Атырау облысының еліміздегі құрылыс саласы бойынша үлесі 17,9%-ды құрайды
Биылғы қаңтар және қыркүйек айлары аралығында құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылғы нәтижемен салыстырғанда 843,4 млрд теңгені құрап, 0,5%-ға ұлғайды. Осы сала бойынша өңірдің ҚР-дағы үлесі 17,9%-ды құрайды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР-ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев брифингте мәлім етті.
Көрсеткіштің ұлғаюының басты себебі — тұрғын емес ғимараттар құрылыстарын салу, сондай-ақ облыстың қала және аудандарында автомобиль жолдарын салу, сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстары есебінен болып отыр.
- Бұдан бөлек құрылыс-монтаж жұмыстары — 810,5 млрд тенгені құрап, 0,4%-ға және күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі 14,7%-ға өсті. Ал биылғы жол болсын, үй болын, басқа да ғимарат болсын жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша көрсеткіш 33,5%-ға азайып отыр. Жөндеу жұмыстары бойынша көрсеткіштердің өсіп, азаюуы қажеттілікке байланысты болып отыр,- деді Н.Құмарғалиев.
Салынып жатқан объектілердің түрлері бойынша ең көп үлесті, яғни 20,6%-ды ғимараттар құрылысын салу саласындағы жұмыстар құрайды. Ал тұрғын емес ғимараттарды салу саласы 78,2%-ды құрап, сәйкесінше тұрғын үй ғимараттарын салу бойынша жұмыстар 1,2%-ды алып отыр. Биыл обылыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемінің 51,4%-ын жеке және 48,6%-ын шетел құрылыс мекемелері орындаған.
- Өткен 9 айда тұрғын үй құрылысына 67 млрд 250 млн 200 мың теңге көлемінде инвестициялық қаржы бағытталды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға азайып, 494,1 мың шаршы метрді құрап отыр. Азаю себебі – жеке құрылыс салушылардың және халықпен пайдалануға берілген тұрғын үйлер көрсеткіштерінің төмендігіне байланысты. Оның ішінде 338,2 мың шаршы метрі — жеке үйлер және 137 мың шаршы метрі – көппәтерлі үйлер. Бұл саланың республикадағы үлесі – 4,2%. Тұрғын үйдің басым бөлігін, яғни 479,8 мың шаршы метрін немесе 97,1%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген. Оның ішінде халықтың салымшы ретінде қаржысына салынып, пайдалануға берілгені 341 мың шаршы метрді құрайды, — деді департамент басшысы.