Жарнама
Экономика

«Алтын сандық» ашыла бастады

Қазыналы индерге инвестиция келе бастады. қайта түлеген  «индергипс» жшс-нің өндірісі соның мысалындай. 

Жақында Индер байлығын игеріп жатқан осынау іргелі кәсіпорында болып, аталған серіктестіктің жаңа басшысы Нұртай Әлиевпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

img 0290
Screenshot

Адамды робот алмастырды

Осыдан екі жыл бұрын жаңа инвестор Индердегі гипс зауытын сатып алған еді. 

– Өндіріс орнында өнім сапасын арттыру үшін заманауи технологиялар мен автоматизация жүйелерін енгізу өте маңызды. Бұл әдістер өндіріс процесін оңтайландырып, адам күшін азайтады. Индердегі гипс зауытының заманауи технологиялар мен автоматизация жүйесіне бірқатар жаңашыл өзгерістер енгізіле бастады. Мысалы, былтырға дейін қапталған өнімдердің бәрі қол күшімен жиналып келген. Қазір адамның еңбегін жеңілдету мақсатында қапшықталған өнімдерді текшелеп жинап шығаратын арнайы автоматты станса іске қосылды. Қазір бұл қызметтің бәрін робот жинап, сыртын  паллетайзермен орап беріп тұр. Бұрын дайындалған гипс өнімдерін қаптау үшін қол күші қажет болатын. Оның бәрі де автоматтандырылған жүйеге ауыстырылды. Жалпы зауыт толықтай автоматтандырылған. Бәрі компьютермен басқарылады. Сондай-ақ қажетті арнайы жүк тасымалдайтын көліктер де алынуда. Яғни компания біздің зауыттың нарықтың бәсекесіне сай қалыпты жұмыс жасауына барлық жағдайды жасап, қомақты қаржысын құюда, —  дейді серіктестіктің басшысы Нұртай Нұржанұлы.

Өндірістік алаңда тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс жүруде. Күніне 12 сағаттық ауысымында 150 тонна өнім шығарылады. Өндірілген гипс өнімі қоймада сортымен қатарласып жинаулы. Одан әрі кезегімен зауытқа келіп тұрған теміржолдың вагондарына тиеліп, еліміздің өзге аймақтарына жөнелтіледі. 

Қазір кәсіпорын гипс өнімдерінің негізгі бөлігін Индер–Мақат теміржолы арқылы тасымалдауда. Әттеген-айы, аталған теміржол желісі әбден тозып тұр. Ескі жолмен жүк тасымалдау қиындап бара жатқандықтан, аудандағы басқа кәсіпорындар да өнім көлемін еселей алмауда. Егер де Атырау – Орал теміржолы уақытында салынған болса, өңіріміздің көліктік-транзиттік әлеуеті артып, осындай іргелі кәсіпорындардың дамуына  тың серпін берер еді.

«ИндерГипс» ЖШС-і өткен мамыр айында ескі теміржол жүйесімен тасымалдауда қиындықтарға кезіккен екен.  Қазір қайта жағдай түзеліп, істері оңынан жүруде. Сондай-ақ серіктестік басшысынан гипс өнімдерін зауыттан жүк көліктерімен алып отырған тұтынушыларының да бар екенін білдік.

Өнімнің сапасы ерекше

Қайта түлеген гипс зауыты бүгінде түрлі өнім түрін шығарып отыр. Мысалы, құйылмалы еден төсемі – кәсіпорынның беткеұстар өнімі. Қазір бұл өнімге деген сұраныс жоғары.  Оның басқа құйылмалы еден төсемдерінен айырмашылығы оны құйғаннан кейін аз уақытта-ақ қатып қалады екен. Әрі тегіс құйылады. Ал цементпен құйылу әуелден құрылыста кең таралғанымен толыққанды кебуі үшін құрылысшылардың бірнеше күн күтуіне тура келеді. Жалпы ішкі сылақ түрлерінің 4 түрі бар. Оның ішінде алғашқы сылағынан бастап, тегіс жағылғанға дейінгі түрлерін өндіруге болады. 

– Нарықтық бәсекеде біз көпке әйгілі болған «Волма» сауда маркасын пайдаланып отырмыз,- дейді серіктестік басшысы Нұртай Нұржанұлы. 

Аталған құйылмалы еден төсемінің салмағы  25 келі  болса, басқа сылақ өнімдерінің салмағы 30 келіден аспайды. Яғни тасымалға да, сылақшыларға да жеңіл жасалған. Қазір гипс зауытынан шыққан бұл өнімдердің бәрі  жергілікті сауда орындарына да саттыққа шығарылып отыр. 

Жылдың басында зауыт өнімдері экспортқа да шығарыла бастаған.   

– Қазір нарықта құрылысқа арналған құрғақ қоспалар шығаратын зауыттардың өнім түрлері көп. Бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан біз ең бастысы сапаны арттыруға, қызмет көрсету деңгейін көтеру мәселесін алдыңғы кезекке  қойып отырмыз. 

Сондықтан сапаны арттыру үшін Ресейден арнайы тәжірибелі маман алдырттық. Ол гипс өнімдерінің жүйесін өте жақсы біледі. Мақсатымыз – елімізде құрғақ қоспаларын шығаратын 15 зауыт болса, соның алғашқы үштігіне кіру.

