Жарнама
Экономика

ӘР ТОҚСАНДА – 30 МЛН. ДОЛЛАР


Қашағанда мұнай бар ма?

Брифинг барысында астаналық журналистердің бірі ортаға осындай тосын сауал тастады. Бәріміз де елең ете қалдық. Сөйтсек, бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қашағанда ешқандай мұнай жоқтығы, демек оған жұмсалып жатқан инвестиция өзін ақтамайтыны туралы хабар таратып жіберіпті. Ешқандай дәлелсіз айтылған желсөз болғанымен, оған кейбіреулер құлақ асқан да тәрізді.

Әйтсе де, Ұзақбай Қарабалин жас журналиске жағдайды байыппен түсіндірді. Шындығында, Қашаған кеніші – мұнайының молдығын әлем мойындаған, соңғы қырық жыл шамасында ашылған ең алып алаң. Сонау жылы Елбасының өзі Шанхай бестігінің кезекті отырысына аттанып бара жатып, Атырауға сәл аялдағанда кен орнына барған. Одан оралған соң әуежайда қазақстандық және шетелдік журналистерге Қашағанның шыныға құйылған алғашқы мұнайын көрсеткен. Сол сурет кейін дүние жүзін шарлап кетті.

Ал, қолымыздағы мәліметтерді басшылыққа алып, өз тарапымыздан қосарымыз – отандық мамандардың тұжырымдауынша, Қашаған кенішінің геологиялық бағалау қоры 35 млрд. баррель. Соның 11 миллиарды алынуға жатады дегеннің өзінде теңіз түбінде тұнған байлық жатыр. Ол қазақ еліне бұйырып отыр. Мұндағы өнім өндіру шырқау шегіне жетіп, жылына 50-75 млн. тонна мұнай алынғанда Қазақстан дүние жүзі бойынша «қара алтынды» ең көп өндіретін мемлекеттердің алғашқы бестігіне кірмекші. Елбасы мұнайшылар алдына осындай міндет қойды. Демек, Қашағанда мұнай бар. Еліміз өз тарихында тұңғыш рет теңіз түбінен «қара алтын» өндіру мүмкіндігіне ие болды.  

Енді Қашаған мұнайын кешіктіргені үшін бүгінде инвесторлар төлеп отырған айыппұл мөлшері аз ба, көп пе – оны сарапшылардың еншісіне қалдырайық. Алайда, инвесторлармен 2012 жылы жасалған келісімде осылай көрсетілген. Әрине, қарапайым қазақстандықтар үшін айыппұл көлемінің өсіп, оның ел экономикасын сауықтыруға жұмсалғаны жөн еді. Бірақ, еліміздің бас мұнайшысының айтуынша, Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар тартып жатқан өзге жаза да аз емес. Мәселен, оларға жергілікті экологтар да қоршаған ортаға қатысты заңдылықтарды бұзғаны үшін үлкен көлемде айыппұл салып отыр. Жақында ғана инвесторлар миллиардтаған ақшаны тағы арқалады. Кенішті игеруге байланысты өзге де шығындары жеткілікті. Сірә, алдыңғы жылы келісім жасалғанда осы жайлар назарға алынған болса керек. Әйтсе де, еліміздің бас мұнайшысының айтуынша, әр тоқсанға 30 млн. доллар айыппұл төлеу — өзгертілмейтін цифр да емес, алдағы уақытта оны қайта қарастыруға да болады. Оның үстіне, кеніштің алғашқы өнімі алынғанда ел бюджетіне төленетін төлем жылына 250 млн. долларға жетпек.

Тесік тұрбаға кім кінәлі?

Рас, бүгінде кеніш тоқтап тұр. Өткен жылғы күзде алғашқы өнімі алына бастағанымен, кейін теңіздегі «Д» аралынан құрлықтағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тартылған қос құбырдың екеуінен де сызат шығып, апатты жағдай орын алды. Бүгінде айдын төсінде 75х45 шақырымдық кеңістікті алып жатқан зор кенішті алдағы уақытта қалайша қауіпсіз игеру мәселесі талқыға түсуде. Қайткенде де, басталған іс аяқталуы тиіс.

