Атырауда алғашқы жүк вагоны шығарылды
Атырауда жасалған алғашқы жүк вагоны шығарылды. Ол TEXOL компаниялар тобының құрамына кіретін Атырау вагон құрастыру зауытының жаңа цехында жүзеге асты. Бұл өңірдің ғана емес, еліміздің ауыр өнеркәсібі тарихындағы айтулы оқиға болды. Кеше, 1 шілдеде жаңа жобаның – жаңа отандық өнімнің таныстырылымы өтті. Мұның өзі қуатты Қазақстанның қуатты өңірден басталатындығының айқын дәлелі, шынайы көрінісі болса керек.
Айта кету керек, заманауи өндіріс орны саналатын кәсіпорында жоба бойынша осьтік жүктемесі 23,5 мың тоннаны құрайтын жартылай вагондар мен платформалар өндіріледі. Зауыт біртіндеп жүк вагондарын, мұнай өнімдерін, сұйытылған газды және өнеркәсіптік жүктерді тасымалдауға арналған цистерналарды шығаруға маманданатын болады. Жоба бойынша оның толық қуатына көшу кезеңі 2027 жылға жоспарланған. Сол уақытта мұнда жылына 6-7 мың вагон құрастырылады деп күтілуде. Бүгінде зауыттың өндірістік алаңы 17 мың шаршы метр болса, төрт жылда бұл меже 62 мың шаршы метрге дейін жетеді. Құрылыс процесінде негізгі өндірістен басқа, вагон компоненттерін жинақтайтын цехтар, орташа және кіші сыйымдылық пен салмақтағы вагондарды құю желісі бар. Тоқтала кетер жайт, осынау инновациялық жобаны толықтай жүзеге асыру үшін тартылатын инвестиция көлемі 160 млрд. теңгені құрайды. Осыдан компанияның бастапқы инвестицияларының көлемі 170 миллион доллар шамасында болып отыр.
Қазіргі мезгілде компанияда 25 мың арба мен 13-6741 үлгісіндегі артикуляцияланған фитинг платформасының моделін өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Ал келер жылдан бастап сұйытылған көмірсутекті газын тасымалдауға арналған цистерналар (модельдерді қоса алғанда) өндірісі жолға қойылады.
Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, өндірісті толық оқшаулау үшін елімізде өндірілетін, яғни отандық материалдар кеңінен пайдаланылады. Осы орайда, металл конструкцияларын (Qarmet-металл, Қарағанды), мойынтіректерді (Brenco, Степногорск), доңғалақты жұптарға арналған дискілер мен осьтерді (Проммашкомплект, Екібастұз) және басқа да құрамдас бөліктерді атаған артық емес. Мұның өзі біртіндеп өндірісті жолға қойып, импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.
Шота Абхазава, TEXOL компаниялар тобының басшысы: – Алдағы 10 жылда еліміздің жүк вагондары паркі 54 мың бірлікке қысқарады. Біз, тұтастай алғанда Орталық Азияда жүк базасының өсу әлеуетін ескере отырып, шығатын вагондарды жаңа өніммен өтеуге және сол арқылы қосымша вагондар паркіне қажеттілікті қанағаттандыру жолында жұмыстанамыз. Осылайша, өзімізде отандық өндірістің көкжиегін кеңейту мүмкіндігін иеленеміз.
Марат Мурзиев, Атырау облысының әкімінің орынбасары: – Бұл жоба толық көлемінде іске қосылғанда, кәсіпорында бірінші кезекте қажетті ұста, дәнекерлеуші, бұрғылаушы, тойтарушы, т.б. түрлі бейіндегі мамандарға деген сұраныс қанағаттандырылып, жаңадан 3000-нан астам жұмыс орны құрылады. Мұның өзі өңіріміз үшін өте маңызды және аса керекті қадам. Өйткені, көптеген тәжірибелі мамандар жаңа кен орындарындағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жұмыстан босап немесе қысқарып қалады. Осының орнын толтыруға осындай өндірістердің ашылуы оң әсерін тигізіп, мәселені шешуге мүмкіндік туғызады. Нақтысын айтқанда, мұны қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселенің оңтайлы шешімі деп бағалаймыз.
Жаңа өндіріс орнының таныстырылу рәсімінде осының бәрі әңгіме өзегіне айналды. Шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және экономика министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев та өз сөзінде Атырауда вагон құрастыру зауытының ашылуы аймақтағы ғана емес, республикадағы айтулы оқиға, жамағатқа жағымды жаңалық, ауқымды жоба екенін айрықшалап атап өтті. Оның пікірін салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Атыру облысының Құрметті азаматы Амангелді Селбаев пен «Халық банкі» АҚ корпоративтік несиелеу департаментінің директоры Петр Ли және басқалары да қостап, жылы лебіздерімен бөлісті.
Шараға жиналғандар Атыраудағы заманауи зауытта құрастырылып шығарылған алғашқы вагонды көздерімен көріп, жағымды жаңалықтың куәсі болды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