«Атырау-Астрахан» тасжолының бойына демалыс алаңдары салынбақшы
Қазір «Атырау — Астрахан» тасжолында қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
Жөнделіп біткен соң аталған автожол үшінші санаттан екінші санатқа өтеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Болатбек Айтбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау — Астрахан» күре жолында демалыс алаңдары салынады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жол бойына жылы әжетхана орнату да жоспарда бар. Олардың саны мен қай жерде салу мәселесін қоғам талқысына саламыз. Яғни, демалыс алаңы мен әжетханаларды салуда халықтың сұранысы мен тұтыну деңгейі ескеріледі. Одан бөлек тасжол бойында су өтетін құбырлар мен малға арналған өтпе салу қарастырылған. Биыл Атырау облысында жол жөндеу жұмысына бюджеттен 56 млрд теңге бөлінді», — деді Болатбек Айтбеков «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.
Оның айтуынша, Атырау облысында республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1125 шақырымды құрайды.
«Бүгінде Атыраудағы республикалық маңызы бар жолдардың 83 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Қайта жөндеу жұмысынан өткен жол учаскелері мемлекеттік талдаудан сүрінбей өтсе, шетінен пайдалануға беріледі. Өйткені, жөндеу жұмысы бірнеше учаскеде жүріп жатыр. Жалпы жоспар бойынша «Атырау — Астрахан» тасжолы 2023 жылы толық пайдалануға беріледі», — дейді ол.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, «Атырау — Астрахан» автожолы Махамбет, Исатай және Құрманғазы ауданы аумағын жалғайды. Одан әрі жол Ресейге тартады.
***
«Біз қазір «Атырау — Астрахан» тасжолында тұрмыз. Жолдың жалпы ұзындығы — 277 шақырым. Оның ішінде 60 шақырымына бүгінде асфальт төселді. Қазір қалған 217 шақырым жолды қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары 4 учаскеге бөлінген. 500-ден астам жұмысшы 400 шақты техниканың көмегімен еңбектеніп жатыр. Құрылыс материалдары көрші Маңғыстау және Ақтөбе облысынан жеткізіледі. Материал жеткізуде вагон санының аздығы байқалады. Жол ұзақ, кейбір аймақтарға теміржол қатынасы бармайды. Бұған дейін «Атырау — Астрахан» үшінші санатты болса, енді екінші санаттағы тасжол салынып жатыр. Жолдың ені бұрын 7 метр болса, енді 9 метрге жетеді», — деді Болатбек Айтбеков БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.
Филиал басшысының дерегінше, биыл осы жолды салуға және жөндеу жұмыстарына 30 млрд теңге қаржы бөлінді.
«Бұл жолды салу 2020 жылы басталған. Дегенмен жобада жергілікті жердің ерекшелігі ескерілмеген соң мердігер компаниялар жобаны қайта қарады. Биыл жылдың соңына дейін жолдың біраз бөлігіне асфальт төсеп, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде басты мәселе — құрылыс материалдары уақытылы жетсе және ауа райы қарасып тұрса болғаны», — дейді ол.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Ақтөбе – Орал – Атырау» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыс бойынша БАҚ өкілдеріне тур ұйымдастырды.