Қазір зауыттан шыққан Индердің гипс өнімдері негізінен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал сынды еліміздің батыс аймағын қамтып отырса, енді елдің оңтүстігіне қарай кіріп, Қызылорда аумағына өнім жеткізе бастадық. Алдағы уақытта сапаны арттыруды әлде де жоғарылата алсақ, нарықтың ауқымын бұдан да көбейтуге мүмкіндігіміз бар.  

Сапалы өнім шығару үшін шикізаттың да сапасы жоғары болуы керек қой. Қуантарлығы, бәсекеге қабілетті өнім өндіруде Индер гипсінің сапасы өте жоғары. Міне, өнімдерімізде Индердің гипс зауытында шығарылғаны заң талаптарына сәйкес жазылып тұр,-деді серіктестік басшысы.

Мақсат – айқын, жоспар – анық

Зауытта алдағы жылдардағы инвестициялық жобалардың қатарында  өнімді көбейту мақсатында арнайы қойма салу, тасымал үшін  вагонның санын арттыру және зауыттың ішкі күрделі жөндеу  мәселелері сынды іргелі істері бар. 

Индер байлығы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап игеріле бастады. Алайда кен аймағының кейбір бөліктері көршілес Батыс Қазақстан облысына еніп кеткені белгілі.  «ИндерГипс» ЖШС-нің қазіргі гипс өнімдеріне  қазып алып отырған кен орны да Индер ауданымен шекаралас жатқан көрші облыстың  аумағына қарайды екен.  

Жоспар орындалса – сыйақы

Қазір «ИндерГипс» ЖШС-нде  барлығы 81 адам тіркелген. Соның ішінде  зауыт басында 75 адам еңбек етуде. Ресейден шақыртылып отырған  бір  технолог маманнан басқасының бәрі жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ  зауыттан шыққан өнімдерді саудалау үшін еліміздің әр өңірінде орналасқан сату бөлімінде бірнеше маман қызмет атқарады.

Серіктестік басшысы  зауыттағы жергілікті еңбеккерлердің арасында  ауысым басшылары Данияр Теміров пен  Бауыржан Қарабалин, бас технолог  Валентин Черников және Асланбек  Мақсотов, Нұрбек  Мақсотов сынды жігіттердің қажырлы еңбегімен көзге түсіп отырғандарын атап өтті. 

– Кадрлардың біліктілігін арттыру да өнім сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда мамандардың біліктілігін арттыру, білімдерін жаңарту мақсатында Ресейдегі басқа зауыттармен тәжірибе алмасу жоспарымыз бар, — дейді ол. 

Кәсіпорында қазір жұмысшылардың орташа жалақысы – 220-270 мың теңге  аралығында.  Жоспар орындалса, қосымша сыйақы беру де қарастырылған. 

Серіктестік басшысы жұмысшылар түскі аспен қамтылғанын, еңбек қауіпсіздігі мұқият сақталатынын, жұмысшылардың арнайы қысқы және жазғы киімдермен толықтай қамтамасыз етілгенін атап өтті. Олардың жұмыс жасауына және демалуына барлық жағдай туғызылғанын қаперге берді. 

–Зауытты кезінде түрік компаниясы салған кезде-ақ экологиялық талаптарға ерекше мән берілген екен. Қазір де біз  бұл талап үрдісінен шығып отырмыз.  Бұған құрылтайшы тарапынан тиісті қаражат бөлінуде. Зауытта адамның еңбегіне, қауіпсіздігіне, экологиялық талаптарға мониторинг жасалып отыр.

Алдағы уақытта зауыттың санитарлық аймағын жасыл желекпен көмкеру мәселелері де жоспарымызда бар. Біздің серіктестік жергілікті  өнерпаздарға, спортшыларға демеушілік көрсетуде. Мысалы, Индердің «Жайдарман» тобының Астанада өнер көрсетуіне қолдау білдірдік,- деді басшы.

Білікті басшы

Нұртай Нұржанұлы – Қызылорда қаласының тумасы. Бұған дейін  еліміздің тау-кен және энергетика саласында еңбек еткен. Экономист және автоматтандырылған жүйелер жөніндегі маман.  Биылғы  жылдың 23 сәуірінен бастап  «ИндерГипс» ЖШС басшысы міндетін атқарып келеді.

– Бұрын  Индердің тұз өндірісінде де  жұмыс жасағанмын. Индердің дәм-тұзы жібермейді екен. Қайтадан жаңа құрылған кәсіпорынға басшы болу бұйырып отырғанын жақсылыққа балаймын.

Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ Қазақ елінің қай жері де ыстық қой. Дегенмен өзім еңбек еткен Индердің мен үшін орны бөлек. Жергілікті тұрғындармен біте қайнасып, әбден   үйренісіп қалдым,-дейді ағынан жарылып.

Түйін

Қазба байлықтың талайын бауырына басқан «алтын сандық» – Индер ауданының экономикасын дамытудағы ең негізгі  бағыт – өндірісті дамыту екені сөзсіз. Бұл тұрғыда  қайта қарқын алған гипс зауыты  аудан экономикасын алға сүйреп,  әлеуетімізді  арттыруға септігін тигізеріне сеніміміз мол.

Саламат БАЗАРБАЕВ, 

суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button