Жарнама
Экономика

АТА-АНАДАН ҚАШҚАНДАР

Шикілігі көп деп, депутаттар тарапынан бірнеше рет Үкіметке кері қайтарылған бұл құжат негізінен хан сарайындай зәулім үйі мен қымбат көлігі бар қалталыларға тікелей қатысты. Мәселен, меншігінде құны бір миллион доллардан асатын баспанасы бар азаматтарға, сондай-ақ, көлемі 4 литрден жоғары көлік алатындарға да енді салық еселеніп отыр. Тағы бір жаңалық, аталмыш заңда жылдар бойына игерілмей бос жатқан жер телімдері, спирттік ішімдіктер мен темекіге де салықты көтеру көзделген.
Салық саласына осындай өзгерістер енгізуге не себеп болды? Осы сұрақты Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбековке қойған едік. Бізбен телефон арқылы болған әңгімеде депутат «бюджетте қаражат жетіспей жатыр. Сол себепті де Парламент салықты көтеруге мәжбүр» дегенді айтты. «Негізі HUMMER, LAMBORGHINI секілді көліктердің көлемі кішкене түрлері де бар. Сондықтан, бұл жерде көлемнен гөрі, көліктің бағасына баса мән берілуі керек еді» деген депутат «көлеңкелі экономикада, шетке ұрлық жолмен кетіп жатқан қаржыларға бақылауды күшейтіп, ел бюджетіне қайтаруға жұмыстану керек» деп кесіп айтты. «Аталмыш заң қабылданған жағдайда жылына мемлекет қазынасына салықтан 22 млрд. теңге түседі деп есептеп отырмыз. Ал, біреулер қалтасына 60 миллиардтан астам ақшаны басып алып, шетке оңай қашып кетіп жатыр. Мемлекет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін тегін астау емес қой» дейді ол.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары «Әке-шешесін қарттар үйіне өткізгендер алимент төлесін» деген ұсыныс айтып жатыр. Депутаттардың мәліметінше, бүгінде еліміздегі қарттар үйінде жеті жарым мыңнан астам қария бар екен. Олардың басым бөлігін өзі өсірген ұл-қыздары өзекке теуіп, қарттар үйіне тастап кеткен. «Сондықтан, жауапкершілікті сол балаларына заң жүзінде жүктеу керек. Бұл қосымша түскен қаржыға әлеуметтік үйлердегі материалдық-техникалық жағдайды жақсартуға болады. Әрі, әке-шешесін тірісінде керек қылмай, тек бақилық болғаннан кейін жиған-терген зейнетақысына оңай иелік ететіндерге тыйым болуы керек» дейді депутаттар. Бұл ұсыныстың қаншалықты жүзеге асуы мүмкін екендігін Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жамбыл Ахметбековтен сұраған едік. «Бүгінде қарттар үйі жетіспей жатыр. Орын аз, тіптен жоқ деуге болады. Қарттарын қазынаға балаған қазақ едік қой. Өткен тарихымызда қай қазақ баласын тастап, әке-шешеден безген еді? Алиментті енгізу арқылы біз, ең алдымен, қазақ жастарын осындай безбүйректіктен сақтандырғымыз келіп отыр. Бұл қадам қарттар үйінің азаюына алып келуі бек мүмкін», — дейді ол. Ал, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева «зейнетақының 50 пайызын ба, 70 пайызын ба Үкіметке беру керек. Ол қаржы әлеуметтік үйде қызмет істейтін адамдарға, өздеріне қажетті жабдықтарды қамтамасыз етуге жұмсалады» деген ұсынысын айтуда.
«Мың асқанға бір тосқан» демекші, әке-шешеден безінгендерге осындай жолмен болса да, сабақ беріп қойған дұрыс-ау.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button