Ажарың қандай, ауылым?!

avprarara Жаңалықтар

Ауыл – елдің темірқазығы. Қазақ үшін қашан да қастерлі ұғым, құт мекен, алтын бесік. Бұл күнде өркениетті ел болу, даму жолы қаламен байланысса да ауылдың алар орны ерекше.

Қазіргі ауылдың халі нешік? Атакүлдіктегі ағайынның тұрмысында нендей ауыртпалық басым? Ауылдағы ахуалды қалыптастыратын бірден-бір адам – ауыл әкімі. Сондықтан, тізгін ұстар әкімдерді халықтың өзі сайлауы және қолына берілген бюджетті қажеттілігіне жұмсауға мүмкіндік беруі қандай нәтижеге қол жеткізіп отыр? Сараптап көрелік…

Таңдау тәжірибесі

Республика бойынша 6,5 мыңға жуық ауылда 7,7 миллионнан астам адам не-месе ел тұрғындарының 42%-ға жуығы тұрады. Статистика комитеті келтірген деректерге сүйенсек, Атырау облысын-да биылғы 1 қыркүйектегі мəлімет бой-ынша тұратын 652 478 тұрғынның 291 169-ы ауылды мекен етеді. Яғни, облыс тұрғындарының 44 пайыздан астамы – ауыл тұрғындары.Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерген ауыл əкімдерін сайлау туралы бастамасы – жаңашылдық емес, елде бұрыннан бар саяси қадам. 2001 жылғы 20 қазанда Атырау өңіріндегі екі округте тəжірибе ретінде сайлау өтіп, таңдау Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылы мен Мақат ауданындағы Қошқар кентіне түскен.

Аталған додаға қызыға қатынасқандар да, қилы болжам жасағандар да болды. Нəтижесінде екі округтен де іс басындағы əкімдер жеңіске жетті.Ал, 2017 жылдың 24 тамызында 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың əкімдері сайланды. Аумақтық сайлау комиссияларының мəліметтеріне сəйкес сол кездегі сайлау науқанында аталған лауазымға ұсынылған 4059 үміткердің ішінен 1416-сы жеңіске жеткен.

Əрине, тікелей сайлау тəсілі бірқатар шет елде əлдеқашан қолданысқа енгізілді. Мəселен, күншығыс еліндегі басқару жүйесі префектура мен муниципали-тет деп аталатын екі деңгейден тұрады. Префектура мен астананы – губернаторлар, муниципалитетті – мэр, ауылды староста басқарады. Қай басшыны да сол аймақтың тұрғындары тікелей сайлау арқылы таңдап, 4 жылға сайлайды. Ал, таңдаушы ретінде сол елді мекенде 3 ай-дан астам уақыт тұрған, 20 жастан асқан кез келген азаматтың қатысуына рұқсат етілген.

Демек, дүние жүзіне таңсық емес тəсіл Қазақстанда да тұрақты қолданылмақ. Ендігі мəселе – ауыл əкімдерін сайлау ба-рысында қандай түйткілдерге тап келуіміз мүмкін? Аталған жаңашылдыққа қатысты заң жобасын қабылдағанда нені ескеру керек?Сөз жоқ, əкімді таңдау демократиялық өзгеріске жол ашады.

Сондай-ақ халық өзі жақсы танитын, етене араласатын адам-ды сайлайды. Яғни керек сəтінде қолдап, кез келген уақытта арыз-шағымын айта алады. Бұл елді мекеннің ерекшелігі мен ауыл ахуалынан егжей-тегжейлі хабар-дар үміткерді ғана додаға қатыстыруға мүмкіндік береді.Сарапшылардың айтуынша, қазір Қазақстандағы 2253 ауылдық округке бағынышты жалпы саны 6789 ауылдың жартысына жуығының ғана даму əлеуеті бар.

