ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ СӘТ

Биылғы жыл қазақстандықтарды өзіндік жаңалықтарымен қуантып отыр. Қазақ елінің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы еліміз егемендік алғаннан кейінгі Елбасымыздың алға қойған ұлы мақсатының бірі еді. Ол да жүзеге асты. Осы қуаныш үстінде қазақ халқын дүние жүзіне танытудағы Президенттің еңбегін айрықша таныдық. Кеңес одағы тараған тұста, бұрынғы посткеңестік елдердің ішінде алғашқылардың бірі боп еңсесін тіктеген де Қазақстан болатын. Осының өзі қазақтың маңдайының бағы етіп берген  Жаратқанның ғажап  сыйы – Елбасының арқасы.

 

ДСҰ-ның мүшелігіне қабылдану экономикамыздың өрлеуін ғана туғызбайды. Бұл оқиға мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен өнердің дамуына да ұшан-теңіз ықпал ететіні анық. Осы тарихи сәт жазушылар қаламынан, суретшілер картинасынан өз орнын табады деп сенемін. Шабытты шалқытатын, өнерді өрге жүздіретін өз халқымыздың ұлы жетістігі – жиырма бірінші ғасырда қазақтың қолы жеткен, тарихқа алтын әріппен жазылатын кезең.

Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо: «Бұл – Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн», деп атап көрсетті. Ал, ДСҰ-ның елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі департаментінің директоры Чиеду Осакве: «ДСҰ-ға қосылу дегеніміз –  жаһандық экономикаға қосылу деген сөз» деп, бұл шешімнің артықшылығына баса назар аударды. Елбасының жиырма жылға жуық уақыт осы ұйымға кіру үшін елімізді алға тартып, «100 нақты қадам» сынды маңызы зор жоспарды қабылдауы да жұртшылық арасында тың серпіліс тудырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан көрегендікпен Ұлт жоспарын дәл уақытында қабылдауының өзі әлемдік саясаткерлерді қайран қалдырып отыр. Жалпы, еліміздің ДСҰ-ға қосылуы мәселесінде табандылық танытқаны да атап өтілді. Елде 50-ге жуық заң қайта қаралған, өзгерген. Осының өзі заман ағымына сай көзқарастар өзгерген кезде біздің Елбасымыздың да қоғам дамуын көрегендікпен шолатынының дәлелі. Бәсекелестікке қабілетті, жаһандық экономика жағдайында жұмыс жасай алады деп есептелген елдер ғана бұл әлемдік деңгейдегі ұйымға мүше бола алады. Өнер адамы ретінде, осынау шежіреге толы күн маған да шабыт сыйлады деп мақтанышпен айта аламын. Бұл біздің әлемге әйгілі ел болғанымызды білдіретін маңызды да, айтулы оқиға!

Камила ЖАПАЛОВА, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз