Жарнама
Экономика

Атырауда кәсіпкердің жер учаскесіне салынған бөгет балансқа алынбаған

Тасқынның зардабын жергілікті кәсіпкерлер әлі де тартып келеді. Сын сағатта санаулы уақыт ішінде соғылған дамбыларға өтемақыларын ала алмай жүрген бизнес иелерін айтпағанның өзінде иеліктегі жер учаскесін қақ жарған бөгетті қайтерін білмей жүргендер де көп. Дамбыны бұзайын десе мемлекет қаржысына салынған нәрсенің сұрауы болатынын жақсы білетін кәсіпкер топырақты тегістеуге рұқсатты кімнен аларын білмейді. Бір-біріне сілтеген аудандық пен қалалық әкімдіктердің ортасында әуре-сарсаңға түскен Вячеслав Орлов облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымдануға мәжбүр болды. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кебін киген кәсіп иесі құс фабрикасын салу жоспары әзірге аяқсыз қалғанына қапалы.

Атыраулық кәсіпкер Вячеслав Орлов осыдан бірнеше жыл бұрын құс фабрикасын салу үшін Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округінен жер сатып алады. Өткен жылдың бастапқы айларында жеке меншікке алған жер учаскесін қоршап, трансформаторлық подстанция орнатқан еді. Десек те, су тасқыны кезінде салынған бөгеттің салдарынан жер учаскесі екіге бөлініп, қажеттілікке пайдалану үшін жарамсыз болып қалған. Кәсіпкердің айтуынша, бөгет салынатындығы туралы ешқандай хабарлама берілмеген, ескерту жасалмаған.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқық қорғау мәселелері бойынша орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, кәсіпкердің жекеменшігінде құрылыс салайын деп отырған жеріне бал салынады. Сондықтан, кәсіпкер жерін пайдалана алмайды. Өткен жылдың тамыз айынан бері бизнес иесі бірнеше органға хат жазған. Алайда, ешбір жерден нақты жауап ала алмаған. Олар бір-біріне сілтегендіктен, бір ай турасында палатаға шағымданған.

Кәсіпкердің құс фабрикасын салуға арналған жер учаскесі Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында орналасқан. Жалпы, ауданда су тасқынынан қорғану үшін ұзындығы 105 километр дамбы соғылған.

«Кәсіпкердің жерінде тұрған қазіргі топырақ үйіндісі Атырау қаласының өр суынан қорғауға арналған бөгет болатын. Ол Вячеслав Орловтың жер учаскесінен өткен. Бүгінде аудан әкіміне хаттамалық тапсырма берілді. Оны шешуге жұмыстанамыз»,-дейді Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиев.

Жалпы, кәсіпкердің иелігіндегі жер учаскесінен өтіп тұрған дамбының ұзындығы —  225 метр. Табаны — 12 метр, биіктігі — 2,5 метр. 

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button