
Атырау – туризмге инвестиция тарту бойынша үздіктер қатарында
Қазақстан туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биылғы жарты жылда 460,2 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға көп екенін көрсетеді.
Өңірлер бойынша инвестиция өсімінде көш бастағандар арасында Ақтөбе облысы – өсім 342%, Ұлытау облысы – өсім 154,7%, Қызылорда облысы – өсім 106,2%, Атырау облысы – өсім 96,6%, Алматы қаласы – өсім 74,7% және Павлодар облысы – өсім 62% деңгейінде тіркелген.
Осы ретте Атырау облысы ерекше көзге түсіп отыр. Мұнайлы өңірде туризмге бағытталған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 96,6%-ға артып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда біраз өскендігін көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш Атырауда туризмнің жаңа серпін алып келе жатқанын білдіреді. Әсіресе тұрғын үй құрылысы, тамақтану орындары, өнер және ойын-сауық нысандары, демалыс аймақтары, көлік инфрақұрылымы, жалға беру қызметтері, туризм бизнесі, спорт және бос уақытты ұйымдастыру салалары бойынша елеулі жобалар жүзеге асырылған.
Талдау барысында жалпы ел көлемінде аталған 14 экономикалық қызмет түрі ескерілсе, Атырауда олардың дені мұнайлы аймақтың әлеуетін туризмге де тиімді жұмсауға бағытталып жатқаны байқалады. Бұл облыста туризм саласының даму қарқыны жоғарылап келе жатқанын айғақтайды.
Алмас ҚАБДОЛ