Атырау мұнайшылары «қара алтын» өндіруді онлайн жүйеде бақылайды

034 Экономика

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы тамызда Атырауға сапары барысында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында іске қосылған интеллектуалды кен алаңы деп аталатын  инновациялық технологияның жұмысымен танысты.  Интеллектуалды кен алаңының  өзгелерден  қандай ерекшелігі бар?

034

Алдымен айтарымыз, жаңа инновациялық технология – трансформациялау бағдарламасы аясындағы қанатқақты жобаның бірінші кезегі. Интеллектуалды ұңғымалар біріншіден, деректерді үздіксіз өңдеуге, екіншіден, жедел бақылау және шұғыл шешімдер қабылдау үшін ақпараттар мониторингін қамтамасыз етуге жол ашты. Отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі алғашқы қанатқақты жобаны іске асыру үшін Уаз кен орны таңдалды. Өйткені, бұл соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа кен орындарының  қатарынан саналады. Яғни, 2012 жылдан бері аталған кен орнынан «қара алтын» үздіксіз өндіріліп келеді. Мұндағы мұнай қорының 27 пайызы өндіру жағдайында деп есептеледі. Ал,  сулану үдерісі 59 пайыздың шамасында екені анықталды.

Дегенмен, Уаз –аса үлкен кен орны емес. Мұнай беріп тұрған ұңғымалардың бір-біріне жақын орналасқаны да, жерүсті жабдықтары мен эксплуатациялық тізбектің техникалық ахуалының қанағаттанарлық  деңгейде болуы да жаңа инновациялық технологияны іске қосуға қолайлылық туғызыпты. Айтқандай, мұнда әр жыл сайын жаңартылатын геологиялық-гидродинамикалық модель құрылып, өндірілетін өнім жөнінде бөлек есеп жүргізіле бастады. Сөйтіп, бастапқыда кен орнындағы 8 штангалы сорапты ұңғымаға интеллектуалды басқару стансасы орнатылып, ақпарат жолдау тетігімен, динамографтармен және басқа да сандық құрылғылармен жабдықталыпты. Осындай стансалар 23 электрлі винттік сорапты ұңғымаларға да орнатылып, қажетті жабдықтармен қамтылды.

«Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесіндегі бақылау орталығында интеллектуалды кен орнындағы жұмыстар жөнінде жинақталған ақпараттың барлығы талданып, бақылау жасалады. Мұнда кен орнынан қабылданған ақпараттар сақталады. Өндірістік есептер, мониторинг жүргізетін талдау жүйесі тіркеледі. Тіпті ақпараттың барлығы үлкен экранда кен орнынан барлық өлшемдер бойынша  онлайн жүйесінде көрінеді. Интеллектуалды кен орны өндірістік қатерлерді төмендетеді. Сондай-ақ, апаттық жағдайларды алдын-ала ескертеді.

Интеллектуалды кен алаңындағы жұмыстарды онлайн жүйеде басқару технологиясынан қандай нәтиже күтуге болады? «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы  Әнуар Жақсыбековтің пікіріне сүйенсек, жаңа инновациялық технология арқылы электр энергиясын үнемдеу   30 пайызға жетіпті.  Ал, Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Уаз кен алаңынан мұнай өндіру көлемі 1-2 пайызға артатыны күтіліп отыр. Бұл жобаның мақсаты –ұңғыма жұмысын қалпына келтіру уақытын азайтып, жөндеуаралық кезеңді арттыру, энергия тұтыну тиімділігі және ұңғыманы жөндеуге кететін шығыстардың үлесін төмендету. Осылайша, кен алаңындағы инновациялық жоба жедел бақылау және шұғыл шешім қабылдау үшін мәліметтерді үздіксіз өңдеу мен ақпараттарға мониторинг жасауды қамтамасыз ететін технологиялық параметрлер мен бағдарламалық кешенді басқарудың жиынтық құралына айналып отыр.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз