Атырауда ITO компаниясының газбен жабдықтау өндірісі ашылады
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев жапондық ITO компаниясының өкілдерімен кездесті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, кәсіпорын газбен жабдықтауға қажетті құрылғыларды шығарумен айналысады.
–Біздің кәсіпорын 90 жыл бұрын Жапонияның Осака қаласында құрылған. Бастапқыда сұйытылған газ реттегіштерін шығарып, кейін табиғи газ нарығына шықты. Негізінен қысым реттегіштерді, клапандарды, буландырғыштарды, табиғи газ баллондарын жасап, сұйытылған газбен жабдықтау объектілерін жобалап, саламыз. Жапонияда 2020 жылы сатылым 120 млн. АҚШ долларын құрады,- деді ITO компаниясының өкілі.
Облыс әкімінің орынбасары аталған ұсынысқа қызығушылық білдіріп, өңірді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.
Осы жылдың тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапон Премьер-Министрі Фумио Кисидамен кездескен еді. Соның аясында Атырау облысының әкімдігі мен ITO Corporation компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, биыл қаңтар-қыркүйек айларында Атырау облысы мен Жапония елі арасындағы тауар айналымының сомасы 19,1 млн. АҚШ долларын құрады. Тауар айналымының басым бөлігі импортқа тиесілі. Қазір облыста жапондық 2 кәсіпорын жұмыс істейді.