Атырауда құрылысшылар марапатталды
Бүгін «Құрманғазы» мәдениет сарайында «Құрылысшылар күні» кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құрылысшылар күні қарсаңында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев маман иелерін айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен бірге, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігінің төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Маңызды сала өкілдері, құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында елімізде ірі инвестициялық жобалар, небір зәулім ғимараттар бой көтеруде. Бүгінде аймағымызда құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасына, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айрықша ықпал етуде. Атап айтқанда, осы жылы облыста 320 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оған қоса, 14 мектеп, 4 балабақша, Құлсары қаласынан 75 орындық орталық аурухана мен 3000 келушіге арналған орталық стадионның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта да өркениетті еліміздің өсіп, өркендеуі жолында толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспіз, деді Қ.Нұртаев.
Сондай-ақ, марапат иелері Исатай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жұмажан Сыдихов пен «TSG Construction» ЖШС-нің инженері Тұрсын Нұрберген әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып келе жатқаныма 10 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінгі барлық құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс тілеймін. Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосады деп сенемін. Барлығының отбасына, қызметіне жақсылық тілеймін, деді Ж.Сыдихов.
Марапаттау рәсімінен соң мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.