АТЫРАУДА БЕНЗОЛ ӨНДІРІЛДІ
Биыл пайдалануға берілгеніне тура 70 жыл толғалы отырған Атырау мұнай өңдеу зауытында бұған дейін де біраз жаңғырту шаралары жүзеге асырылды. Бәрі де өндіріс қуатын арттырып, өнім сапасын жақсартуға бағытталды. Соның ішінде хош иісті көмірсутегі шикізатын алу жобасын мәреге жеткізу бақыты зауыттың қазіргі бас директоры Қайрат Оразбаевқа бұйырды. Салтанатты сәтте толқып кеткен өндіріс жетекшісі «Атырау мұнай өңдеу зауыты республикада осы сала бойынша тұңғыш саналатын. Енді, міне, мұнай-химия кәсіпшілігінің де тұңғышы атанып отыр» деді. Айтса айтқандай. Егер алдымыздағы тамызда осы индустриялық жоба аясында екінші өнім – параксилол алынатындығын айтсақ, ел экономикасын қарышты дамытуға серпін беретін мұнай-химия кәсіпшілігіне керекті шикізат өзімізде даярланбақ. О баста республикада тұңғыш мұнай-химия кешенін Атырауда тұрғызуға шешім қабылданғанда да оның шикізат қорына жақын орналасуы ескерілген-ді. Міне, әріден ойлайтын стратегиялық жоспар жемісі.
Жалпы, хош иісті көмірсутегі шикізатын өндіру жобасы – ел экономикасына салынған тың даңғыл. Ол, Елбасы ұдайы айтып жүргеніндей, өңдеу саласын одан әрі өрістетуге бағытталған. Сыртқа арзан шикізат шығарып, одан жасалған дайын өнімді қымбат бағасына сатып алғанша, оны өзімізде неге өндірмеске? Міне, мұнайлы мекендегі жаңа өндіріс ошағы осы міндетті шешуге бағытталған. Сол себепті 2009 жылдың 29 қарашасында Атырау мұнай өңдеу зауыты мен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында хош иісті көмірсутегін шығаратын кешен құрылысын салуға келісім жасалған-ды. Оны сенімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстан даму банкімен несиелік шартқа қол қойылды. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2009-2015 жылдар болып белгіленді. Құны 1 млрд. 040 млн. АҚШ долларына бағаланды. Нәтижесінде жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол алуға мүмкіндік тумақ.
Тағы бір атап айтар маңызды нәрсе – Елбасының өткен жылғы 24 желтоқсанда «Қазақстанды жаңадан индустрияландыру» жалпыұлттық телекөпір аясында кешенді іске қосуға рұқсат беруі. Демек, бұл жобаның тұсауын Мемлекет басшысы кескен. Міне, соның нәтижесінде алғашқы бензол алынып, жаңа өндіріс өнім беру қуатына шықты. Мамандардың айтуынша, бензин құрамындағы ең зиянды қоспа – бензол. Көшеде кетіп бара жатқан кейбір автокөліктердің соңында шұбырған түтінді көрдіңіз бе? Бұл – жанар майдағы түрлі қоспалардың шамадан тыс көптігінің салдары.
Демек, республикада жоғары октанды бензин өндірісі дамиды. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевтың айтуынша, алдымыздағы жылы шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы да мәреге жетіп, аса сапалы жанар май алынады. Сұраныстан қалып бара жатқан АИ-80 бензинін өндіру тоқтатылады. Еуро-5 стандартына сай жанар май өзімізде өндіріледі. Қазір Қазақстанға жоғары октанды бензин негізінен Ресейден тасымалданады. Оның бағасының ара-тұра күрт өсуі де, жетпей қалуы да сондықтан. Енді, сыртқа тәуелділіктен құтылып, сапалы жанар майды іште өндіруге қол жеткізіледі. Артылып жатса, біз де экспортқа шығара аламыз. Ол үшін республикадағы Атыраудан өзге тағы екі зауытта шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы жүзеге асырылуы шарт. Ал, жаңадан тұрғызылар төртінші зауыт бірден аса сапалы өнім шығаруға бейімделген жоғары деңгейлі технологиямен жабдықталмақ.
Енді, жаңа өнім бензолға сұраныс бар ма? Әрбір жобаның түпкі нәтижесі – сол арқылы құрылған өндіріс ошағының өніміне тұтынушы табылуы. Алдымен, оған Қытай қызығушылық танытып отыр. Аспан асты елі осында өндірілетін өнімнің бәрін тасып алуға дайын.
Алайда, мұнай-химия саласының шикізаты болып табылатын бензол өзімізге де керек. Бүгінде Атырау қаласының маңында арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мұнда таяу жылдары полиэтилен мен полипропилен өндіру жоспарланған. Бұл өнімдер де бұрын-соңды республикада дайындалмаған. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, жылына 800 мың тонна полиэтилен мен 500 мың тонна полипропилен өндіру көзделген. Бұдан басқа жылына 250 мың тонна бутадиен мен 15 мың тонна полимер даярлау да межеленген. Жоба құны 7 млрд. доллар шамасы. Келешекте мұнда өндірілген өнім ішкі нарықты да толтырады, сыртқа да сатылады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында оны Ресей мен Беларусьқа тасымалдау мүмкіндігі мол. Еуропа елдері мен Қытай да қызығушылық танытуда.
