Жарнама
Экономика

Атырауда тағы бір зауыт салынады

Теңіздегі жаңа өндіріс орнын араб және итальян компаниялары салады. Нақтырақ айтқанда, сөз еліміздегі ең ірі «қара алтын» кенішінде бой көтеретін газ өңдеу кешені жайында болып отыр. Бұл туралы Orda.kz интернет-порталы хабарлады.

Салалық Upstream Online EPC мерзімді басылымының мәліметтеріне сүйене отырып таратылған ақпаратқа сәйкес, Теңіз кен орнында салынатын газсепараторлық кешен құрылысын жүргізу бойынша шетелдік инвесторлардан құралған консорциуммен келісімшарт жасалған. Консорциум құрамына Италияның Tecnimont компаниясы мен араб елінің Consolidated Contractors International Company (CCIC) компаниясы кіреді.

Болашақта пайдалануға берілген уақытта бұл жаңа өндіріс орнында Теңіз газынан полиэтилен өндірісіне қажетті этан газы өндірілетін болады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ корпорациясының еншілес кәсіпорны – KMG PetroChem компаниясының мәліметінше, келешекте іске қосылатын бұл кешен жылына жалпы көлемі 9,1 млрд. текше метрге жуық ілеспе газ, 1,6 млн. тонна этан және шамамен 360 мың тонна пропан өндіретін болады.

Сарапшылардың болжамынша, жүзеге асырылуы жоспарланған бұл өндіріс орнының жобалық құны 2 млрд. АҚШ долларынан асады. Кешен құрылысы осы жылдың үшінші тоқсанының соңында басталып, 2029 жылы толық аяқталады деп күтілуде.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button