Жарнама
Экономика

«АЛТЫН АЛҚАЛЫ» ТІГІНШІ

Тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін осындағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында еңбек етті. Қарапайым еңбегімен, тындырымды ісімен әріптестері арасында абыройлы болған Алмагүл кейін комбинат ғимараты жекешелендіріліп, қызметкерлері таратылып, әркім әр жаққа кеткенде кішкене балаларын бағып-қағып, оқытып, үйде жұмыссыз отырыңқырап қалды.

 Байырғы кәсібімді қайта жалғастырсам қайтеді деген ой да оны байыз таптырмады. Сөйтіп, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 6 пайыздық өсіммен 1,5 млн. теңге несие алып, кәнігі кәсібіне қайта оралды. Өзі тұратын үйінің екі бөлмесінен тігін шеберханасы мен шаштараз ашып, ауылдастарына қызмет көрсете бастады.

«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде ауылда жұмыссыз жүрген Нұржамал Қадірова, Меңсұлу Жароллина, Тілекші Әбіловалар тігіншілік және шаш қию мамандықтары бойынша арнайы курста оқып, апаларының қасына жұмысқа орналасты. Қазір олар ұзатылатын қыз жасауына, төсек көрпеге, түйе жүнінен дайындалған жамылғы көрпеге ауылдастарынан сұраныс  қабылдай бастады. «Үміт» тігін шеберханасы өнімдерінің бағасы да қолжетімді.

— Негізгі мақсатымыз қыз жасауын дайындау, көйлек-көншек тігу, халықтың тілегі бойынша киім-кешекті тарылту, қысқарту жұмыстарын қолға алып, жасап жатырмыз. Жүн болса, ауылдағы қолы бос қыздарды жинап, алға қарай ертеректе әжелеріміз  айналысқан қолөнерді дамытуға, оның ішінде киіз басуға  мүмкіншіліктер бар деп ойлаймын. Жоқ деп алақан жаятын заман емес қой. Алдыңа мақсат қойып, ниет қылсаң, бәрін де жасауға болады. Негізі балаларым да шаш қияды, қыздарым тігін тігеді, -дейді біз сөзге тарқан Алмагүл.

Кәсіпкер болашақта өзінің қызмет көрсететін ғимаратын өсіру арқылы басқа да халыққа қызмет көрсету түрлерін кеңейтуді, төңірегін абаттандырып, көріктендіруді де ойластырып отырғандығын жеткізді. Бұрын шашын қидырту немесе тігінші қызметіне жүгіну үшін қалаға, аудан орталығына баруына тура келетін ауылдағылар енді өз шеберлеріне келіп, қайырын көре бастағаны қуантады. 

 — Қазіргі нарық заманында адамдар үшін нәпақа табудың бір жолы – еңбек ету, кәсіп қылу. Алмагүл осы тігін шеберхананы ашу арқылы біздегі ресми жұмыссыз ретінде тіркелген үш адамды өзіне жұмысқа алды. Аяғынан тік тұрып кететін болса, біздің жұмысымызға да қолдау болады деп ойлаймын. Өйткені,   селолық округ әкімдеріне қойылып отырған талап – өзінің бюджетін жасақтау, қалыптастыру. Бюджет тегіннен-тегін қалыптаспайды, онда да бізге өзінің ризашылығымен төлемақылар бөлетін осындай кәсіпкерлерден де қаражат түседі, -дейді  Қамысқала селолық округінің әкімі Бекболат Мусин бізбен әңгімесінде.                                                                                                                     

Өмірге сегіз ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері Алмагүл Сакупова жары Есенғали Науанов екеуі – өрістерін кеңейткен, немере-жиен сүйген бақытты шаңырақ иелері. Адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатындығын ұғынған Алмагүлдің енді, міне, мемлекеттен несие алып, осындай батыл қадамға баруы шынында да жұмыс жоқ деп үйде отырып қалған біраз замандастарына ой саларлықтай. Ауылдастарының алғысына бөленіп, үмітті ақтай бастаған «Үміттің» қыздарының тындырымды істеріне жұртшылық риза.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген  автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button