Жалпы, аумағы 3,5 мың гектарлық арнайы экономикалық аймақта шағын және орта бизнесті де, ірі капиталды да дамытуға жағдай жасалған. Барлық қажетті инфрақұрылымды жергілікті атқарушы билік өз міндетіне алған. Мұнда жұмыс жасаушы компанияларға қосымша құн және мүлік, сонымен қатар, корпоративтік салыққа жеңілдіктер қарастырылған. Келіп қызметін атқара беруге болады.
Ал, мәреге жеткен аталмыш жоба өңірге не береді? Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев айтқандай, алдымен, Елбасының нақты тапсырмасы орындалды. Аймақта жаңа өндіріс ошағы пайда болды. Одан әрі, жергілікті мамандардың іске араласуына мүмкіндік берді. Мәселен, хош иісті көмірсутегі кешені құрылысына қазақстандық 3800 адам тартылды. Ал, ол толық пайдалануға берілгенде 277 тұрақты жұмыс орны ашылады. «ҚазҚұрылысСервис» компаниялар тобы Қазақстандағы филиалының директоры Сергей Колесниковтың айтуынша, отандық мамандар іс барысында шетелдік әріптестерінен еш кем еместігін көрсеткен. Сондай-ақ, жергілікті бюджетке түсер түсім көбейді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасады. Сонымен қатар, аймақтың инвесторлар үшін тартымдылығы артты. Осы жобаның бас мердігері «Синопек Инжиниринг» компаниясы қазақстандық филиалының директоры Чжэн Фуцянның айтуынша, жұмыс барысында ешқандай проблема туындамаған. Инвесторлар жергілікті атқарушы билік пен зауыт басшылығы тарапынан ұдайы қолдау көрген.
Сонау 2006 жылдың желтоқсанында осы жобаның қоршаған ортаға әсері туралы қоғамдық тыңдауға қатысқан едік. Атыраулық экологтар мен тұрғындар тарапынан сан салалы сауалдар жолданғаны да жадымызда. Біраз ескертпелер айтқан соң жұртшылық елге қажетті өндіріс ошағын тұрғызудың керектігін түсінген. Жобаны тәуелсіз сарапшылар, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау стансасы мамандары мен жергілікті экологтар қолдаған. Міне, сол бірлескен жұмыстың нәтижесі алынды.
Жалпы, Атырауда республика бойынша мұнай-газ кеніштерінің 40 пайызы шоғырланған. Ел бюджетінің бестен бір бөлігін де біздің облыс құрайды. Аймақта көмірсутегі шикізатының бай қоры болуы осындай молшылыққа бастап отыр. Ендеше, мақсат – соны тиімді пайдалана білу. Атырау мұнай өңдеу зауытының өзінің мерейтойында бірнеше жобаны мәреге жеткізуге ұмтылуы – тұтас ел экономикасына елеулі үлес қосуы. Зауыттықтар алғашқы бензол партиясын Астана күніне тарту етсе, параксилол алуды тамызға межелеп отыр. Мүмкін, Конституция күніне сый болар. Оның ар жағында шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасының Тәуелсіздік күні қарсаңында межеге жетуі көзделген. Әсіресе, соңғы жобаның нәтижесінде шикі мұнайды тереңдете өңдеу 80 пайызға жетіп, Еуро-5 талабына сай бензин өндірілмекші. Демек, алдағы уақытта өзгеге қарап өзегімізді созбаймыз.
Зауыттағы жобаларды жүзеге асыру барысында қазақстандық мазмұнды дамытуға жағдай жасалды. Кәсіпорын басшысы Қайрат Оразбаев кезінде жергілікті кәсіпкерлердің ірі жоба аясында туындап отырған мүмкіндікті барынша пайдаланып қалғаны жөн екендігін айтқан. Отандық тауар өндірушілер сапалы өнімдерін ұсынып жатса, инвесторлар керегін іргеден алмай ма? Жалпы, «Синопек Инжиниринг» компаниясы қазақстандық филиалының директоры Чжен Фуцян бұдан бірер жыл бұрын хош иісті көмірсутегі кешені құрылысына қатысқан қазақстандық кәсіпорындардың әрі қарай шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасында да жұмыс жасайтындығын айтқан-ды. Демек, шетелдіктердің сеніміне кіріп, шеберліктерін көрсете білсе, әріптестік қарым-қатынасты нығайта берген жөн.
…Қысқасы, Атырауда республика бойынша тұңғыш рет бензол өндірілді. Егеменді еліміз тағы бір экономикалық жеңіске қол жеткізді. Егер бұрын бензин құрамында 5-7 пайыз мөлшерінде бензол болса, енді ол едәуір кемиді. Жанар май да тазарады, мұнай-химия саласына қажетті шикізат та алынады. Ал, алда асқаралы асулар, тың табыстар бар.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.