«Мұндай жағдайда солардың бəрінде сайлау өткізу қажет пе? Осы тұс ескерусіз қалмаса екен» дейді олар.Жалпы, ауыл əкімі болып, ел басқару оңай шаруа емес. Іс тетігін таба біліп, сөзі мен қабілет-қарымы қабысқан əкім ғана болашақта ел дамуына ерекше үлес қоса алады. Жаңашылдықтың көздеген түпкі межесі де осы – көшбасшыларды таңдау.Ал, осы талаптардың үдесінен шығу үшін əкім қандай болуы керек? Іскер һəм білімді, сауатты, беделді, патриот. Осы ойымызды əл-Фарабидің «Əкімдер жаны да, тəні де таза, оқығаны көп, ғылым-біліммен айналысатын, заманның зиялы өкілі болуы керек» деген тəмсілімен түйіндегеннің сөкеттігі жоқ.

Əлбетте, қазіргі ауыл мен бұрынғы ауылды салыстыруға болмас. Тақтайдай тегіс жол, көгілдір отын, əр үйге тартылған ауыз су құбыры, өзге де əлеуметтік маңызы зор нысандар – бұрын арман болған меже. Алайда, əлеуметтік мəселесі толық шешімін таппаған ауылдар бар екені де жа-сырын емес. Ел тəуелсіздігін алғанына 30 жылға таяса да, шаш-етектен проблемаға кенеліп отырған шағын елді мекендер əлі де бар. Сайлаудың дүбірі қайта естілген шақта «ауыл əкімдері өңірдегі өткір мəселені, тұрғындардың мұң-мұқтажын аудандық, облыстық деңгейде оңтайлы шешуге қауқарлы болса екен» деген ойға бекіндік.

Елдікті ойлап тұрсаңыз…

Қазір ауыл əкімдерінің өнімді жұмыс жасап, ауыл-аймақты өркендетуге мүмкіндіктері мол. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамына сүйенсек, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент жəне ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілгені белгілі. Яғни, ауыл əкімі өз қазанына өзі толық иелік етіп, əлеуметтің əлеуетін арттыруы тиіс. Мемлекеттік басқарудағы мұндай механизмді əкімдер толыққанды игеріп отыр ма? Олардың белсенділігі қандай? Əңгіме – сонда!..

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті салық түсімдерінен құралады. Өйткені, Заң бойынша салық жəне басқа да міндетті төлемдердің 9 түрі, шығындардың 19 бағыты əкімнің құзырына берілген. Соған сай, ауыл əкімдері өздері басқарған округтің «жыртығын жамауы» тиіс. Ол үшін лауазымдағы азамат шебер ұйымдастырушы, мықты менеджер болуы шарт. Сонда ғана тиесілі бюджеттің кілтіне толықтай ие бола алады.Біз тілдескен Қайыржан Мəжиев – мемлекеттік қызметте ұзақ жылдық тəжірибесі бар азамат, есімі Жайық бойындағы елге етене таныс.

Бұған дейін аудандағы 4 ауылдың тізгінін ұстаған ол – 2017 жылдан бері Бақсай ауылдық округінің əкімі. Аумағы ауқымды, бір қиырын қарт Каспийге шайғызған, бір шеті Батыс Қазақстан облысымен шек-тескен əкімшілік аумақтың орталығы – Таңдай ауылы. Көздіғара, Есмақан, Томан ауылдары – 2794 тұрғынға құтты мекен. Тəжірибесі мол əкімнен осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін сұрадық.

– Төртінші деңгейлі бюджетке қатысты арнайы оқу орталықтарында 2014-2015 жылдары базалық алғышарттар, екінші кезеңде нақты заңдылық тұрғысында білім жетілдірдік. Ауылдағы өзін-өзі басқару жергілікті қоғамдастық арқылы жүргізіледі. Оның жұмысы Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» заңымен реттелген. Ауыл бюджетін қалыптастырып, зерделеу, қадағалау жəне орындалуын бақылауды бөлек жи-ында сайланған жергілікті қоғамдастық мүшелері жүзеге асырады, – деп, жалпы-лама мағлұматтан хабардар етті.

Негізінде, ауыл бюджетін республи-ка Бюджет туралы кодексіне енгізілген қосымша баптарға сəйкес трансферттер, мемлекеттік субсидиялар, салық жəне салық емес түсімдерден жиналған қаржы құрайды. Ауыл үшін оның тиімділігі – еркін қалдық қаржыны жергілікті қоғамдастық өзі шешіп, өзі жұмсайды.

