Атырауда жем-шөп бағасы шарықтап тұр

shop Экономика

Ауыл шаруашылығындағы маңызды да жауапты науқандардың бірі – қысқы мал азығын дайындау. Жылдағыға қарағанда биыл науқанды нәтижелі өткізуге мүмкіндіктің мол екені байқалады. Десек те, мұнда қиындықтар да жоқ емес. Соның ішіндегі өзекті мәселенің бірі шөптің бағасына байланысты туындап отырғанын жасырудың жөні жоқ. Өзгесін былай қойғанда, қыстық мал азығын өз жерінен әзірлеп жатқан аудандардың өзінде де пішенннің бәсі әнебір арзан емес.

Қызылқоға ауданы – облыста кезекті «Жасыл орақ» маусымын алғашқылардың қатарында бастағандардың бірі. Әлімсақтан атакәсіптен қол үзбеген, төскейінде төрт түлігін өргізген малды өңірде бұған мүмкіндіктің де аз емесі аңғарылады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәліметке сүйенсек, аудан бойынша 2023-2024 жылдардың қысқы кезеңіне керекті мал азығының көлемі 137591 тонна болса, оның 32265 тоннасы былтырдан қалған. Соны есепке алғанның өзінде, биылғы науқанда 105 мың тоннадан астам шөп дайындалуы керек екен.

Биыл мал азығы бағасын тұрақтандыру мақсатында аудандық жер комиссиясының шешімімен шабындық мақсатына аудан аумағындағы бос жер қорынан ауылдық округтерге жалпы аумағы 59827 гектар жер берілді. Округ әкімдері оларды мал азығын дайындаушыларға бөліп, арнайы меморандум жасалған. Соған сәйкес шаруалар көлтабандардан шапқан 200 килограмм орама шөпті 4500 теңгеден, 300 килограмдық ораманы 6000, қырлық алқаптан шабылған 250 кг орама шөпті 5500, 300 келілік ораманы 7000 теңгеден асырмай сатуға міндеттеме қабылдады.

Құрманғазы ауданындағы барлық меншік нысаны бойынша алдағы мал қыстату маусымына 70221 сиыр, 186594 қой-ешкі, 32804 жылқы және 5114 түйе түседі деп күтілуде. Оған зоотехникалық нормативке сәйкес 164000 тонна пішен қажет. Ауылдық округтер мен асыл тұқымды түлік өсіретін шаруашылықтардың мәліметінше, былтырғыдан қалған 15000 тоннаны есепке алғанның өзінде, ауданда биыл барлығы 149000 тонна мал азығы әзірленуі тиіс екен. Соның басым бөлігі (149,9 мың тонна) жекеменшік пен шаруа қожалықтарына, қалғаны (4,1 мың тонна) асыл тұқымды мал өсіретін төрт құрылымға («Сүйіндік», «Ақжонас» ЖШС, «Құрманғазы», «Мақаш» ӨК) тиесілі.

Жалпы аудандағы 13413 гектар шабындық алқаптың 2803 гектары – босалқы жер. Ал, 625 шаруа қожалығының үштен бірі немесе 205-і науқанға атсалысуда. Округтерден  түскен мәліметтерге сүйенсек, мал азығын дайындау науқанына 55 машина, 331 әр түрлі маркадағы трактор, 241 тіркеме, 205 агрегаттың жұмысына 1051 адам жұмылдырылған.

Қазір суы кетіп, түбі құрғаған шабындық алқаптарда «жасыл орақ» науқаны қарқын алды. Ал құм өресіндегі Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдық округтерінде шөп дайындайтын бес бригада бар. Олардың мүмкіндігі шаруашылық құрылымдары мен жеке шаруалардың сұранысын өтеуге толық жеткілікті. Тек қырлықтағы шабындықтан шалғыға ілігетін шөптің көлемі 54 мың тоннадан асады. Күні бүгінге дейін оның 40 пайызға жуығы дайындалып үлгерген.

– Жыл сайын қысқа керекті мал азығы негізінен аудан аумағынан әзірленіп, қажет көлемді қамтып келеді. Биылғы да осы үрдісті ұстанып отырмыз. Соның арқасында шаруашылықтар мен жекелеген тұрғындар қыстық шөпті арзандау бәсіне сатып алып, артық қор жасақтауға кіріскен. Одан артылғаны Исатай, Махамбет, Индер аудандарына сатуға шығарылуда. Жолдың қашықтығы мен шығынын ескеріп, пішеншілер шөптің бағасын көтеріп қоюды да дағдыға айналдырған. Амалсыздан көрші өңірлердегі ағайындар қымбатына қарамастан мал азығын ұсынылған бағаға сатып алуға мәжбүр. Өйткені бұл – нарық заңы, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах.

Индер ауданында қысқа қажетті мал азығының көлемі – 67 мың тонна, құрама жем – 9,2 мың тонна. Былтырдан қалған 8,6 мың тоннаны ескерсек, биылғы «Жасыл орақ» науқанында әзірленуге тиісті пішеннің нақты көлемі – 58,4 мың тонна.

Ірі шаруашылықтар қажетті мөлшерде құрама жем алу жөнінде Орал қаласындағы «Желаев ұн өнімдері комбинаты» АҚ-мен жеке кәсіпкерлер арқылы  келісімге келді. Соның нәтижесінде, бүгінге дейін 2,2 мың тонна пішен дайындалып, белгіленген меже 1,3 пайыз артығымен орындалған.