Ал, тесік тұрбаға кім кінәлі? Кімнің кінәсінен өнім алу көп ұзамай күрт тоқтатылды? Ұзақбай Қарабалин тексеру жұмыстарының әлі жалғасып жатқандығын айтады. Бірақ, қазір белгілі болып отырғаны – құбырды дәнекерлеу кезінде қажетті технологиялық талаптардың сақталмағаны. Тіпті, қате технология қолданылған да тәрізді. Соның салдарынан теңізден құрлыққа тартылған қос құбыр, яғни мұнай мен газ желісі толығымен қайта жаңғыртылады. Әрине, тұрба төсеу ісімен шұғылданған мердігерлер өз айыбын мойындауға да асығар емес. Сондықтан, отандық мұнайшылар тексеру шараларына шетелдік беделді сарапшыларды да тартып отыр. Егер солар мердігерлердің кінәсін бұлтартпас дәлелдермен мойындарына қойып берсе, тесік тұрбаға айыптылар да анықталады. Әйтсе де, бүгін бір нәрсе анық. Ол — сапасыз төселген құбырды ауыстыру шығынын Қазақстан жағы көтермейтіні. Яғни, бұл шығын келешекте есеп айырысар мұнай көлеміне енбейді.

Әйтсе де, теңізден құрлыққа дейінгі қос желіне түгелімен ауыстыру үшін 200 шақырым шамасындағы тұрба қажет. Тұрба болғанда жәй тұрба емес. Құрамында күкірті бар, аса жоғары қысыммен айдалатын мұнайға төтеп беретін тұрба керек. Қазір оны жасайтын зауыттардың өздері мұндай тауарды қалай шығару қажеттігі жөнінде бас қатырып жатыр. Қанша мықты дегенмен, бұрын-соңды әлем ғалымдары мен мамандарының өздері осындай аса күрделі кенішті кездестірмегені көрініп тұр. Турасын айту керек, мұндағы қолданылмақшы қондырғылардың өздері бұған дейін еш жерде толыққанды тәжірибеден өтпеген. Демек, жұмбағы көп кеніштен кез келген сәтте тосын сый күтуге болады.

Әрине, солай екен деп салымыз суға кетіп, қол қусырып отыруға да болмайды. Қашағанға қыруар қаржы жұмсалды. Таразыға тұтас мемлекеттің беделі тартылды. Әлемдегі ірі мұнай компаниялары өздерінің келешек жоспарларын осы кен орнымен байланыстырды. Биылғы жылдың соңынан бастап кенішті қалпына келтіруге керекті құрал-жарақтардың алды келе бастайды. Соны ретімен пайдаланып, жөнімен жайғастыру керек.

Бензин бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

Бірден айталық – тамызда жанармай құны өзгермейді. Әзірге оны қазіргі күйінде ұстап тұруға мүмкіндік бар. Ал, әрі қарай ше? Еліміздің бас мұнайшысы бағаны қолдан тізгіндеп, күшпен тежеуге болмайтындығын айтады. Байқап қарасақ, бізбен көршілес Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда, Қырғызстанда жанармай құны жоғары. Еуропа елдеріндегі айырма тіпті көп. Сайып келгенде, солардың кейбірінде біздегідей мұнай өндіріліп жатыр. Сонда біз қымбатшылық қыспағында қалғанымыз ба? Ендеше, одан қалай шығамыз?

Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, бензин бағасын тағайындаудың өзіндік ережесі бар. Мәселен, әр айдың ортасында әлемдік нарықтағы мұнай өнімдеріне шолу жасалып, сараптама жүргізіледі. Яғни, қыркүйектегі бағаны белгілеу үшін тамызда тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан, тұтас жылға болжам жасау қиын.

Рас, елімізде шикі мұнай жеткілікті. Биылғы бірінші жартыжылдықта 39,7 млн. тонна «қара алтын» өндіріліпті. Үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылып, өндірістік қуаты арттырылмақшы. Өзімізде Еуро-4 пен Еуро-5 бензиндері болады. Демек, жоғары октанды жанармайға деген сыртқы тәуелділіктен құтыламыз.

Табиғи газ өндіру де былтырғы алты аймен салыстырғанда 102 пайызды құраған. Елді мекендерді жаппай газдендіру нәтижесінде «көгілдір отынды» ішкі нарықта тұтыну көлемі артып, 6,9 млрд. текше метрге жетіпті.

Міне, бір қарағанда, шикізаттан кенде емеспіз. Алайда, халықтың қолындағы автомобиль құралдарының да өсіп отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл күндері көлік міну – асқан байлықтың белгісі емес, күнделікті қажеттілік. Оның үстіне, Қазақстанның мұнай жеткізу жөніндегі өзге елдермен келісімі де бар. Демек, сол шартты да орындауға тура келеді. Жанармай жетіспестігі мен оның бағасының қымбаттау себебі осыдан туындайды.

Қазір елімізге сырттан бензин әкелуге шектеу жойылды. Осы кәсіппен шұғылданатын кәсіп-керлерге ісін кеңінен жалғастыруға мүмкіндік туды. Республикада бұл бағытта оператор ретінде «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» компаниясы тағайындалды. Негізінен бізге жанармай Ресейден жеткізіледі. Қазір осы елмен бензин тасымалдауды реттеу жөнінде келіссөздер жүруде.

Әйтсе де, назар аударатын тағы бір жай – жанармайдың сапасы. Бұл жөнінде, әсіресе, соңғы кезде жиі айтылып жүр. Әрине, оны қадағалау стандарттау және метрология мекемелерінің құзырында болғанымен, Мұнай және газ министрлігі де өзіндік тексеру жүргізіп көрген тәрізді. Әзірге кейбір жанармай құю бекеттерінде қолданыстан қалған АИ-80 бензиніне өзге қоспаны араластырып сатуы жөнінде күдік бар. Егер мұндай жағдай анықталса, кінәлілер қатаң жазаға тартылады.

Қазақстанға санкция қолданыла ма?

Біз Ресеймен тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе, Қазақстаннан тысқа тартылған мұнай құбырларының бәрі дерлік осы ел арқылы өтеді. Ал, бүгінде Украинадағы жағдайға байланысты АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекеттері Ресейге қарсы экономикалық санкция қолданып жатса, ол бізге де әсер етпей ме? Брифинг барысында батыл қойылған сауалдардың бірі осы болды.

Расында да, Атырау-Самара, КТК тәрізді іргелі мұнай құбырлары Ресей территориясы арқылы жүргізілген. Әрі келешекте олардың бойымен «қара алтын» айдауды  кеңейту мүмкіндігі қаралуда. Егер көршілерімізді қыспаққа алған алпауыттар Қазақстанға да қырын қараса, не болар екен?

Алайда, еліміздің бас мұнайшысының болжауынша, АҚШ та, Еуропа елдері де мұндай қадамға бара қоймас. Сайып келгенде, Қазақстандағы мұнай саласында еңбек етіп жатқан инвесторлардың дені сол мемлекеттерден. Ендеше, өздерінің отандастарына қысастық танытып, олардың табыс тауып отырған бизнесіне тосқауыл жасамас.

…Міне, бүгінде еліміздің мұнай мен газ өндірісі саласында қалыптасып отырған ахуал осындай. Қазақстан экономикасы, қайткенде де, көмірсутегі шикізатын көбірек өндіріп, экспортқа тиімді бағасына тасымалдауға тәуелді. Ал, тереңдете өңдеп, қажетті өнімдер алып жатса, тіпті жақсы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button