Мысалы, Бақсай ауылдық округі бойын-ша 2019 жылғы еркін қалдық көлемі – 22 миллион 59 мың теңге. Сол қаржыны қоғамдастық жиынының хаттамасына сай, округтегі қажеттіліктерге – мəдениет үйі мен балабақшаның материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, соғыс боздақтарына арналған мемориалдық ескерткішті жөндеу, жаңадан транс-форматор қондырып, көшелерге Led жарықтандырғыштар орнату, ойын алаңдарын жөндеп, қосымша ойын құрылғыларымен толықтыру, Томан ау-ылын ауыз сумен қамтуға жұмсалған. Ал, биыл 9 айда салық жəне салық емес түсімдерден 34 миллион теңге жинақталған.

Қ.Мəжиев бюджетке иелік етудің тиімді тұсымен қатар, қайта қаралуы қажет бағыттары барын да жоққа шығарған жоқ.– Заңнамада көріп, біліп отырған жайтты дереу шешуге қолбайлау болар кемшіліктерді атап көрсеткен дұрыс. Əкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 729-бабының 3-ші тармағы бойынша ауылдық округ əкіміне хат-тама толтыруға мүмкіндік берген-мен, əкімнің құзыреті жетпей қалатын жері бар.

Мысалы, «барлық қуаттағы қазандықтардың жылу-механикалық жабдығын жəне магистральдік, орамішілік жылу желілері, ауылдық округтердің аумағында жасалған əкімшілік құқық бұзушылықтар үшін əкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға жəне əкімшілік жазалар қолдануға құқылы» дегенге қалай түсінуге болады?

Менің ойымша, əуелі «əкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша əкім айыппұл салып, қосымша қаржы түсіреді» дегенді əлі қарастыру қажет. Өйткені, «бір атым насыбайдан көңілі қалатын» қазақ екенімізді, «бір күн ұрыстың қырық күн кесірі болатынын» ескеруіміз керек. Əкім алтын уақытын тəртіпсіз тұрғынмен соттасып, сот жағалап жүруге жұмсамауы қажет деп есептеймін.

Қазір көрсетілген баптар бойынша ауылдың учаскелік полиция инспекторы айып салып отыр. Ауылдық округ бюджетіне қаржы түсіру керек болса, айыппұлды сол ауылдық округтің есепшотына аударса жеткілікті. Бізде құқықтық мəселемен айналысатын заңгер штаты жоқ. Сосын негізгі кіріс көзі – салық жəне салық емес түсімдерден жиналатын болғандықтан, міндетті түрде салық инспекторы штаты қажет, – дейді тəжірибелі əкім.

Ілкімді істегі іркілістер

Төртінші деңгейлі бюджетті жүзеге асыру мақсатында республика бойынша ортақ саналатын бірнеше түйткіл бар. Мəселен, аудандық, ауылдық мектептер мен балабақшалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, уəкілетті орган ретінде аудандық білім бөлімі басшылық жасап отыр. Ал, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, білім беру мекемелерінің барлық құзыреті – облыстық білім беру басқармасына берілмек. Сонда ауылдағы мектепті жөндеу туралы айтпағанның өзінде, ұсақ-түйек кеңсе тауары үшін облыстағы басқарманы мазалайды. Демек облыстағы 200-ге тарта мектептің жоқжітігін түгендеп отыруға облыстық басқарманың мұршасы жете ме?! Оған қыруар балабақшаны қосып қойыңыз. Сонда…

– Денсаулық сақтау басқармасына тікелей бағынатын аудандардағы емдеу-сауықтыру мекемелерінің қиын халі халыққа жақсы мəлім. Мысалы, Таңдайдағы 2014 жылдан бері азыптозып, бос тұрған ескі аурухананың « ж ы р ы н » о бл ы с т ы қ д е н с аул ы қ басқармасына айта-айта мезі болдық. Ауылдық емханаға бір WI-FI алуға облыстан ақша сұрап отыр.

