Жарнама
Экономика

Атырауда 142 жасқа жеңілдікпен шағын несие беріледі

Биыл өңірде 2,5 пайыздық жеңілдікпен 710 млн теңге қаражат бөлініп, 142 жасқа микрокредит беріледі, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жастарға алғаш рет 2,5% жеңілдікпен микрокредиттерді беру «Агронесие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалымен өткен жылы басталған болатын. Микрокредитті 21-35 жасқа дейінгілер, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аспаған кәсіпкерлер ала алады.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, биыл жеңілдетілген жолмен берілетін шағын несиеге құжаттарды қабылдау сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр.

  • Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бағытында жастарға микрокредит мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы 5 миллион теңге. Несие алу үшін үміткерлер сенім білдірілген өкілге, яғни Агронесие корпорациясына тиісті құжаттарды ұсынады. Түскен құжаттар жан-жақты тексеріліп, олардың микрокредит беру талаптарына сәйкестігі мен ұсынылған бизнес-жобаға бағалау жүргізіледі. Жобаларды іріктеу үшін құжаттар облыстық конкурстық комиссияға жіберіліп, олардың шешімімен жұмыстарды қорғау нәтижесіне оң баға алған жағдайда ғана несие беріледі, — деді А.Мәмбетов.

Берілген микрокредиттерді бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсаттарда пайдалануға рұқсат етілмейді. Атап айтсақ, жылжымайтын тұрғын мүлікті сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін, бағалы қағаздарды, яғни портфельдік инвестицияларды, қару және құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, ойын бизнесін ұйымдастыру және дамыту, ҚР заңнамасында тыйым салынған террористік және кез-келген осымен байланысты өзге де қызметті, моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі және алкоголь өнімдерін сатып алуға, көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін өнімдерді шығару мен кредиторлық берешекті өтеуді несиемен қаржыландыруға болмайды.

Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысымен 196 адам 930 млн теңгеге ауыл шаруашылығын дамытуға және сервистік қызметтер көрсетуге микрокредит алған. Оның ішінде 133-і ауыл шаруашылығын дамытуға, 63-і сервистік қызметтеріне және тағы басқа бағыттар үшін берілген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button