ОЛАР – АГРОӨНДІРІС ОЗАТТАРЫ

Жаңа жыл қарсаңында агроөндірістің өркендеуіне үлесін қосқан озаттардың да есімдері әйгіленіп, жұртшылыққа жария етілді. Біз жыл үздіктері атанған ауыл шаруашылығы мамандарын сөзге тарттық. 

Айтуар МЫРЗАҒАЛИЕВ, Жылыой ауданындағы «Қарағай» шаруа қожалығының жұмысшысы, «Үздік механизатор»:

- 1998 жылдан бері осы шаруашылықта еңбек етудемін.  Қай жұмыстың да қуатты техниканың күшінсіз, қатысынсыз атқарылмайтыны белгілі ғой. Әсіресе, қоғамдық малға қажетті қыстық азықты дайындау мақсатында жүргізілетін «Жасыл орақ» науқанында оларға артылатын міндеттің еселене түсетіні сөзсіз. Осы тұрғыда өзіме бекітілген тракторыма тіркелген шабу агрегатының көмегімен әр маусымда 400-500 тоннаға дейін пішен әзірлеуге қол жеткіздім. Жас болсам да сол еңбегімнің ескерілгені шығар, ұжымдастарымның ұсынысымен, шаруашылық, қала берді, салалық басшылықтың қолдауымен облыс бойынша өткен жылдың үздік механизаторы атандым. Мұны, әрине, бір менің ғана емес, бәріміздің де еңбегімізге берілген әділ баға деп есептеймін.

 

Кендебай ӘЛКЕНОВ, Қызылқоға ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының атқарушы директоры, «Үздік ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы»:

– Біздің шаруашылығымыз басқаларымен салыстырғанда әлдеқайда жас, 2010 жылы ғана құрылған. Әйтсе де, сол санаулы жылдардың ішінде біраз шаруаны атқардық. Соның ішінде, көршілес Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, мүйізді ірі қара мен жылқы малдарының тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Атакәсіп – мал шаруашылығымен қатар, егіншілікке де ден қойдық.

Сайпеден ИБРАГИМОВ, Құрманғазы ауданындағы «Құралай» корпорациясы мал сою цехының басшысы, «Үздік мал маманы»:

– Осы құрылымда жұмыс жасағаныма да 13-14 жылдың жүзі болды, едәуір тәжірибе де жинақтап қалдым. Цехта тәулігіне орташа есеппен 10 бас мүйізді ірі қара малы сойылады, 2 тонна ет өнімдері өңделеді. Бұдан бөлек айтарымыз, мұнда жылына 200 бас мүйізді ірі қара малы бордақыланады. Қазірдің өзінде бордақылау бекетіне қойылған малдың саны 50-ді құрайды.  

Шағын ұжымымызда бүгінде жеті адам тұрақты еңбек етуде.    

Жанар БЕГІМБАЕВА, Махамбет ауданындағы «1 мамыр» ЖШС-нің қызметкері, «Үздік сауыншы»:

– Маған дейін жұмыс жасаған тәжірибелі апаларымнан тәлім алып, көп нәрсені үйрендім. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, бағым-күтімі келіскен түліктен өндірілетін өнімнің де мол, сапасы да жоғары болатыны сөзсіз. Ал, біздің міндетіміз – сол бағымы мен бабы табылған аналық мүйізді қарадан сүт өндіріп, тұтынушыларға жөнелту. Жылдың нәтижесімен облыстағы «Үздік сауыншы» атағын еншіледім. Тек 2013 жылдың өзінде бекітіліп берілген 30 бас сиырдың әрқайсысынан айына 2950 литрден сүт саууға қол жеткіздім. Он айдағы көрсеткішім 88 500 литрді құрады, келер жылы бұдан жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтып отырмын.

Енисей ЮН, Махамбет ауданындағы «Феликс» шаруа қожалығының басшысы, «Үздік шаруашылық құрылымы»:

– 2011 жылдан бастап егіншілікпен айналысудамыз. Еңбегіміз жемісін де бере бастады. Алғашында 100 гектар жерге қарапайым әдіспен егін ексек, 2013 жылы оның көлемін 180 гектарға дейін ұлғайттық. Соның 150 гектарын тамшылатып суару әдісімен баптап-күтсек, қалған 30 гектарын бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәсілмен өсірдік. Қорытындысында, картоптың әр гектарынан 30 тонна өнім алуды қамтамасыз еттік. Сол сияқты, көкөніс дақылдары бойынша да әр гектардан алынатын өнімді 25-30 тоннаға жеткіздік. 2014 жылы да осы үрдісті жалғастырып, егіндіктің аумағын 225 гектарға дейін көбейтуді, соның ішінде, бір ғана картоп дақылының көлемін 90 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз.

Біздің шаруашылықтың базасында облыста тұңғыш рет егіншілікпен шұғылданатын шаруа қожалықтары мен құрылымдар үшін, өзара тәжірибе алмасу мақсатында тамшылатып суару әдісіне байланысты «Дала күні» семинары өткізілді. Осының бәрі ел игілігі жолындағы берекелі еңбегіміздің лайықты бағаланып, облыс бойынша «2013 жылдың үздік шаруашылық құрылымы» атануымызға себепші болды деп ойлаймын. Өзімнің ұжымдастарыма және осы салада еңбек етіп жүрген барша әріптестеріме жаңа жылда да толайым табыстар тілеймін.

Дайындаған

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз