыр. Екіншіден, соларда істейтіндердің дені – осы өңірдің мамандары. Оларды қызметсіз қалдыру – облыста жұмыссыздық мәселесін одан әрі ушықтыруы мүмкін. 

Әйтсе де, адамдардың саулығы бәрінен қымбат десек, өзгелерге сабақ болуы үшін кейбір қатаң шараларды қолданған да жөн.

Редакциядан: Осы материалды дайындау барысында Геолог селолық округі әкімдігіне хабарласқан едік. Әкімнің орынбасары Жандос Шадановтан білгеніміздей, тұрмыстық қалдықтарды шығарумен шұғылдануға кәсіпкерлер құлықты емес. Шығыны көп, өзін ақтамайтын шара санайды. 

Дегенмен, округ басшылығы жергілікті жеке бизнес иелерімен мәмілеге келіп, ауыл тазалығын сақтауға жұмыстанып жатқандығын айтады. Ескі көліктің салқыннан қызбай қалып, біраз әбігерге салғанын да жасырмады. Қазір тұрмыстық қалдықтарды шығару жалғасуда екен.

ДАБЫЛ!

ҚОҚЫС ЖАТЫР АУЛАДА АЛЫНБАҒАН…

Редакцияға қала маңындағы «Геолог-2» елді мекенінің тұрғыны Алмагүл Ідірісова қоңырау шалды. Оқырманымыздың айтуынша, осы шағын ауылда тұрмыстық қалдықтардың алынбағанына бірер ай болыпты. 

Одан әрі білгеніміздей, бұрын мұнда қалдықтарды жинау ісімен «Эдем-экология» мекемесі шұғылданыпты. Оның қызметіне тұрғындар да дән разы болған. Бірақ, кейін бұл шаруа жеке кәсіпкерлерге тапсырылыпты. Содан бері жұмыста жүйесіздік орын алған. Осы жолы да селолық округ әкімдігіне қоңырау шалғандарға арнаулы көліктің бұзылып жатқандығын айтатын көрінеді. Бір ай бойына жөнделмейтін ол нендей көлік? Міне, осыған ренжіген тұрғындар өздеріне «Арнаулы автобаза» мекемесінің қызмет көрсеткенін де қалайды. 

Біздің ауыл тұрғындарына риза болғанымыз – олардың тұрмыстық қалдықтарды көшеге шығарып тастамай, әзірге аулаларында сақтап отырғандығы. Әйтсе де, қашанғы осылай істейді? 

— Аула әбден толды, — дейді Алмагүл Ідірісова, — енді қайда жинарымызды да білмейміз. Ал, үйдің маңын ластағымыз келмейді. 

Расында да, уақытында алынбағандықтан тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын көшеге тастай берсе, ертең көктемде көңірсіген иістен тыныс та тарылмас па? Ауылдың сәні де бұзылмас па? Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің осы жайды да жадында ұстағандары абзал еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button