Біз сөз еткен Бақсай ауылдық округіндегі балабақшаға қоғамдастық мүшелерінің ұсынысымен 2 миллион теңгені əпсəтте шешіп бердік. Мекемелердегі ахуалды күнделікті көріп отырған соң, күрделі түйіннің күрмеуін дереу шешуге тырысып жатырмыз. Егер қаржыландыруға қабілетіміз жетпесе, «ауыл тұрғындарының мұқтажын өтейтін іске қаражат таппай, сарсаңға салынамыз ба?» деген ой да мазалап жүр, – дейді Қ.Мəжиев.

Ауылға қатысты бұдан басқа да біраз мəселе бар екен. Көше жарығы, сумен қамту, қоқыс тазарту секілді тұрмыстағы басты мəселелер мемлекеттік сатып алу заңдылығына сай шешімін тауып отыр. Бірақ, байқау жеңімпазы республиканың басқа облысынан болуы мүмкін. Кейде түрлі себептерге байланысты қызмет көрсетуде жауапсыздық танытқан мердігерді жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу үшін соттасуға тура келетіні рас.

– Қыруар құжат толтырып, сотқа қатысуда аса мұқияттылықты талап ететін осындай шақта басқа шаруа ақсап жатады. Сондықтан, ауылдық округтерде қоғамдастық жанынан шаруашылық жүргізу құқығы бар арнайы құрылым ашуды қарастыру қажет. Оның иелігіне сенімді басқаруға арнайы техника алып беріп, ауыл-аймаққа қызмет көрсетуге, өзін-өзі қаржыландыруға мүмкіндік туғызған жөн.

Егер ондай мекеме құрылса, дала өртін сөндіру, қыс маусымында қар аршып, елді мекендер арасында байланыс орнату, жауын-шашынды кездерде жедел іс-əрекетке мүмкіндік туар еді. Ал, қазір қажеттілік туындаса, ауданнан сұратып отырмыз. Өз қауқарымызды білгендіктен, шаруа қожалықтарына жалыныштымыз. Олардың да мүмкіндігіне қараймыз, бірден ыңғай білдіре қоймай түрлі сылтаулары көбейеді.

Осыған орай, ауыл бюджетін пайдалану мүмкіндігін қарастыру туралы тиісті министрлікке жолдаған сауалыма «Жоқ» деген жауап алдым. Уəжі – төтенше жағдай кезіндегі іс-шараларға қаражат аудан бюджеті арқылы қарастырылған, бюджеттен басқа шығындар қарастыру заңсыздық болып саналады. Сондықтан, шұғыл қимылдау үшін төртінші деңгейлі бюджетке арнайы ерекшеліктер берілсе,- деді əкім.

Жұмсай білу де – өнер

Ауыл бюджетін қалалық жəне аудандық мəслихаттар жергілікті қоғамдастықтың келісімімен бекітеді. Демек өкілді органның құзыреті қаншалықты болмақ? Осы сұрақтың жауабын біз облыстық мəслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллиннен сұрадық.

– Бұл жерде мəселе əкімшілік аумақтың ерекшелігіне байланысты. Мысалы, Мақат ауданында Доссор кентінің бюджеті 361 миллион теңге, Бəйгетөбе ауылының бюджеті 30 миллион теңгенің шамасында. Бұл қаражаттың төрттен үш бөлігі аудан бюджеті есебінен бөлінген. Демек ауылдық округтердің кіріс көздерінен түсірген түсімі жалпы бюджеттің 20-30 пайызын ғана құрайды. Ал, кірістің негізгі көзі – кəсіпкерлік субъектілерінен түсетін табыс, жер, мүлік, көлік салықтары.

Қазір Ұлттық экономика министрлігі осы бағытта бірқатар реформа жасауды көздейтін «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын» дайындап жатыр. Құжатты əзірлеу мақсатында министр жетекшілік ететін құрамында облыс əкімдерінің орынбасарлары, кейбір аудан əкімдері бар жұмыс тобы құрылған. Ауылдық деңгейдегі билік дербестігі, жергілікті мəселелерді шешудегі əкімнің құзыреті, жергілікті қоғамдастықтың ролін арттыру осы құжатпен нақтыланбақ, – деді хатшы.

Ауыл əкімін тікелей сайлау демократиялық өзгеріске жол ашатынын атап өткен Өмірзақ Зиноллаұлы дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде тұрғындар өздері қарым-қабілетін жақсы білетін, аумақтың ерекшелігі мен ахуалына əбден қанық үміткерді сайлауға мүмкіндік алатынына айрықша ден қойды. Атырау облысы бойынша 68 селолық округ, аудандық маңызға ие 1 қала (Құлсары) бар. Аумақ саны жағынан Құрманғазы ауданы көш бастайды, 19 ауылдық округке бөлінген. Қызылқоға ауданында – 10, Махамбет ауданында – 9, Жылыой, Индер, Исатай аудандарында – 7 округтен, Атырау қаласында – 6, Мақат ауданында – 3 əкімшілік аумақ.

Тиісті заңнамаға сəйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын саны 2 мың адамнан асатын 46 ауылдық округ жəне аудандық маңызы бар Құлсары қаласы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 22 ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың IV деңгейлі бюджеті енгізіліп, коммуналдық меншік қалыптасты. Облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасы берген мəліметке сүйенсек, биылғы 1 тамызда жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына ашылғаннан бері 1 млрд. 884 миллион теңгеден астам қаржы түсіпті. Оның 1 млрд. 801,2 млн. теңгесі – 6 түрлі салық бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілген трансферттер.

Шотқа түскен қаржының 73,5 пайызы, яғни 1 миллиард 384,9 миллион теңге жарықтандыру, су құбырын жөндеу, спорт жəне балалар алаңдарын салу, жобалаусметалық құжаттамаларды дайындау, санитарлық тазалық пен көгалдандыру, мəдени шаралар өткізіп, ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу, жол белгілерін орнату, арнайы техника жалдау, мотопомпа сатып алу, жылу қазандығы ғимараттарына өрт қауіпсіздігі үшін дабылқаққыш орнату секілді қажеттіліктерге жұмсалған. Биыл осы 69 округтің бюджеті жергілікті қоғамдастық мəжілісінде келісіліп, қала, аудан мəслихаттарының шешімдерімен 12 миллиард 286,7 миллион теңге болып бекітілді.

Күтілер нәтиже көп

Елбасының бастамасымен республикада жүзеге асқан көптеген жобалар ел игілігіне қызмет етуде. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Оның мəн-маңызына мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында да арнайы тоқталғаны жұртшылықтың есінде. Жобаны жүзеге асыру үшін бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жылда 90 миллиард теңге қаржы қарастыруды Үкіметке тапсырып еді. Жеті жылда 130 мың жаңа жұмыс орынын ашу арқылы 7 миллион халықтың тұрмысын түзеу межеленіп отыр. Бұл – ауылдың əлеуметтік ортасын жаңғыртуды көздейтін мақсатты қадам.

Əлеуметтік жəне инженерлікинфрақұрылымды жақсарту арқылы ауылды өркениет талабына сай дамыған ортаға айналдыру, тұрғындардың тұрмысы мен өмір сүру деңгейін жақсарту, жастардың ауылда тұрақтап қалуын көздеген жоба аясында былтыр Индербор кентінен үш қабатты ескі үйлерге реконструкция жасалып, айналасы абаттандырылған. Көшелерге асфальт төселіп, саябақтар қалпына келтірілді жəне көп балалы отбасылар үшін «Ару Ана» жаңа тұрғын үй кешені салынды.

Сондай-ақ, Аққыстау мен Махамбет ауылдарында да ауылішілік жолды асфальттау жұмыстары жалғасып, əлеуметтік нысандар мен тұрғын үйдің саны артты. Ауылдың келбетін келтіретін өміршең жоба əлі жалғасып жатыр. Биыл облыстағы 6 тірек елді мекенінде 11 жоба басталды. Жанбай, Жарсуат, Құрманғазы, Нұржау ауылдары мен Мақат, Индербор кенттеріндегі жоспарлы жұмысқа қазынадан 3,7 миллиард теңге бөлінді.

ТҮЙІН: ‚

Әр қазақтың кіндігі байланған алтын бесіктің ажарлы болуы – ел мерейі. Халқының тұрмысы тәуір, бірлігі бекем, кәсібі мығым, табысы тұрақты болуы жолындағы жұмыстар өміршең болғай. „Өйткені, ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді…

Гүлжан ƏМІРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз