Атырауда тоқыма емес геотекстиль өнімін шығаратын жаңа зауыт іске қосылды
Жол құрылысына қажетті материалдар енді өзімізден шығарылмақ. Бүгін мұнайлы өлкеде «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің полиэфирлі геосинтетикалық материал өндіретін зауыты іске қосылды. Арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан кәсіпорынның жылына 15 млн. шаршы метр өнім өндіруге қауқары жетеді. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға жол ашпақ. Әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырмақ. Осылайша, еліміз полиэфирлі материалдар бойынша импортқа тәуелділіктен арылмақ.
“Интаго Қазақстан” ЖШС бас директоры Азамат Асылбековтің айтуынша, тәуелсіз мемлекетіміз шамамен 10 млн. шаршы метр тауарды Қытай, Түркия, Ресей сияқты елдерден сатып алып келген. Демек, өнімге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 3 млн. шаршы метр көлемде жаңа зауыт тауарына Ресей тарабымен экспорттық келісім шарт жасалған. Жалпы, компания шығарылатын өнімнің 40 пайызын экспорттауды жоспарлап отыр. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалмақ.Келесі жылы кәсіпорын қосымша 4 млрд. теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асыруды жоспарлапты. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорын Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан нарығына шығуды көздейді. Қазірдің өзінде зауытта 40 маман жұмыс істейді. Тәулік бойы үздіксіз жұмыст істейтін кәсіпорын қызметкерлерінің барлығы да жергілікті кадрлар.
Жобаға жұмсалған 1,4 млрд. теңгенің 715 млн-ы жеңіл өнеркәсіпті қолдау бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан алынған.
Компания келесі жылы шикізатпен өзін-өзі қамтуды жолға қоймақ. Осы мақсатта «Жасыл Даму» бағдарламасы аясында Атырау қаласында штапельді талшық өндіру жобасын іске асыру үшін «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қаржы тартады. Жобаның жалпы құны — 2 млрд. теңге. Онда 61 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру геотекстиль өндірісін дамытып қана қоймай, өңірдің экологиясын жақсартуға да үлес қосады. Себебі, штапельді талшықтың шикізаты ретінде қайта өңделген пластикалық бөтелкелер пайдаланылады. Қазақстандағы штапельді талшық өндіретін алғашқы зауыттың іске қосылуы 2025 жылдың сәуіріне жоспарланып отыр.
Зауыттың ресми ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, мемлекетімізде экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында ауқымды шаралар қолға алынып, қолдаулар көрсетілуде.
–Өздеріңізге белгілі, Атырау өңірі – еліміздің мұнай-газ секторы қарқынды дамыған аймақтарының бірі. Республикамызда өндірілетін мұнайдың 50 пайыздан астамы осы жерден шығады. Бүгінде тек шикі мұнайды сатып қана емес, оны өңдеу арқылы жаңа жобалар іске асырылуда. Оның үстіне, өңірімізде жаңа жобалар ашылғанының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болады, қосымша салықтық база нығаяды. Заманауи озық технологияның да облысымызға келіп жатқаны қуантарлық жағдай. Біз қашан да кәсіпкерлермен, шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, — дей келе Марат Мурзиев зауыт қызметкерлеріне сәттілік пен табыс тіледі.
Атап айту керек, зауыттағы қызметкерлердің орташа жасы – 31 жас. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2025 жылды «жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Осыған байланысты, компания өңірдегі жұмысшы мамандықтарды әзірлейтін С.Мұқашев атындағы политтехникалық колледжбен келісімге отырды. Енді білім ордасының түлектері оқуын аяқтай сала, сұранысқа сай «Интаго Қазақстанға» жұмысқа орналасады.
Зауыт өнімі жол құрылысында негіздерін нығайту үшін пайдаланылады. Бұл жол жабынының шөгуі мен бұзылуын алдын алады.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