Алайда өткен қыста қар мен көктемде жауын-шашынның болмауы себепті, шабындық алқаптарда табиғи шөп жоқтың қасы. Соның салдарынан шалғы түскен жерлердегі шөптің түсімі былтыр 2,1 центнер болса, биыл әр гектарына 1,2 центнерге дейін төмендеген. Ал, сирек өскен шөптің құнары да жоғары болмасы белгілі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың айтуынша, осындай себептерден аудан аумағынан пішен дайындау қиындап отыр. Соны ескеріп, индерлік шаруагерлер соңғы жылдары суармалы немесе екпелі шөп егуді қолға алған. Тәуекелге бел буған құрылымдардың қатарында «Асыл-Агро» (80 га), «Тоқбай (10 га), «Төлес» (20 га), «Испусинов» (17 га), «Әділет» (17 га),  «Индер-Агро» (10 га) шаруа қожалықтарын атауға болар еді.

Айтқандай, ірі шаруашылықтардың жетекшілері жеткілікті мөлшерде құрама жем сатып алу жөнінде Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарындағы әріптестерімен келісім-шарт жасаған. Соның нәтижесінде, оның бағасы да базардағымен салыстырғанда әжептәуір арзан әрі қолжетімді көрінеді. Мысалы, Оралдағы «Батыс Қазақстан бидай биржасы» ЖШС-мен қара бидайдың әр килограмын 60 теңгеден сатып алуға биыл келісім жасалды.

«Жарсуат» өндірістік кооперативінің пішенші-механизаторлары қол қусырып отырмай, қызылқоғалық әріптестерімен келісіп, мал азығын дайындап жатыр. Қазір көрші ауданның Қызылқоға ауылдық округіне қарасты шабындыққа шалғы салып, дайын ораманың әрқайсысын Жарсуат ауылының тұрғындарына 9 мың теңгеден сатуда. Сол сияқты, жеке кәсіпкер Алтай Әбдірахманов, Аян Есенаманов, Дәрібай Меңдешов, Тыныштық Ізмағанбетовтер  меншігіндегі «Камаз», «Урал» маркалы қуатты автокөліктерімен іргелес Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Сырым аудандарынан жеткізілген бір байлам шөпті Индербор кентінің тұрғындарына 7,5 мың теңгеге, ауылдық округтегілерге 7,5-8 мың теңгеге өткізуде. Алдыңғысынан гөрі сәл төмендеу көрінгенімен бұл бағаның да мал ұстаған ағайынның қалтасын қағып тұрғаны анық.

Исатай ауданында қажетті жемшөп көлемі былтырғы 4350 тонна қалдықты есепке алғанның өзінде 76 мың тоннадан асады. Мамандардың түсіндіруінше, бұл бағымдағы төрт түлікті қыстан аман алып шығуға жеткілікті. Дегенмен, Нарын өңірінде де шабындықтың тапшылығы байқалады. Сол себепті исатайлық шаруагерлер қажетті пішеннің нобайын (65 %) Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан және өз ішіміздегі Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан, қалған 35 %-ын құм өресі мен теңіз жағалауынан жинап алуды көздеп отыр.

Осындай ақпаратты алға тартқан кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұханов одан әрі ауылдық округтердегі ахуалға тоқталды. Ауданда мал азығын дайындау жұмыстарына 30-ға тарта трактор, 12 тіркеме, 14 тырма, 10 тиегіш, 20 шалғы, 16 тайлағыш, 25 пішеншілер бригадасы қатысуда. Атакәсіппен айналысатын 253 шаруа қожалығының малы 247 орында қыстатылады. Осы уақытқа дейін мал азығын дайындау жоспары 20 пайызға ғана орындалған.

Бұл ауданда да қыстық пішен құнының шарықтап тұрғанын білдік. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылының аумағынан шөп шауып жатқан «Мажанов Т», «Жасталап», «Мерей» (Тұщықұдық ауылдық округі), Ақкөл елді мекеніндегі шабындыққа шалғы салған «Самат» шаруа қожалықтары өздерімен шектелмей, өзгелердің де сұранысын орындауға жұмылған. Сату бағасы да айтарлықтай қымбат емес. Оның есесіне Қызылқоға ауданынан дайын пішенді өз көлігімен тасымалдап жеткізген жеке кәсіпкер Серік Досжанов әр ораманы 9-10 мың теңгеден сатып жүр.

Қамысқала ауылдық округінен өз күшімен шөп шабуға дағдыланған  «Мүтиев Б», «Қалимұқанов Ж», «Ищанов С», «Исақұл Ә», «Нұрболат», «Төлеген», «Даутов Н» шаруа қожалықтары да көрші облыстағы Ақжайық ауданынан көлтабанды алқаптарға орақ салыпты. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Көнекеткен ауылындағы «Бірлестік» шаруа қожалығымен арадағы өзара келісімге сәйкес «Арыстанов С» шаруа қожалығы да жемшөп дайындауда. Соған қарағанда, олардың да белгілеген бәсі арзанға түспейтіні айтпаса да түсінікті.

Жекеменшік техникасы бар аққыстаулық жеке кәсіпкер Асылан Өткелбаев та тұщықұдықтық әріптесінен қалыспай, Тайсойған төрінен тасып жеткізген шөбінің бір байламының бағасын 9 мың теңгеден қойған. Жанбай, Нарын, Исатай, Зинеден ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар мен шаруагерлер де бұлардан қалыспай келеді. Олар жақыннан тасыған пішеннің әр орамын 5-6 мың, қашықтан тасыса 7-8 мың теңгеден сатады.

Жасыратыны жоқ, күнкөрісін малсыз елестете алмайтын ауылдағы ағайынның қалтасын шөп бағасы қағып, қинап тұр. Жылдар бойына қайталанып, әбден күрмелген проблеманың оңтайлы шешімі қашан табылары әзірге белгісіз.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз