Жарнама
Экономика

Әлеуметтік кәсіпкерге қандай қолдау бар?

Өңірде әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды. Атырау облысының кәсіпкерлер палатасында бизнес иелерімен өткен кездесуге «Атамекен» ҰКП төралқасы жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитет төрағасының орынбасары Александр Соболев қатысты.

Александр Соболевтің айтуынша, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Олардың бастамаларын іске асыру үшін арнайы заң да әзірленген. Бизнестің бұл түрі азаматтардың әлеуметтік осал санатының проблемаларын шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ, инклюзивті қоғамды қалыптастыруға үлес қосады. Сондықтан оны дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады.

–Атырауға сапарымыздың мақсаты — жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлердің, түзету орталықтарын жүргізетіндердің, инклюзивті мектепке дейінгі және қосымша білім берумен айналысатындардың, мүгедектер мен азаматтардың басқа да әлеуметтік санаттары үшін жұмыс орындарын құратындардың бастамаларын дамытуды қолдау. Бұл алаңда біз мемлекеттік қолдаудың негізгі шараларын талқылап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы бағыттың көзқарасын тыңдағымыз келеді. Мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірқатар преференцияларға кепілдік береді. Әлеуметтік кәсіпкерлер олар туралы білуі керек, — деп атап өтті әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитет төрағасының орынбасары.

Спикердің пікірінше, бүгінде республика бойынша 1000-ға жуық әлеуметтік кәсіпкер бар екен. Ал Атырауда 36 осындай кәсіпкер қызметін жалғастырып келеді.Десек те, олардың барлығы бірдей мемлекет тарапынан берілетін қолдау түрлерін жетік білмейді. Соның салдарынан, проблемаларға кезігетін көрінеді. Әсіресе, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда мәселе көп.

–Осыдан үш жыл бұрын әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Сол уақыттан бері біз іс жүзінде қол режимінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жүйесін құрып жатырмыз. Қазірдің өзінде мемлекеттің гранттары және әлеуметтік кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау сияқты бірқатар оң нәтиже бар. Бірақ алда әлі де атқарылар іс көп. Ол мемлекеттік органдармен бірлесіп жүруі тиіс. Сондықтан бұл кездесу бизнесті қолдау органдарымен ашық диалог құруға, басқа өңірлердің тәжірибесін талқылауға, «Жарқыра» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан Атырау облысының әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірегей тәжірибесін бейімдеуге, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу үшін қатысушылардың сараптамалық пікірін алуға бағытталған, — деді Александр Соболев.

Кездесу барысында қатысушылар қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде жеңілдіктерді дамыту және әлеуметтік кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары, әлеуметтік кәсіпорындар үшін әкімшілік рәсімдерді оңайлату, әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік көмекті кеңейту мүмкіндіктері сияқты мәселелерді ортаға салды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button