ТМД МҰНАЙ-ХИМИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБА: АТЫРАУДА ПАРАКСИЛОЛ ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында отандық мұнай-химия саласын дамыту мақсатында Атырау облысында қолданыстағы кәсіпорындар базасында мұнай-химия кластерін құру міндетін жүктеген болатын. Осы орайда, Үкіметтік жоспар жасақталып, соның аясында  Атырау мұнай өңдеу зауытында жоғары октанды бензин өндірісінің көлемін арттырып, жылына 133 мың тоннаға дейін бензол және 496 мың тоннаға дейін параксилол   алуға мүмкіндік беретін ароматикалық көмірсутектер кешенінің құрылысы басталған еді.

Осыдан бірер ай бұрын аталған зауыттың хош иісті көмірсутегілер өндіру кешенінде тауарлық бензолдың алғашқы партиясы алынса, енді шығарылатын өнім түрлерінің қатары тағы бір мұнай-химия шикізаты – параксилолмен толықты. Сөйтіп, «отандық мұнай өңдеу саласының тұңғышы» деген мәртебеге ие 70 жылдық тарихы бар зауыт бірінші болып мұнай-химия саласын да бағындырып отыр.

Кешенде тәжірибелік-өнеркә-сіптік сынама барысында  жаңа өнім – параксилолдың  алғашқы топтамасының алынуына орай ұйымдастырылған ресми шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Мырзағалиев және «Самұрық – Қазына» ҰӘАҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ»АҚ, «ҚазМұнайГаз-Өңдеу және маркетинг» АҚ-ынан өкілдер қатысты.  

Хош иісті көмірсутектер шығару кешені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен мұнай-газ саласының шикізаттық емес секторын өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялы өнеркәсіптерді дамыту мақсатындағы 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық  даму стратегиясы, сондай-ақ, 2004 жылы ел Үкіметі бекіткен «ҚР Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту» бағдарламасы аясында салынған.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгін зауыт тарихының жаңа парағы ашылып отыр. Ароматикалық көмірсутектер кешенінің іске қосылуы арқылы елімізде мұнай-химия саласының іргетасы қаланды деуге болады. Бұл бензол мен параксилол өндіріп, аталған саланың өркен жаюына үлкен қадам жасалғанын білдіреді. Бүгінгі қол жеткен жетістік Мемлекет басшысы жүктеген аса жауапты міндеттерді іске асыруға үлесін тигізбек, – деді облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Экспорттық мұнай-химия өнімдерін шығаруға мүмкіндік беретін көмірсутек шикізатын терең өңдеуге арналған дүниежүзілік стандарттарға жауап беретін  мұнай-химия кешендерін құру мақсатында ҚР Үкіметі 2006 жылы «Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерін қалыптастыру және тұңғыш қазақстандық мұнай-химия кешенін құру жөніндегі іс-шаралар» жоспарын бекітіп, ҚР Энергетика  және минералды ресурстар министрлігі мен  «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ-на Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бензол өндірісі жобасын уақытылы іске асыруды міндеттеген болатын. Осы жоспар аясында хош иісті көмірсутектер кешенінің құрылысына 3800 адам жұмылдырылып, 277 адам тұрақты жұмысқа тартылған.

ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Мырзағалиев өз сөзінде бұл ел дамуы үшін айтулы күн екендігін баса айтты. Сондай-ақ, хош иісті көмірсутектер кешенін іске қосу арқылы Қазақстанның ірі мұнай-химия өнеркәсібінің негізі іс жүзінде қаланғандығын мақтанышпен жеткізді.

– Бүгін Қазақстанның мұнай-химия саласы үшін ерекше күн. Бұрын елімізде мұнай-химия зауыттары болмаған. Бұл ТМД мемлекеттері аумағындағы мұнай-химия саласындағы ең ірі жоба болып табылмақшы. Параксилол Атыраудан шыға бастады, алға қарай да бұл жобаны одан әрі дамытып, қосымша тауарлар шығаруды қолға алу жоспарымызда бар. Келер жылдың аяғына қарай еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында бұл жұмыстар  екі кешеннен тұрады.  Біріншісі – бензол мен параксилол шығаратын хош иісті көмірсутектер өндіру кешені болса, екінші – мұнайды тереңдетіп өңдіру кешені келер жылдың аяғында іске қосылады. Ол біздің импорттық тапшылығымызды жойып, жанар-жағармай мәселесін шешпек, – дейді вице-министр.

Шара барысында «Омбы мұнай-химия жобасы» жобалаушы институт атынан сөз алған Ресей Федерациясының федералды кеңесінің мүшесі Игорь Зуга, «SinopecEngineering» (ҚХР) компаниясы өкілдері де сөз алып, бүгінгі үлкен жетістікпен құттықтады.

Зауыттың бас директорының бірінші орынбасары Рүстем Бисалиев аталған жобада ынтымақтастықта жұмыс жасаған компаниялар мен қолдау білдірген жергілікті атқарушы билікке алғысын білдірді.

Жауапты мамандар жаңа өнімді алуға дайындықтарын жеткізген соң, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен вице-министр Мағзом Мырзағалиев параксилолдың алғашқы тобын қазандық паркіне салтанатты түрде жіберіп, алынған өнімді ароматты көмірсутекті өндіру қондырғысының қызметкері, биылғы үздік жұмысшылар арасындағы байқауда озып шыққан Мейірбан Бекқожаев меймандарға жеткізді.

Отандық мұнай-химия саласының дамуындағы бетбұрыс болып саналатын бұл шара атыраулық мұнай өңдеушілерді бұдан да биік жетістіктерге құлшындырары сөзсіз.  Енді келер  жылы   мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысын аяқтап, елді «Еуро-5» стандартына сәйкес келетін мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті тұр.  

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз