
Атырауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері анықталды
Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Көрмеге қатысқан 33 кәсіпкердің ішінен екінші кезеңге 10 өндіруші жолдама алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Еске сала кетейік, биыл Атырауда өткен жоба аясындағы жергілікті тауар өндірушілер көрмесінде кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Іс-шйара барысында кондитерлік, сүт, ет, консервіленген өнімдер мен жартылай фабрикаттар, сондай-ақ ұлттық киімдер, тоқыма бұйымдары және құрылыс материалдары таныстырылды.
Жартылай финалистер өз өнімдерін Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған бренд-комитет мүшелеріне ұсынды. Комитет құрамына жергілікті атқарушы органдар өкілдері, кәсіпкерлікті дамыту институттары, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес субъектілері және сарапшылар кірді.
Үміткерлер өндіріс қағидаттарымен, болашақ жоспарларымен бөлісіп, бар мәселелерін айтты. Бренд-комитет мүшелері қосымша сұрақтар қойып, тиісті ұсынымдар берді.

⁃ Финалистерді іріктеу кезінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының талаптарына сүйендік. Олардың ішінде өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалуы керек. Өндіріс кезінде күрделі емес, қарапайым құралдар мен қомақты қаржы шығынын қажет етпейтін механизмдер қолданылуы тиіс. Сырттан әкелінген материалдар тек қосымша немесе аксессуар ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Бірақ басты назар – өнімнің өңір ерекшелігін барынша көрсетуінде. Жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ, өйткені барлық қатысушы өнімдерін барынша жақсы таныстырды. Нәтижесінде, ортақ шешіммен үш финалист анықталды, – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрия Шавалиева.
Жеңімпаздар қатарында – қаз өнімдерін өндіретін «Нұрбақыт» ЖШС басшысы Нұрбақыт Жаркенова, ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыш (биогумус) өндіретін «Cool Man» ЖК басшысы Асқар Құлман және ағаш бұйымдарын жасайтын «Қуанышқалиев Б.Т.» ЖК басшысы Бөлекбай Қуанышқалиев бар. Оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздарына маркетингтік қолдау, өнімді брендтеу мен сертификаттау, сондай-ақ оны экспортқа жылжытуға көмек көрсетіледі. Ал сертификат оларға мемлекеттік грант алуға үміткер болу құқығын береді.