ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРҒА – 30 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Үстіміздегі жылы компания Махамбет ауданындағы әлеуметтік жобаларға 30 млн. теңге бөліпті. Жалпы, аудан мен компания арасындағы әріптестік қарым-қатынас 2012 жылы басталыпты. Сол кезде жергілікті атқарушы билік кәсіпорын басшыларына суару жүйесін жүргізуге өтініш білдірген екен. Жайықтың жағасында орналасқандықтан негізінен егіншілікпен шұғылданатын өңір үшін бұл – ең өзекті проблемалардың бірі.
Махамбет селолық округінің әкімі Жақсылық Мүсеповтің айтуынша, бастапқыда компания қаражатына құны 24 млн. теңгелік ұзындығы 14 км. 400 метр болатын жазғы су желісі тартылыпты. Ал, былтыр кәсіпорын тағы да 24 млн. теңге бөліп, сегіз шақырымнан аса құбыр құрылысын жүргізді.
Биыл КТК-Қ компаниясының 25 млн. теңгесіне суару жүйесін жалғастыру үшін тағы да 8 км. 400 метр құбыр тартылды. Осы жерде инвесторлардың алысты ойлаған болжағыштығын да айта кеткен жөн. Олар қосымша бір миллион теңге шығарып, жазғы су айдау жүйесіне екі резервтік қуатты сорғы алып берген. Арнасы жыл санап тартылып келе жатқан Жайықтан су алу үшін бұл аса қажет.
— Мен компания басшылығына жерлестерімнің атынан ризашылығымды білдіремін, — дейді ауыл әкімі. — Расында да, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған су жүйелері әбден ескіріп, қолданысқа жарамай қалған-ды. Егіншілікпен шұғылданатын, бақшаларында көкөніс өсіретін махамбеттіктер үшін суару жүйесі өте қажет.
КТК-Қ компаниясының Махамбет ауданына жасап отырған демеушілігі тек суару жүйесімен ғана шектелмейді. Инвесторлар білім беру саласына да қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, биылғы оқу жылының басында Ақтоғай селосында әп-әдемі қосқабатты 120 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның құрылысына компания 304 млн. теңге жұмсады. Тың ғимаратта спорт залы, асхана, химия және физика кабинеттері, дербес жылыту қазандығы, т.б. қажеттіліктер бар. Енді ауыл балалары қазіргі заманға сай жабдықталған білім ордасында дәріс алады.
Білім беру саласына бағытталған демеушілік мұнымен ғана шектелмеді. Сарытоғай селосында Қ.Қалбеков атындағы орта мектеп бар. Міне, осы оқу орнының жиһазын жаңғыртып, оған қажетті құралдар алуға компания алты миллион теңге жұмсады. Мектеп директоры Айман Смадьярованың айтуынша, 30 компьютер алынған. Ауыл балаларына бұл үлкен сый емес пе?
Жалпы, сонау 1993 жылы салынған білім ұясына бюджет есебінен күрделі жөндеу жасалған-ды. Енді мектеп ине-жіптен жаңа шыққандай сыңғырлап тұрғанда оның жабдықтарын да жаңартқан жөн емес пе? Міне, осы шаруаны КТК-Қ компаниясы өз міндетіне алыпты. Оның үстіне, мектеп басшылығының айтуынша, компьютер де жетіспеген, қолда бары ескірген. Түрлі шаралар өтетін акт залындағы жиһаздар да әбден тозған-ды. Енді мұғалімдерге де жұмыс жасауға жағдай бар, оқушыларға да жақсы тәлім алуға мүмкіндік туғызылды.
КТК-Қ компаниясының жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифееваның айтуынша, алдымыздағы жаңажылдық шараларға да демеушілік жасалмақ. Мәселен, аудандағы қосымша мектеп-интернат тәрбиеленушілерін тамаша сый күтіп тұр. Олар бірер айдан соң бөлмелеріне тоғыз теледидар, жылы киімдер, түрлі тәттілер алады. Тамаша емес пе!? Осы мақсатқа компания екі миллион теңге бөліп отыр.
М.БАЕВ.