Жарнама
Экономика

«Қашаған» жобасы – Қазақстанның жеңісі

Тәуелсіз елімізбен бірге Атыраудың да аты жаһан жұртына танылды. Жалпы, Атырау – Елбасының айрықша назарындағы өңір десек, ақиқаттан алыстай қоймаймыз. Олай деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен жер астындағы ен байлықтың бірі – мұнай мен газдың үстінде отырса да, ел тәуелсіздік алғанға дейін оның қадірін сезіне алмаған өңір тұрғындарының ыстық ықыласымен байланыстыруға болады. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы Атыраудың да қарқынды өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына баса көңіл бөліп келеді. Сөйтіп, ел экономикасына инвестиция құюға ықыласты шетел инвесторларының көшін Атырауға бұрды. 

kashagan-1

Шетел инвестициясы салынған жобаның бірі – «Қашаған» кен орны. Бұл кен орнының санамалап айтуға болатын ерекшеліктері көп.  Біріншіден, «Қашаған» –Қазақстанның Каспий теңізінде игере бастаған тұңғыш кеніші. Ол осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Кен орнындағы қысым да өте жоғары.

«Кеніштегі мұнай парафинді болып келеді. Мұнай құрамында күкіртті газ да көп, ал, күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең», — дейді мамандар.

Екіншіден, «Қашағанда» 1999 жылдан бері 220 мың метрлік тереңдікке бұрғы ұшы бойлапты. Кеніште бұрғыланған 41 ұңғыманың 20-сы бағалау, 24-і пайдалану мақсатын көздейді. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен.

Үшіншіден, «Қашағандағы» мұнай жасанды аралдар арқылы өндіріледі. Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай селін тасытуға қам жасаған оператор және агент-компаниялар «Қашаған» кенішінде бірнеше жасанды арал тұрғызды. Соның бірі –«D» аралына тоқталар болсақ, мұнда өнеркәсіптік, тұрмыстық  мақсаттағы 41 түрлі нысан тұрғызылған. Аралды тұрғызу үшін Маңғыстау өңірінен 13 миллион тонна тас,  130 тонна металл құрастырмалары, 65 мың тонна темірбетон жеткізіліпті.

Төртіншіден, теңіздегі жұмыстарға  қажетті сан алуан модульдер Ұлыбританияда, Дубайда, Мальтада, Норвегия мен Ресейде құрастырылып, Еділ-Дон каналынан өте алатындай көлемдегі 14 модуль Атырау облысына   су жолымен тасымалданған. «D» аралында апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелер (АҚМК) флоты бар. Бұл апаттық құтқарушы мұзжарғыш кемелердің әлемде теңдесі жоқ. Олар «Қашаған» жобасына арналып жасалған.

Бесіншіден, қазіргі таңда Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, «Қашағанда» өнім өндіру арта түсті. Бастапқыда тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай алынды. Кейін мұнай өндіруді арттыру, оны тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жүргізілді.

Алтыншыдан,  2016 жылдың соңына дейін 1 млн. тонна мұнай және 680 млн. текше метрге жуық газ өндіру көзделді.  Ал, былтыр  8,9 млн. тонна мұнай және 5,6 млрд. текше метр газ өндіру жоспарланды.  Одан кейінгі кезеңде  жылына мұнайдың көлемін 13  млн. тоннаға, ал, газды 9 млрд. текше метрге дейін арттыру көзделген еді.

НКОК компаниясы ұсынған дерекке сүйенсек, «Қашаған» кен орнынан 2016 жылдың  қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін  16 миллионнан астам тонна мұнай өндірілді. Мұнда мұнай құрамындағы ілеспе газдың бір бөлігі кен қабатына кері айдалады. Бір бөлігі тұтынушы нарығына жіберілсе, электр энергиясын өндіру мақсатында да пайдаланылуда. Ал, мұнай құрамынан алынған күкірт экспортқа жөнелтілуде.

«Қашаған» кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Онда 4,5-тен 5,5 млрд. тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн. текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. «Қашаған» қазақстандықтардың игілігін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады, – деп еді Елбасы 2016 жылғы желтоқсанда Атырауға келген сапарында.

«Қашаған» Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. «Эни», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Шелл», Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, «Инпекс» біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. 1998 жылдан бастап отандық 15 мың жұмысшыға кәсіби-техникалық білім беру үшін 250 млн. доллар жұмсалды. Осы уақыт аралығында біз  мұнайшылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық.  «Қашағанда» 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 процентке дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд. доллар болып, 30 процентке жетті. Теңіз операциясына қолдау көрсету флотының базасы, сондай-ақ, мұнай төгілген кезде жұмыс жүргізетін экологиялық база құрылды. Осылайша, біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік. Бұл межемен шектелмей, тезірек оның жобалық қуаттылығын қамтамасыз ету маңызды.

«Қашаған» кенішінен өндірілген «қара алтын» «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына жеткізіледі. Алғашқыда оның көлемі тәулігіне 100-120 мың баррельді құрады. Мұнда мұнай құрамы газ, күкірт, меркаптан секілді түрлі қоспалардан тазартылады. «Болашақ» кешенді қондырғы аталғанмен, оның ірі зауыттан еш айырмасы жоқ. Зауыт тектес қондырғының құрылысына салынған инвестицияның көлемі 23,9 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазір мұнда 400 адам еңбек етеді. Ал, ірі қондырғының қуаты тәулігіне 450 мың баррель мұнайды өңдеуге жетеді. Сонымен бірге, мұнда 6,2 млрд. текше метр газ, 1 млн. тонна күкірт тауарлық шикізат ретінде дайындалады. Кешенді қондырғыда теңіз нысандарынан жеткізілген көмірсутегілер тауарлық қалыпқа дейін өңделеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында  «Қашаған»  жобасының алар орны бөлек. Өйткені, біріншіден,  «Қашаған» – еліміздегі су астынан мұнай өндіру жылнамасының бастауы.   Екіншіден, осы кен орны арқылы еліміздің мұнай қоры да, экспорттық әлеуеті де еселеп артты. Демек,  еліміздің экономикалық қуатын   арттырар «Қашаған» жобасының игерілуі – Қазақстанның даусыз жеңісі.

Жолдасбек Көшербайұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button